Басылым • 14 Наурыз, 2024

Кітап шығару ісіндегі кілтипан

219 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Басқасын қайдам, баспа ісі дамыған мемлекеттің өркениет өлкесіне өзге елден бір қадам жақын тұратыны ақиқат. Алайда нәшрияттің нәшін келтіріп, қалам иелерін халыққа таныту да – жеңіл жұмыстың бірі емес. Осы тұрғыда Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап ісін дамыту мақсатында бірқатар жобаны ұсынып отыр. Аталған жобаның маңызы мен тиімділігіне тоқталып, жазушылар мен мемлекет қызметкерлерінің пікірін таразылап көрдік.

Кітап шығару ісіндегі кілтипан

Жақында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі жеке парақшасында кітап шығару ісіне қатысты жаңа ережелерді бекіткені туралы үндеу жариялады. Онда сала министрі енді мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітап саны артатынын және өтініштер жылына екі рет қабылданатынын айтты. Жаңа ереже бойынша, әдеби шығарманың көлеміне қарай ақын-жазушыларға грант беріледі. Мысалы, 160 бет кітапқа 4 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Ал кітапты шығарып, сату қаламгердің мойнында болмақ. Авторлық құқық та өзінде қалады. Демек қаламгер кітапты жазумен қатар, сата білуі керек. Ал бірақ жүрекке жеткізе жаза алғанымен, ақшаға өткізе алмайтын қаламгерлер қайтпек? Грантты ұтқан күннің өзінде, баспамен келісіп, оның жарнамасын жасау, өңірлерге жеткізу шығармашыл адамға қиындау болары анық. Бірақ өзіне сенімді жазушыны «Кітабым өтпей қалар ма екен?» деген күмәнді ой мазаламаса керек-ті. Мінекей, осы бір жаңа ереже шығармашылық тұлғаларды шынайы нарыққа бейімделуге шақырғандай. Ал қаламгер қауымның бұл жаңалықты қалай қабылдағаны бізге де қызық.

Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов 30 жылдан бері кітап шығару, жазушының еңбегін бағалау жөніндегі мәселелерде көптеген түйткіл болғанын, болып та жатқанын, бірақ соңғы үш жылда оң өзгерістердің көп болғанын айтады:

– Аида Балаеваның кітап ісіне қатыс­ты алты мәселені көтергені бізді қуантты. Бірақ әлде де толықтыратын тұсы көп. Мәселен, «Қаламақы және авторлық құқық» деген тармақты тарқатайық. Мемлекет 10 баспа табаққа 4 млн ақша берсе, жазушыға әжептәуір көмек. Бірақ осы тұрғыдан келгенде екінші бір мәселе бар. Төрт миллион грант алған қаламгер 160 беттік шығармасын өзі шығарып, өзі тарату керек. Ол тағы мәселе. Сонымен қатар баспада автордан кейін ең маңызды адам – әдеби редактор болуы керек еді. Біз осыны ұмыттық. Өйткені қазір баспаға ақша беріп шығарады. Ал әдеби редактор­мен ешкімнің шаруасы болмай қалды. Міне, осы заңға оның да мәртебесін енгізу керек, – деді Жазушылар одағының төрағасы.

Ал жас жазушы Әлихан Жақсы­лықтың пікірінше, кітапқа байланыс­ты өзгерістер масылдық психологияға негізделген. Ол оқырманы жоқ, сенімсіз жазушылардың айналысар шаруасы.

– Биыл мен екі роман шығаруды жоспарладым. Бірінші романымды келіншегімнің атына несие алып бас­тым. Сатылымға шығардым, бірақ ешқандай дүкенмен келісімшартқа отырмадым. Өйткені кітап дүкендері танымал жазу­шыларды ғана қабылдайды. Әрі олардың түскен пайдадан ұстап қалатын пайыздық мөлшері көп. Сондық­тан өзім жеке парақшамда, доста­рым­­ның парақшасында, әлеуметтік желі­лер арқылы саттым. Бұның бірнеше артық­шылығы бар. Біріншіден, барынша тәуелсіз боласыз. Екінші жағы, кітапты шынайы оқырмандар алады. Яғни мемлекет басып бергендегідей әр жерде жатпайды. Сатып алған оқырман міндетті түрде оқиды, пікір айтады. Оқырмандар да жазушының өз қаражатына басқанына қарап құрмет көрсетеді. Өйткені қазір бәрі шынайылықты жақсы көреді. Мойындаймын, аздап қиналдым. Кітапқа сұраныс өте жоғары. Поштаға бір, таксиге екі, пойызға үш жүгіріп әр облысқа, әр қала, аудан, ауылға жеткізіп жүрміз. Бізде шынайы оқырмандар қалыптасқан және олар көп. Тек қана бар мәселе біздің жазушыларда. Бәрі осындай мемлекет тарапынан болатын дүниеге ауыз­данып алған. Масылдық психология. Ал әдебиет қалыптастыру үшін бірінші оқырманыңды қалыптастыру керек. Одан соң сатылым, одан соң сын, талдау, бағаңды, орныңды, әл-дәрменіңді білу, содан соң қаламақы алу. Дамыған елдерде жазушы жазады, өзі басады, өзі сатады немесе іске команда араласады. Олар осылай ақша табады. Мен Ж.Роулингтің Ұлыбритания билігіне алақан жа­йып отырғанын елестете алмаймын немесе Стивен Кинг Илон Маскке барып «Жасыл Миль» деген кітап жазып едім, шығаруға көмектесіңізші» деп тұрғанын да ойлай алмаймын. Бірақ біз, жазушылар кәсіпкерлерден ақша сұрауға мәжбүр болдық. Бұл неден, неге? Бұл – сенімсіздіктен. «Кітапты өз ақшама бассам шығынға ұшырамаймын ба, өтпей қалса қайтемін?» деген қорқыныштан. Жоқ, қазір кітап өтеді және мыңдаған тиражбен сатылады. Сондықтан қаламақы деген, «аға, көмектесіңізші» деген масылдық психологиядан біртіндеп арылуымыз керек, – дейді Ә.Жақсылық.

Сонымен, жаңа ереже бойынша жазушының өзіне авторлық құқықтың берілуі – бұл кітапты шығару жағынан қиын болғанымен, кейін автордың сол еңбегін ақтайтын оқырманы болса, бұл – өте жақсы. Өйткені кітапхана қоймаларында парақтары ашылмай, оның сатылымына автордың өзі де араласа алмай қалғаннан гөрі шынайы оқырмандардың бағасын біліп, кітабың өтсе де, өтпесе де өзіңе байланысты екенін білген – әлдеқайда дұрыс сияқты. Енді тек сараптама комиссиясында жікшілдікке жол бермейтін ғаділетті қазылар отырса дейміз. Сонымен қатар, Министрлік шығарылатын кітаптарды таразылағанда көпшілікке таныс емес танымдық және ғылыми кітаптардың да жай-күйін ескереді деген ойдамыз.

Кітап ісіндегі тағы бір өзекті мәселе – қазақ тіліндегі кітаптардың аздығында. Айталық, «Meloman» кітап дүкеніндегі қазақша кітаптардың үлесі – 16 па­йыз. Бұл цифр сіз бен бізге аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ кейінгі жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп. Алайда халықтың үлесіне шаққанда бұл – әлде де аз көрсеткіш. Осы орайда Міржақып Дулатұлының 1923 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетіне жариялаған «Баспасөзіміз не күйде?» мақаласы ойға оралады. «Қазақ Республикасында орыспен қазақ саны шамалас деп есептесек, орысша, қазақша басылған кітаптардың да саны қарайлас болу керек еді. Екінші, қазақтың баспасөзге аса мұқтаждығын ескергенде, қазақ кітаптары артығырақ басылса керек еді. Артық болмағанда да кем болмауға тиіс еді. Бұл кемшіліктердің себебі неден? Мұны орыстың қазаққа қылып отырған озбырлығы дейміз бе? Қапелімде осылай көрінуге мүмкін. Бірақ дұрысында, олай емес: бар айып өзімізден, өзіміз­дің шалағайлығымыздан, күшіміз­дің аздығынан, аз күшті пайдалана алмай отырған олақтығымыздан», дейді М.Дулатұлы.

Арада бір ғасыр өтті. Бірақ бұл мәселе толық шешілді дей алмай­мыз. Сайып келгенде дәл қазір баспа мәде­ние­тін көтеру кезеңінде тұрмыз. Қалам иелерінің қалтасын да, көңілін де толтырып, оқырман қауымның ілтипатына бөленетін әлде де жақсы әрі тың жобалар даярланатынына сеніміміз мол.

 

Бекзат ҚҰЛШАР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті