Бұрын балалар жер кепкен бойы асығын майлап, сақасын сайлап, ауыл шетіндегі алаңқайда асық ойынын қыздыратын болса, бүгінде мұның бірі де жоқ. Қазіргі ауыл баласы асыққа аса қызықпайды. Қорғасын құйып, сақа жасауды білмейтін ұрпақ өсті. Ата-әжелер де немерелеріне асық жинамайды. «Біздің Ақтасты өте шағын ауыл. Ауылдағы жалғыз мектептегі оқушы саны көп емес. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде көптеген мектеп оқушысының сабаққа зейіні төмен, есте сақтау қабілеті нашар, көп ойланғысы келмейді. Оқуға құшарлықтың төмендеуі өтпелі кезеңдегі жеткіншектер бойынан көп байқалады. Бұл баланың тұлғалық қалыптасуы мен бойындағы қабілетін бағдарлайтын кезінде зиян әрі болашақ мамандығын таңдауға да кесірін тигізеді. Мектеп психологі ретінде осы мәселе мені көп ойландырып, бала бойындағы енжарлықты асық ойындарына қызықтыру арқылы жоюға болады деген оймен үйірме ұйымдастырдым. Әзірше оқушылар оған сабақтан тыс уақытта келіп қатысады. Екінші жағынан, орта және жоғары сынып оқушылары үшін 5-10 минуттық үзілісте асық ойнатып, сергіту сабақтарын өткіземін», дейді Гүлнәз Тәңірбергенқызы.
Алдағы уақытта «асық терапиясы» бағдарламасын кеңейтіп, элективті курс ретінде жүргізгісі келеді. Элективті оқыту жүйесі бірнеше пәнді қатар жүргізу арқылы оқушының интеллектуалдық, физикалық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Бұл жерде асық ойыны арқылы оқушының қабілетін ашып, бірнеше пән бойынша сабақ үлгерімін бірден жақсартуға көмектесу жоспары тұр. Қазіргі кезде замануи білім – синтезделген білім. Оған баланың ой ұшқырлығы, сыни ойлау қабілетін жетілдіру арқылы қол жеткізуге болады. Үйірмеде асықтарды пайдалану арқылы түрлі логикалық ойындар ұйымдастырып, көптеген көрнекілік құрал жасайды. Ол үшін көп асық керек. Сол үшін ауыл үйлерін аралап асық жинайды. «Мені ортасына қорғасын құйып, қырлаған, табиғи қынамен боялған көне асықтар қызықтырды. Алайда ауылда асық аз екен», дейді ол.
Жас ұстаз ұлттық ойын мектеп жасына дейінгі балалардың ойлау қабілетін, қолының қимыл ептілігін жақсы дамытады дейді. Асық ата білген бүлдіршіннің көзі қырағы, қолы икемді, қимылы шапшаң болады, түстерді ажырата біледі. Төл мәдениетіміздің бір бөлшегі, мыңжылдықтан бері ата-бабамызбен ілесіп келе жатқан асық ойындарының «Хан талапай», бес асық, омпы, тәйке, алшы, қақпақыл сияқты кеңінен танымал түрі бар.
Асықты оқу материалы ретінде де пайдаланудың жолы көп. Әсіресе сергіту ойындары жеткіншекті мейлінше дәл және жылдам атуға ғана емес, іс-әрекет жасар алдында ойлануға баулиды. Былайша айтқанда, баланы ойланып барып, әрекет ет деген қағидаға үйретеді. Гүлнәз түрлі-түсті асықтардың баланың жүйке жүйесін тыныштандыруға көмегі мол дейді.
Ақтөбедегі қала мектептерінде жұмыс жасап, отбасы жағдайымен Әйтеке би ауданының Ақтасты мектебіне келіп, психолог және ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істеп жатқан Гүлнәз Тұрарованың жоспары көп. Шағын жинақты мектепте асық терапиясын мектеп жасына дейінгі даярлық тобына да, бастауыштан бастап жоғары сынып оқушыларына жеке, топтық тапсырмалар өткізгенде кеңінен пайдаланып әр баланы жеке тұлға деп қарайтын жас ұстаз асықтан көрнекілікті оқушылармен бірлесе жасайды. Бұл жерде баланың қиялы көмекке келеді. Сергіту сәттерінде қыз балаларға бес асық, ер балаларға хан талапай, омпы ойнатады. Ақтасты мектебінің мұғалімдері де Гүлнәздің дәрістеріне қызығушылықпен қарайды.
Ақтөбе облысы