Фото: top-news.kz
Іс-шараға өңір зиялылары, мәдениет саласының қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты. Мерекеге жиналған көпшілікке Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет сынды ел мақтанышына айналған ақындар жырдан шашу шашып, бата берді. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбек Амал күнінің нышанын тек сахнадан қызықтап қоймай, тұрмыс салтына енгізу жолдарын қарастыру керек деген ұсыныс айтты.
«Қазақта «Бармасаң, келмесең – жат боласың» деген сөз бар. Бүгінгі іс-шараның тарихи мәні зор. Ел арасы суып бара жатқан кезде ел ағалары алыс-жақын ағайынды қайтсек татуластырамыз деген мәселе көтеріп отырған. Ел мен елді, ағайын мен бауырды жақындастыратынсондай күннің бірі – осы Амал мерекесі. Құлдыраңдаған бала кезімде әжеміз Наурыз мейрамының қарсаңында аяқ-астынан төсек тартып қалды. Атам қанша айналып, толғанса да, еш ем қонбады ма, біраз уақыт басын көтере алмады. Сонымен Наурыз мейрамы басталған жайма-шуақ күндердің бірінде сау етіп ауылға бір топ адам келді. Сөйтсек, олар әжемнің төркіні екен. Бір-бірімен қауышып жатқаны еміс-еміс есімде. Сол кезде әжем басын көтеріп, бірден тұрып кеткеніне таңғалдық. Төркіндерімен он жыл көріспеген екен. «Көріскенде адам ерекше толқиды екен ғой. Жүрек тебіреніп, өзінің дертінен жазылып кетеді екен-ау!», деп едік сонда. Келешекте осы Амал күнін сахнадан өмірге қалай енгіземіз, қайтсек күндердің күнінде өміріміздей болып тұрмысымызға аяқ басады деген ой жиі мазалайды. Ол үшін барлығымыздың арамызда көптен көрмей жүрген кісілерді үйге шақыру дәстүрі қалыптасса жөн болар еді. Соны жастарға тәжірибе ретінде көрсетсек игі», деді қаламгер.
Осылайша, тойға жиналған жұрт ойға батып тарқасты. Ал кешкілік қала орталығында өңір өнерпаздары ұйымдастырған «Амал келді, жыл келді» атты театрландырылған мерекелік концерт өтті.
Қостанай облысы