Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Жетекші елдер адам әлеуетін дамыту, саяси тұрақтылық пен инклюзивті дамуды қолдау, осал жандарды күйзелістерге жеткізбеу жөніндегі ұлттық стратегияның негізгі элементі ретінде әлеуметтік қорғауға айрықша маңыз береді. Әсіресе халықтың кедей және осал топтарын қорғау – БҰҰ-ның бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан ұмтылатын орнықты даму мақсаттарының (ТДМ) салмақты бөлігі. Яғни өз қоғамын нығайтуға және әділдік орнатуға біртабан жақын тұратын елдердің артықшылығы әлеуметтік әлсіз топтарды желеп-жебеуінен көрінеді. Бүгінде еліміз Мемлекет басшысының жаңа бастамасымен әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға, қоғамымызды үйлесімді әрі әділ етуге мүмкіндік беретін кешенді реформаларға бет түзеді. Әлеуметтік саясаттың жаңа жүйесін әзірлеу мен іске асыруда, оның негізгі ұғымдарын анықтауда нақты қадам жасалды. ТМД кеңістігінде алғаш рет әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған Әлеуметтік кодекс қабылданды. Өткен жылдың басынан бері мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсетуге мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасы толық көлемде жұмыс істеп тұр.
2030 жылға дейін 3,8 млн сапалы жұмыс орындарын құруды көздейтін Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданды. Азаматтарды жұмыспен қамту бойынша шаралар іске асырылып, өткен жылдың ішінде 964 мың адам еңбек көзін тапты. Жастарға арналған кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 5 640 жоба мақұлданды. Әлеуметтік осал санаттағы адамдарға 9 100-ден аса грант берілді. Жаңа Көші-қон саясаты тұжырымдамасының жеті бағыты бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатыр. Биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері қайта артып, оны анықтаудың әдістемесі әзірленді. 2023 жылғы желтоқсанда Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданып, іске асырыла бастады. Зиянды жағдайларда еңбек ететін тұлғаларды әлеуметтік қорғауды күшейту үшін биылдан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. Сонымен қатар мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік қорғау мақсатында 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа шаралар қолға алынып, интернет-платформаларда жұмыс атқаратын азаматтардың қызметін заңдастыру үшін Әлеуметтік, Салық кодекстеріне түзетулер әзірленді.
Бүгінде еліміз қоғамның және осал топтардың мүдделері басымдыққа айналған басқарудың әлеуметтік түрін қабылдады. Бұл қадамның маңызды аспектілерінің бірі – қиын өмірлік жағдайдағы адамдар мен отбасыларды оңтайлы күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ету, соның ішінде тұрақты төлемдер мен бюджет арқылы қаржыны тең бөлу. Атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару. АӘК табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындауды, табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беруді, жұмысқа орналастыруды, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар бөлуді, біліктілікті арттыру курстарына жіберуді (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтиды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы АӘК-ті 2,2 млн адам алса, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жағдайы нашар отбасыларға қолұшын созу, мемлекет пен көмек алушылардың өзара міндеттемелерін қолдану жөніндегі белсенді шаралар арқылы 2023 жылы олардың саны шамамен 600 мың адамды құрады. Былтыр АӘК 114,1 мың отбасынан 598,4 мың адамға тағайындалып, бұл мақсатқа бюджеттен 57,4 млрд теңге жұмсалған. Ал осы жылдың ақпанында 49,7 мың отбасындағы 262,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 75,9 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ биылғы ақпанда АӘК алушылар қатарындағы мектеп жасына дейінгі 80,6 мың балаға 446,2 млн теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды. Қазіргі уақытта азаматтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне, сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады. Қазірде әлеуметтік көмек проактивті түрде, яғни адамнан тікелей өтінімсіз тағайындалатын мемлекеттік қызметтердің біріне айналды.
Әділ мемлекет азаматтарға лайықты өмір сүру үшін қажет нәрсенің бәрін беру міндеттемесін қамтиды. Бірақ ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Үй-жайы, қымбат көлігі бола тұра жәрдемақы үшін кірістерін жасырған отбасылар да кездеседі. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Мемлекеттік әлеуметтік қолдауды шамамен 4,5 млн адам немесе елдің әрбір бесінші тұрғыны алса, олардың көпшілігі жұмыс істеуге әбден қабілетті. Ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік сала мәселелеріне айрықша мән бере отырып, Президент азаматтарға әлеуметтік көмек пен қолдау құрылымдарын және тетіктерін толық қайта қарау қажеттігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударғандай, әлеуметтік көмектің тиімділігін арттырып, оның кімге және қалай берілетінін ойластыру керек. Сонда бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беруге мүмкіндік туады. Сол секілді жұмыспен қамту орталықтарының басталған трансформациясын уақтылы аяқтау маңызды. Олардың қызметтеріне ақы төлеу нәтижесі бойынша, яғни әрбір жұмысқа орналасқандар үшін жүзеге асырылуға тиіс.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа отырысында сала басшысы Светлана Жақыпова отбасының цифрлық картасының мүмкіндіктерін, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен жаңа интеграцияларды пайдалана отырып, әлеуметтік көмекті толық трансформациялау жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Бұл қаражаттың атаулылығы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында әлеуетті көмек алушыларды, бюджеттің шығыс бөлігін айқындауға мүмкіндік беріп, нәтижесінде, мұқтаж отбасыларға кешенді қолдау көрсетудің нақты регламенті әзірленеді. Атаулы әлеуметтік көмек көбінесе қасақана төмендетілген кірістер емес, шығыстар көрсеткіштеріне негізделуі үшін жүйе қайта құрылады. Бұған дейін ақшалай көмек алған адамдардың арасында жеке кәсіпкерлер де болған. Сондықтан азаматтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификация тетігі пысықталып, АӘК-ті трансформациялаудың жаңа тәсілдері бойынша тиісті ұсыныстар енгізіледі. Ал жергілікті атқарушы органдар халық арасында әлеуметтік тәуелділікке төзбеушілік, кедейлік жағдайынан шығуға ынталандыру туралы түсіндіру жұмыстарын жандандыруы керек.
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Темірлан Төлеу әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды шартты түрде үш санатқа бөледі. Біріншісі – тұрмысы төмен отбасылар, әсіресе өмірлік қажеттіліктерді қамтамасыз етуде қиындыққа тап болуы мүмкін балалары бар отбасылар. Бұл тұрғыда балалардың кедейлігіне назар аудару қажет, өйткені оның салдары болуы мүмкін. Екіншісі – табысы төмен адамдар, олар коммуналдық қызметтерді төлеуде, азық-түлік себетін сатып алуда қаржылық қиындыққа тап болуы ықтимал. Жастардың белгілі бір бөлігі де назар аударуды қажет етеді. Олардың арасында лудомания, көші-қонның теріс сальдосы, ажырасу санының көптігі жиі байқалады. Бұл құбылыс көбіне табыстың төмендігінен немесе олардың толық болмауынан туындайды. Үшінші топ – зейнеткерлер, әсіресе жалғызбасты, мүгедектігі бар қарт адамдар. Олар үнемі дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке зәру.
«Елімізде жастарға арналған көптеген бағдарлама бар, бірақ көпшілігі бұл туралы біле бермейді. Бұл классикалық түрдегі әлеуметтік көмек болмағанымен, мемлекеттің қолдауы. Осы бағдарламаларды түсіндіру және оларға қатысуды жеңілдету шараларын қарастыру керек. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заңды мысалға алуға болады. Азаматтардың бәрі бірдей бұл тәжірибенің мүмкіндіктерін білмейді. Сондықтан халықты ақпараттандыру аспектісі өте маңызды», дейді әлеуметтанушы Т.Төлеу.
Өмірлік тәжірибе көрсетіп отырғандай, әлеуметтік теңсіздік, сондай-ақ мұқтаж адамдарға несібесі бұйырмайтын, ал материалдық жағдайы бар адамдар одан бас тартпайтын жайттар да орын алады. Сондықтан ресурстарды әділ бөлу үшін ең алдымен әлеуметтік қолдауға шын мәнінде зәру топтарды мақсатты түрде анықтаған жөн.