Суретті түсірген – Руслан Кадыров
Бағбанның айтуынша, 10 млн жылдан аса уақыт бұрын Тянь-Шань тауының етегінде бас киім пішіндес ерекше әдемі гүл пайда болған. Осы жерден бастау алған қызғалдақ гүлі бүкіл әлемге тарады. Қазір әлемде қызғалдақтың 3 000-нан аса түрі кездеседі. Олардың басым бөлігі – Қазақстан қызғалдағының тұқымы. Қазір бұл гүл қай мерекенің де сәніне айналған. Қазақы түсінік бойынша қызғалдақ – көктемнің, жаңа тіршіліктің бір белгісі. Елімізде өсетін қызғалдақтың 18 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Кәсіпкер өзінің бұл ісіне 6 млн теңгеге жуық жеке қаражатын жұмсаған. Бүгінде жылыжайында қызыл, сары, қызғылт, ақ, түрлі түсті, пион тәріздес, шашақты және қос түсті қызғалдақтың сан алуан түрі көз қуантып, көңіл жадыратады. Жылыжайда «көктем аруының» 14 түрін жайқалтып отыр. Осы бір қарапайым еңбек адамының тынымсыз тіршілігі – көпшілікке үлгі. Көктем мерекесі дегенде, ең алдымен, ойымызға әсем де нәзік гүл шоқтары оралады, әсіресе қызғалдақтың орны бөлек.
«Мен неге осы өзімізде жақсы өсетін қызғалдақтарды алыстан әкелеміз деп ойладым. Оны сырттан тасымалдағаннан кейін ол гүлдің бағасына да, сапасына да айтарлықтай әсер етеді. Менің қызғалдақтарым ешқайдан әкелінген жоқ, бақшамда өсіп тұр, демек олардың гүл шоқтары да әлдеқайда ұзағырақ тұрады», дейді Б.Бөлегенов.
Өкініштісі, бұл – маусымдық жұмыс. Дегенмен оған қарамастан әйелі екеуі жайқалған жылыжайдан алысқа ұзағысы келмейді. Өзінің негізгі жұмысы бар болғандықтан қысқы уақытты пайдалы әрі қызықты өткізу ниетімен осы істі қолға алыпты. Болашақта да гүл өсірумен айналысуға ниетті.
Жалпы, Алматыдан бастау алған қызғалдақтар батысқа жиі ұзатылған. Алдымен Парсы жерінде, кейін Түркияда ерекше гүлдер егіле бастады. Түркияда олар алғаш рет кәсіби түрде таңдалды. Онда қызғалдақтарға «лале» деген атау берілген. Осыдан кейін түрік елінде «Лале» есімі жиі қойылып, танымалдыққа ие болған. Еуропаға қызғалдақ тұқымы алғаш рет 1554 жылы әкелініп, «Вена» дәрілік өсімдіктер бағына отырғызылған. Ал «қызғалдақтар елі» атанып кеткен Голландияға ерекше гүлдер 1570 жылы жеткен. Осы кезден бастап Еуропада нағыз «қызғалдақтар маниясы» басталады. Оны кәсіпкер гүл шаруасын бастамас бұрын әбден зерттеген екен.
«Көп ойлана келе қызғалдақ өсіруді ұйғардым. Өзіме тиесілі бақшамның аумағында жалпы ауданы 110 шаршы метр жылыжай салдым. Содан соң Голландия қызғалдақтарының тамыр-түйіндерін сатып алдым. Арнайы компания Алматыдан жеткізіп берді. Оның 14 түрлі сортының 30 мыңға жуық түбірін отырғыздым. Олардың төрт-бесеуі ерте гүлдейтін сорт, қазірдің өзінде гүлдеп тұр. Гүлдерді технологиялық стандартқа сай сақтауға қоямын. Жылыжай жылы, сондықтан гүлдер жұмсақ, ал сабағы мен бүршігі қатты әрі серпінді болуы үшін оларды суықта ұстау керек. Сол үшін маған жазғы асүйді жабдықтауға тура келді. Бұл да жеңіл болған жоқ. Көктемге қарай қызғалдақтарыма сұраныс болады деген үміттемін. Жалпы, гүлдерді өсіру, әсіресе жылыжай жағдайында күтіп-баптау ерекше күш-жігер мен қамқорлықты қажет етеді. Температура режімін сақтаумен қатар ылғалдылық деңгейі және басқа да көптеген сырт көзге ұсақ-түйек сияқты көрінгенімен маңызды факторлар бар. Мен гүл бизнесінің осы бүкіл ерекшелігін біртіндеп игердім, енді өнімімді сату үшін іскерлік байланыстар орнатуым керек», дейді кәсіп иесі.
Ол бүгінде әлеуметтік желі мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отыр. Instagram мен TikTok желісінде @sarkand_tulpan парақшасы арқылы жарнама жасап, көпшілікке ұсынады. Алғаш рет қолға алып, гүл өсіріп отырған Бауыржанға зайыбы Рания көмектеседі. Егер өнімнің өтімі көңілдегідей әрі қолайлы болып, тұтынушылары еселенсе, онда келесі жылы қызғалдақ өсіруді жалғастырып, көлемін бірте-бірте 150 мың данаға жеткізбекші. Қазірдің өзінде тұрғындардан ұсыныс көптеп түсіп жатыр.
Жетісу облысы