Пікір • 15 Наурыз, 2024

Тәрбие басы – ұлттық құндылық

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда өтетін Ұлттық құрыл­тай­дың үшінші жиынында ұлтқа қажет талай мәселе көтерілері анық. Ал елімізде шешімін күткен өзекті сұрақтар же­тер­лік. Соның бірі – тәрбие басы сана­­латын ұлттық құн­ды­лықтарға қа­тыс­ты.

Тәрбие басы – ұлттық құндылық

Материалдық емес құндылықтардың екі бағыты бар. Біріншісі – археологиялық жәдігерлер. Бұл Үкіметтің қаулысымен зерттеліп, іске асырылып жатыр. Ал екіншісі – экспедиция. Міне, осы екінші бағыттағы материалдық емес құндылықтарды зерттеу, жүйелеу түбегейлі жолға қойылмай тұр. Бұл тұрғыда республикалық ауқымды айтпағанда, өңірлік деңгейде мемлекеттік саясат жүзеге асырылған жоқ.

Материалдық емес құндылықтар деге­ні­міз – жыр, жұмбақ, жаңылтпаш, айтыс, фольклор, құсбегілік. Біз қазақтың мың әні, мың күйі шықты дейміз. Бұл – айналымдағы, 50-60 жылдық қорда сақталған дүниелер. Материалдық емес болса да ұлттық құндылығымызға жататын бай мұрамызды әлі толық түгендеген жоқпыз.

Арқаның даласында, Маңғыстаудың ойы мен қырында қазақтың әлі де толық зерттелмеген ұлттық құндылықтары тұнып жатыр. Бұл дегеніміз не? Бұл – қазақтың ұлттық иммунитеті. Қазір қоғамымызда адам айтса нанғысыз түрлі қылмыс түрлері болып жатыр. Әкесіне қарсы шығып, беттен алатын балалар бар. Материалдық емес құндылықты бойына сіңірмеген ұрпақ отбасындағы зорлық-зомбылық, мемлекет қаржысын ұрлау секілді қылмыстарға барады. Міне, мұның бәрі ұлттық құндылықтан ажыраудың салдарынан туындап отыр.

Бүгінде ұлттық рухы жалаңаштанған ұрпақтың буыны қалыптасты. Бұл буынның бетін ұлттық құндылыққа қалай бұру керек? Көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан, Ресейде, ондағы республикаларда материал­дық емес құндылықтарды сақтау, зерттеу, келер ұрпаққа табыстау туралы заң қабыл­дан­ды. Қырғызстанда Манас туралы жеке, материалдық емес құндылықтар туралы жеке заң бар. 2003 жылы материалдық емес құндылықтар туралы Париж конвен­циясы қа­былданған. Біздің еліміз сол конвенцияға мүше болып кірген. Ал 2011 жылы Үкімет арнайы қаулы шығарып, тұжырымдама бекіткен. Сол тұжырымдама қағаз күйінде қалды. Енді бізге материалдық емес құндылықтар туралы заң қажет. Өйткені бұл – ұлттың рухани құнары, баға жетпес байлығы.

 

Жанарбек ӘШІМЖАН,

Мәжіліс депутаты,

Ұлттық құрылтай мүшесі