Мирас • 15 Наурыз, 2024

Наурыздың басты тағамы

213 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Наурызкөже – тек осы Наурыз мерекесіне ғана арналып жеті түрлі тағамнан жасалатын айрықша тағам. Жеті түрлі тағамның қосылуының өзі елде молшылық орнап, ас-су аста-төк болсын деген ырымнан туған. Дәм түрлері барынша көп болса, соншама тоқшылық болады деген ырым да бар. Оны міндетті түрде жеті тағамнан жасайды. Өйткені жеті санының өзі қазақта ғана емес басқа да жұрттарда да өте көп, мол дегенді білдіреді. Қазақтың «жеті қат жер астында», «жерден жеті қоян тапқандай» дегеніндегі жетілер «өте алыста», «қалың қабатта», «өте көп» деген мағынаны береді.

Наурыздың басты тағамы

Наурызкөжені жеті түрлі тағамнан жасау ырысымыз тасысын, молшылық келсін, шексіз байлық әкелсін деген шынайы пейілден туған. Осының өзі – Наурыздың діннен бұрын пайда болғанының бір белгісі. Өйткені м­ұсылмандарда Аллаға серік қосуға бол­майды. Ал ырымшыл адамдар жақ­сылықты ырымнан тілеп, мол­шы­лықты, барлықты көп тағамнан болады деп ойлаған. Құранның «Ниса» сүресі­нің 48-аятында Аллаға серік қосқан кешірілмес күнә делінген. Шынында жақсылықты, молшылықты, байлықты, барлықты – бәрі-бәрін мұсылман үшін Алладан ғана тілеген дұрыс қой...

Қалай десек те наурызкөже жасау науан Наурызды қарсы алудың бір атрибуты болып халық арасында қалыптасып кеткен. Оны еліміздің әр өңірі өздеріне тән дағдысымен әртүрлі жасайды. Наурызды тойлауға барған әрбір адам алдымен наурызкөжеден дәм татуды мақсат тұтады.

Қызылжар өңірінің наурызкөжесі көбінесе сүр ет, күріш, тары, қатық, құрт, тұз, сүт сияқты тағамдардан жасалады. Әрине, бәрінікі бірдей емес, кейбір үйлер сүр еттің орнына қыстан шыққан етті пайдаланады. Сүттің орнына су қосады. Күріштің орнына бидай, арпа немесе басқа дәнді дақылдар салып жататын аспаздар да кездеседі. Еттің орнына шұжық турап салатындар да болады. Бір қызығы наурызкөже қай күнде барлық үйде де дәмді болып шығады. Бұл адамдардың жарқын пейілдерінен болса керек.

Егер біздің Солтүстікте төрт-бес адамнан тұратын бір отбасы 1 кг сүр еттен (3-3,5 мың теңге), 200 грамм күріштен (120 теңге), 200 грамм бидайдан (25-30 теңге), 0,5 литр қатықтан (250 теңге), 0,2 грамм құрттан (200 теңге), 2 ас қасық тұздан (30 теңге), 1 литр сүттен (бағасы 300 теңге) бір қазан наурызкөже қайнатса, 4 200-4 300 теңге қаражатын жұмсайтын болады. Есесіне наурызкөжені бір күн тоя ішіп, көңілденіп қалады.

Бір қызығы біздің жақта наурыз­көжеге екінші нан атанған картопты салмайды, сондай-ақ сарымсақ, жуа дегендерді де қоспайды. Оның да өзіндік бір сыры бар сияқты. Алайда былтыр «Есіл» мейрамханасының наурызкөжесін ішкенде ішінде сарымсақ болды. Бірақ көженің өзі аса дәмді болды.

Қазір бұл көже Наурызды мерекелеу­ге шыққан барлық жұртқа беріліп жатады. Қызылжардың көшесіне Наурыз күні шыға қалсаңыз буы бұрқыра­ған көжеге тап боласыз. Халық та тізіліп, наурызкөже алудың кезегіне тұра қалады. Бірақ тегін беретіндер оқта-текте ғана кездеседі. Көптеген мейрамхана, дәмханалар ақысы көп болмаса да сатып жатады. Мысалы, жоғарыда айтқан «Есіл» мейрамханасының бір тостақ наурыз көжесі былтыр 200 теңгеден болды.

Солтүстіктің наурыз көжесінің жанында күмпиген күрең бауырсақтар да жүреді. Кез келген қуқыл дастарқанның өңін жайнатып жіберетін қызыл-күрең бауырсақтардың жасалу жолдары да әртүрлі. Ашытқы салып, сүтке илеп және қамырды бірнеше сағат қойып, көтерілген соң пісірген бауырсақтардың дәмі ауыздан кетпейді. Дәмді бауырсақ берген үйлерден қонақтары ет те дәметпей, ашыған бауырсақ пен қою шайға кәдімгідей тойып шығады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы