Ақтөбелік жастардың “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” марафон-эстафетасының алғашқы кезеңінің қорытындысы шығарылды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстың білім беру ұйымдарынан марафон-эстафетаға қатысушылар осы кезеңде 373 гектар саябақтар мен гүлзарларды көріктендіріп, 689 гектар өзен жағалауларын тазартыпты. 158 ауылдың 666 көшесі тәртіпке келтірілген. Сондай-ақ орман жолақтарының 114 учаскесі қураған ағаштардан, 613,9 шақырым жол бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылған. 253 стихиялы қалдық үйінділері жойылып, 1736 тонна күл-қоқыс елді мекендердің сыртына шығарылыпты. Марафон-эстафетаға қатысушылар 28 спорт ғимаратын жөндеген, 5867 гектарға гүлдер және көк шөп егіп, 30 000 ағаш көшеттерін отырғызған.
Аудан әкімдерінің есептерін тыңдаған облыс басшысы ақтөбелік жастардың өз өлкесін көріктендіруге, көгалдандыруға үлес қоссам деген ізгі ниеті мен шынайы патриоттық қозғалысына атүсті қарауға болмайтынын жеткізді. Ол ел ауқымында қолдауға ие болған ақтөбелік жастар бастамасын жүзеге асыруға қаржы толық қарастырылғанын, оның жастарға еңбекақы төлеуге де, көлікке, киіндіруге және тамақтандыруға да кететін шығындарға жететінін мәлім етті. Ендігі мәселе жұмыстың жергілікті жерде қалай ұйымдастырылуына байланысты екеніне тоқтала келіп, тек жастарды ғана емес, белсенді ата-аналарды және ардагерлерді де ынталандыру қажеттігін айтты. Облыс басшысы атқарылған жұмыс, жастардың еңбегін ұйымдастыру жайында ақпараттарды өзара тексеруге назар аударды. Тамыздың аяғында еңбектің барлық бағыттары және облыстың барлық өңірлері бойынша нақты нәтиже көрінетінін еске салып, сол кезде ұятқа қалмаудың қамын қазірден бастап ойластыруды міндеттеді.
Бастама көтерудің жауапкершілігін түсінген ақтөбелік жастардың жаңа легі еңбек эстафетасын жалғастыруға кірісті. Осы аралықта Павлодар қаласында өткен “Бірлігіміз жарасқан!” атты ІІІ республикалық форумнан оралған ақтөбелік делегация басшысы – облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Сырым Әбдірахмановтың мәлімдеуінше, біздің облыстың бұл марафон-эстафетаға 1 миллиард теңге бөлгенін, белсенді еңбек еткен жастарды қолдауға облыс әкімі Елеусін Сағындықов 60 автокөлік, 1 мың ноутбук, Астана қаласына қыдырып қайтуға 2000 жолдама беретінін жеткізгенде, осы шараға қатысуға жер-жерден келгендердің бәрі таңғалыпты. Сол форумға қатысқан 14 ақтөбеліктің ішінен Ақтөбе хром қосындылары зауытының 5-цех жұмысшысы Кәрім Дүймұханов пен “Ақтөбемұнайгаз” АҚ Жаңажол мұнай-газ өңдеу зауытының инженер-технологы Әкімгерей Ертаев “Бірлігіміз жарасқан!” құрметті ерекшелік белгісімен марапатталыпты.
Міне, “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” атты бастама көтерген ақтөбелік жастардың жазғы демалыстарында қоғамға қажетті іспен айналысып, туған ауылын, өскен өңірін көркейтуге, көріктендіруге жұмылып жатқан өнегесінің өміршеңдігі де осында болса керек. Жастарды қолдаған жергілікті биліктің қамқорлығы зая кетпей, бұл бағытта табыстың ауылы да қоңсы қонатынына аралық кезеңнің қорытындысы да сендіре түседі. “Балапанды күзде санайды” дегендей, жастар еңбегінің қаншалықты қайтарымды болғанын Ата Заңымыздың 15 жылдығы мерекеленетін үстіміздегі жылғы 30 тамызда білетін боламыз. Оған дейін талай шаруаның басы қайырылатыны сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.