Президент • 15 Наурыз, 2024

Мемлекет басшысы қазақ халқын Көрісу күнімен құттықтады

76 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың отырысы өтіп жатыр. Биыл құрылтай мүшелері Атырау облысында жиналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы қазақ халқын Көрісу күнімен құттықтады

Фото: akorda.kz

Сөз басында Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай мүшелері мен барша қазақ халқын Көрісу күнімен құттықтады.

«Ең алдымен, мен баршаңызға Көрісу күні құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, жыл сайын өтетін дәстүрлі Ұлттық құрылтай биыл Рамазан айы мен Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келіп тұр.

«Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық Құрылтай да Әз Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал Құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан Құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды.

Алғашқы отырыс Ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі»», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.