Президент • 15 Наурыз, 2024

Президенттің Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзі

975 рет
көрсетілді
81 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзі жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президенттің Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзі

Фото: akorda.kz

Құрметті қауым!

Ардақты ағайын!

Ең алдымен, мен баршаңызға Көрісу күні құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз.

Биыл Ұлыстың Ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық құрылтай да Әз-Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды. 

Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек Жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар.

Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды.

Алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы, өзгерістер барлық салада болып жатыр. Мен былтыр күздегі Жолдауымда жаңа экономикалық саясатқа көшетінімізді айттым. Ақпанның басында Үкімет ауысты, жаңа міндеттер жүктелді. Дегенмен нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық мақсат қою жеткіліксіз.

Әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алуымыз керек. Сондықтан биыл Ұлттық құрылтайды жылдағыдай жазда емес, ертерек өткізіп отырмыз. Осы орайда бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталғым келеді.

Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Жазушылар Одағының төрағасы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Мереке Құлкенов жақында осы мәселе туралы орынды пікір білдірді. Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі деп айтты.

Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз. Бұл – халқымыздың жүріп өткен жолы. Сол себепті, қалай десек те, тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауымыз керек.

Ұлт жылнамасы елді біріктіретін фактор болуға тиіс. Ашығын айтуымыз керек, біз тарихқа келгенде көбінесе эмоцияға беріліп кетеміз. Өткен заманды орынсыз қазбалау жақсылық әкелмейді, оның пайдасынан гөрі, зияны көп. «Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де – бір болуы қажет. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн.

Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет.

Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек. Мысалы, әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды.

Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды.

Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал.

Шын мәнінде, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет. Әсіресе, қазіргі геосаяси жағдайда бұл міндет аса маңызды екенін ұмытпаған жөн. Осы орайда мен әйгілі қаламгер, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевты айрықша атап өткім келеді. Ол – руханият саласында, мемлекеттік қызметте  ерекше қолтаңбасын қалдырған біртуар тұлға, классик жазушы. Мен Әбекеңмен қызметтес болдым, жақын араластым. Әбіш Кекілбайұлы нағыз тау тұлғалы азамат еді. Ол ішкі мәдениеті өте жоғары жан болатын. Ешқашан біреуді біреуге қарсы қоймайтын, бәріне сүйіспеншілікпен қарайтын. Әр аймақтан өзіне сәлем беруге келген азаматтарға есігі қашанда айқара ашық еді. Онымен тілдескен адамдар рухтанып, қанаттанып шығатын. Әбекең ұсақ-түйек әңгімеге берілмейтін, жалпы адамзатқа ортақ мәселелер туралы ойланып, толғанатын. Бір сөзбен айтсақ, Әбіш Кекілбаев нағыз зиялы адам, кемеңгер тұлға болды. 

Сондай-ақ бүгін ортамызда Құрылтай мүшесі, аса көрнекті мәдениет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов отыр. Ілекең де – нағыз мемлекетшіл тұлға, зиялы қауым ішіндегі аса беделді ағамыз. Әрдайым салмақты ой, салиқалы пікірімен елге сыйлы болып жүрген ардақты азамат. Біз халқымыздың осындай перзенттерін, олардың өмір жолын жан-жақты дәріптеуіміз керек, лайықты құрмет көрсетуіміз қажет.

Келесі мәселе. Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында.

Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек. Осы тұста, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» туралы ерекше атап өткім келеді. Қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Мен қоғамның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қаржысы бар азаматтар жалғастырып әкетті. Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Қалталы, жанашыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін.

Мен экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес.

Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр.

Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек.

Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек.

Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы бірқатар Еуразия мемлекетінің, соның ішінде Қазақ хандығының құрылуына негіз болды. Ұлық Ұлыстың жерінде сан алуан этнос  және дін өкілдері бір шаңырақтың астында өмір сүрді. Түрлі мәдениеттер өзара астасып, мемлекет құру ісінің бірегей үлгісі қалыптасты.

Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында.

Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады.

Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек. Жақында Алтын Орданың тарихы және әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильм түсіру үшін тиісті жұмыстар басталды. Оған шетелдің танымал мамандары тартылып жатыр. Фильм белгілі халықаралық платформалар арқылы көрсетілуі керек. Жалпы, елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты және кеңінен пайдалану қажет. Оны толық зерттеу үшін табанды жұмыс істеу керек. Бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Менің бастамаммен  Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды.

Қазір Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылды. Академиялық басылымның осындай үлгісін әзірлеу тәжірибесінде алғаш рет Жошы ұлысына жеке том арналмақ. Оны дайындауға Ресейдің көрнекті тарихшысы Вадим Трепавлов та атсалысты. Өкінішке қарай, ол жақында өмірден озды. Бірақ Вадим Трепавлов өте құнды зерттеу материалдарын әзірлеп, оны көптомдықтың редакциялық алқасына табыстап кетті. Бұл – Қазақстан мен Ресейдің тарихи мектептері арасындағы тиімді ықпалдастықтың жарқын көрінісі.

Былтыр Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланды. Мұндай мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Алтынемел және Барсакелмес ЮНЕСКО мұралары тізіміне енгізілді. Рухани маңызы бар жұмысты жалғастыру қажет. Елімізде қайталанбас табиғи және тарихи мекендер көп. Осындай теңдесі жоқ орындардың бірі – біздің ұлттық мақтанышымыз бұл – Үстірт қорығы. Ондағы тылсым табиғат көріністері туристердің ерекше қызығушылығын туғызады. Шетелдің танымал кәсіби фотографтары оны суретке түсіру үшін алыстан арнайы келеді.

Бұл жердегі тағы бір таңғажайып мұра – жерасты мешіттері. Батыс аймақта осындай 20-дан астам мешіт бар. Тарихи нысандар әртүрлі кезеңде салынған және бір-бірінен өзгеше. Мұның өзі еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Біз оның бәрін мұқият сақтап, жер жүзіне танытуымыз қажет. Мен тиісті мемлекеттік органдарға Ұлттық комиссиямен бірлесіп, осы нысандарды ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жөніндегі жұмысты бастауды тапсырамын.

Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды. Ешкіөлмес жотасы – Еуразия құрлығындағы петроглифі ең көп жердің бірі. Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларында көптеген тарихи сурет сақталған. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған жөн.

Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек. Елімізде кәсіби археологтар тапшы, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешімін таппаған түйткілдер бар. Cоның салдарынан Қазақстанды археология саласындағы күмәнді адамдар жайлап алды. Олар құрылыс фирмаларына жекелеген жер телімдерінің тарихи-археологиялық маңызы жоқ деген жалған ғылыми қорытындылар беріп жүр. Осы қызметі үшін қыруар ақша алады.

Дәл сол сияқты «қарақшы-археологтар» мәселесі де бар. Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ескерткіштердің көбі әбден тоналды. Тіпті, еліміздің аумағынан табылған құнды жәдігерлерді Қазақстандағы, шетелдегі жеке коллекциялардан және әлемнің әртүрлі мұражайларынан көретін болдық. Бұл мәселені шұғыл қолға алу керек. Атап айтқанда, археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту қажет. Тарихи-мәдени мұра санатына кіретін нысандарға реставрация жасау ісін ретке келтіретін шараларды күшейткен жөн. Тарихи жәдігерлерімізді шетел мұражайларынан Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру да маңызды. Ондай мүмкіндік болмаса, еліміздегі мұражайларға қою үшін жәдігерлеріміздің дәлме-дәл көшірмесін жасау керек. Әртүрлі фракцияның өкілі әрі Құрылтай мүшесі саналатын Мәжіліс депутаттары бұл мәселені шешуге күш-жігерін салады деп сенемін.

Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым.

Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет.

Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет.

Осы орайда, Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айта кеткім келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті  міндетті түрде жапқышпен жабылады. Мәдинадағы Мұхаммед Пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын.

Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және  қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де! Деструктивті насихаттарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр. Сондықтан мұның зардап-залалы өте зор болуы мүмкін. Таразы басында өскелең ұрпақтың рухани жағынан сау-саламатты болу мәселесі тұр. Біздің осыған қатысты ұстанымымызға саяси ахуал да, жер жүзінде сәнге айналған жаңа үрдістер де әсер ете алмайды.

Біз дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруіміз қажет. Ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасылардағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аударған жөн. Мұндай отбасылардың тұрмыс-тіршілігі ғылым мен техниканың жетістіктеріне толы XXI ғасырдың өмір салтына мүлде үйлеспейтін сорақы тыйымдар мен тәртіптерге негізделген. Кейбір адамдар әдейі кері кетуді қалап, орта ғасырларға тән ескі таным-түсінік пен іс-әрекетке бой ұратын сияқты көрінеді. 

Елімізде қыз алып қашуды, көп әйел алуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық. Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз.

Жұртымыздың өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Біз осы мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруіміз керек. Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым. Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиіс. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда.

Сонымен қатар олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін. Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың Әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында Әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, Әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан.

Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады. 

Ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда жаңғырту да маңызды. Қазір көптеген мемлекетте өткен күннің елеулі оқиғаларына қатысты көзқарастар ақпараттық және саяси ойынның құралына айналып барады. Екінші дүниежүзілік соғыс ескі шежіреге айналған сайын тарихи және әскери тақырыптағы алып-қашпа аңыз әңгімелер көбейе түсті. Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды. Келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтіледі. Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин дұрыс айтты, айтулы датаны мерекелеуге дайындықты қазірден бастауымыз керек.

Соңғы жылдары мемлекетіміз тарихи әділдікті қалпына келтіруге баса мән беріп отыр. «Төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін» ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Өткенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызы зор. Сол үшін мұрағат материалдарын мұқият зерттеу қажет. Осы орайда «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасын ерекше атап өткім келеді. Жобаға Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жетекшілік етеді. Зерттеушілер бұл жұмыспен отыз жыл бойы табанды түрде айналысып келеді. Осы кезеңде Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі туралы 56 том еңбек жарық көрді. Оның 6 томы майдан шебінде болған әйелдерге арналған.

Жеңістің 80 жылдығына орай зерттеулер тың қарқынмен жалғасады деп сенемін. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді.

Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және басқа да батырлардың есімі елді мекендерге, түрлі нысандарға, көшелерге берілген. Училищелерді, авиация базаларын және әуежайларды батыр қырандарымыздың есімімен атау дәстүрге айналды. Мысалы, Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты Талғат Бигелдиновтің атымен аталады. Қарағандыдағы авиация базасына Нүркен Әбдіровтің, Атыраудағы халықаралық әуежайға Хиуаз Доспанованың есімі берілген. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Осы орайда майдан шебінде ерекше қаһармандығымен дараланған әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің ерлігі лайықты бағалануға тиіс. Алматының бір көшесі осы қалада туған даңқты ұшқыштың есімімен аталады. Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің Талдықорғандағы әуе базасын да Сергей Луганскийдің атымен атаған жөн деп санаймын.

Сондай-ақ біз кезінде ерлігі еленбей қалған батырларымызға «Халық қаһарманы» атағын беруді игі дәстүрге айналдырдық. Ең жоғары әскери атақ 2022 жылы марқұмдар Төлеуғали Әбдібековке, Александр Несмияновқа және Ыбырайым Сүлейменовке берілді. Ал 2023 жылы жүз жасаған ақсақалдарымыз Әбдіғали Қаймолдин мен Иван Гапич осы мәртебелі атаққа ие болды. Екінші дүниежүзілік соғыстағы батырлардың ерлігі – бүгінгі және болашақ Отан қорғаушылар үшін шынайы үлгі-өнеге.

Еліміздің жылнамасына есімі алтын әріппен жазылған батырларымыз аз емес. Мен халқымыздың осындай үш даңқты перзентіне жеке тоқталғым келеді. Майданға взвод командирі ретінде аттанған Сағадат Нұрмағамбетов соғысты Берлин түбінде батальон командирі болып аяқтады. Сұрапыл соғыстың барлық қиындығын көрген ол Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі болды. Айрықша қолбасшылық қабілетімен аты аңызға айналған тағы бір тұлға – Бауыржан Момышұлы. Ол майдан шебіндегі ең қиын шайқастарға қатысты, батальон, полк, дивизия басқарды. Оның қоршаудан шығу тәсілі кейін соғыс өнеріне «Момышұлы спиралі» деген атаумен енді. Рақымжан Қошқарбаевтың өшпес ерлігі де бүгінде еш талас тудырмайды. Ол – алғашқылардың бірі болып Рейхстагқа ту тіккен батыр.

Мен былтыр Ұлттық құрылтайдың отырысында бірқатар ордендерді көрнекті тұлғаларымыздың атымен атау туралы айтқанымды білесіздер. Мұндай тәжірибе көптеген елде бар. Бұл отаншылдықты және ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға ықпал етеді. Қазір мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алынды. Бұл жұмыспен Республикалық комиссия айналысып жатыр. Елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» ордені бар. Осы мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атаған жөн деп санаймын. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сол арқылы қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртамыз. Бұл бастама осы марапаттың мазмұнын байыта түседі. Халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетеді. Сондай-ақ награда иегерлеріне Отанымызға қалтқысыз қызмет етуге ерекше жігер береді. Мен бұған кәміл сенемін.

Келесі мәселе. Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам. Ұлы Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды.

Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын.

Мен былтырғы Құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан «вейптердің» таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін.

Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны – белгілі, ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, соның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін  көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл – барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату қажет. Жалпы, насыбай өндіріп, оны таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен. Қазір осыған қатысты заңдарға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Онда вейп қана емес, насыбай таратқаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Бұл қадам насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ақпарат құралдары арқылы жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілуге тиіс. Бұл – ұлт саулығына да, еліміздің абырой-беделіне де кесірін тигізетін әдет. Біз өркениетті ел боламыз десек, одан толық арылуымыз керек.

Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады.

Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.

Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүние жүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?

Келесі түйткіл – ысырапшылдық. Шын мәнінде, ырыстың бастауы – үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде кереғар жағдай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады. Мысалы, су мәселесі. Бізде суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ. Оны ашық мойындауымыз керек. Ал су болашақтың байлығы екенін бүкіл әлем мойындайды. Бұл – Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Себебі елімізде су тапшылығы пайда болды. Бізде материалдық қана емес, рухани ысырапшылдық та бар. Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау-дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жатыр. Әрқайсымыз үнемшіл әрі ұқыпты болсақ, еліміздің берекесі арта түсер еді. Ұрпақтың санасына осыны сіңіре беруіміз қажет. Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге көтереміз.

Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек. Мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет. Себебі бұл – ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мәселе.

Келесі мәселе. Ұлттық құрылтайда біз мәдени-гуманитарлық саланың және идеологияның жаңа бағдарын айқындаймыз. Осының бәрі ұлттық бірегейлігімізді нығайту және елімізді қарқынды дамыту үшін өте маңызды. Дегенмен өзгерістердің басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Сондай-ақ әр азаматтың жан-жақты дамуына жағдай жасау.

Осыған орай экономиканы дамытатын жаңа мүмкіндіктерді үнемі іздеп отыру керек. Бізге әжептәуір мультипликативтік нәтиже беретін жобалар қажет. Сол үшін Үкіметке биыл ауқымды төрт инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырамын. Ең алдымен, қазір жұмыс істеп тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөндеу қажет. Ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инженерлік жүйені жаңғырту керек. Бұл қадам азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады.

Жол салу және оны жөндеу жұмыстары да экономиканың дамуына тың серпін береді. Мұндай шаралар кемінде 12 мың шақырым автокөлік жолын қамтиды. Соның нәтижесінде елді мекендерге көлікпен қатынау едәуір жеңілдейді. Азаматтардың барыс-келісі жанданып, бизнестің белсенділігі артады.

Бұдан бөлек, Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыру барысында жергілікті бизнес пен отандық кәсіпорындардың мүмкіндігін толық іске жарату қажет.

Экономиканы дәйекті дамыту үшін еліміздің бәсекедегі артықшылықтарын түгел пайдалану керек. Қазақстанды Еуразия құрлығындағы негізгі транзиттік хабтың біріне айналдыру үшін батыл қадамдар жасауға тиіспіз. Таяуда біз Сиань қаласында көлік-логистика орталығын іске қостық. Қазақстан мен Қытай болашағы зор бұл жобаны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында бірлесіп жүзеге асырды. Дәл осы аптада Әзербайжанға Сиань қаласынан алғашқы контейнер пойызы келіп жетті. Жаңа логистика орталығы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалданатын жүк көлемін едәуір арттыруға ықпал етеді. Біз еліміздің аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін біртіндеп дамытып, сыртқы сауда айналымының ұлғайуына барынша жағдай жасауымыз керек. Сол үшін логистика орталықтары мен қоймалар салып, темір жол құрылысының қарқынын арттырамыз. Сондай-ақ теңіз тасымалының инфрақұрылымын жақсартып, өзгертуге ыңғайлы тариф саясатын жүргіземіз. Мұның бәрі еліміздің тұрған жерін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Экономиканың көптеген саласын дамытуға септігін тигізеді.

Болашағы зор тағы бір бағыт – IT-технологиялар. Қазақстанда осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасап, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Біз Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздеп отырмыз. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлы дәліз орнатуға жол ашады. Мен жақында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметінің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік бететін озық технология осы салаға енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің білікті IT-мамандары жұмылдырылды.

Теміржолдың өткізу мүмкіндігінің артуы, жанар-жағар майдың үнемделуі және компания табысының көбеюі – цифрландыру ісінің нақты әрі көзге көрінетін нәтижесі. Цифрлы экожүйені осылай қалыптастыру керек. Үкімет осы жұмыстың ауқымын кеңейтіп, оны экономиканың барлық саласына енгізуге тиіс.

Тағы бір мәселе – бюджет қаржысын үнемдеу. Үкімет бұл мәселені әрдайым басты назарда ұстауға тиіс. Қазір бюджеттің кірісі мен шығысы қайта қаралып жатыр. Қаржыны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл – ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тексеріп отырмаса, шығыстары ұлғая береді. Мұны қатаң бақылауда ұстау керек. Тағы да қайталап айтамын. Қаражат ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет.

Мен бүгін тағы бір өзекті мәселеге қатысты ойымды ортаға салғым келеді. Біз соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру. Осы орайда, ұлттық буржуазияға зор міндет жүктеледі. Мен ұлттық буржуазия туралы ой-тұжырымды осыдан 24 жыл бұрын Давос экономикалық форумында атап өттім. Бұл жерде ұлттық деген сөз кәсіпкердің ұлтына емес, оның азаматтық сана-сезіміне қатысты айтылып отыр. Яғни, елімізге қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақстанды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлттық буржуазия керек.

Мен Мемлекет басшысы ретінде әрбір мәселені ашық талқылауға дайынмын. Өздеріңізге мәлім, кәсіпкерлерімізбен үнемі кездесіп жүремін. Бизнес өкілдері белгілі бір саладағы саясатты жетілдіруге қатысты стратегиялық бастама көтереді деп сенемін. Олар экономиканың түрлі саласын дамыту туралы нақты ұсыныс айтады деп үміттенемін. Алайда кейбір кәсіпкерлер алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысады. Тіпті, бизнес-жобасына қолдау көрсетуді, өзіне жеңілдік беруді сұрайды. Сол үшін мемлекеттік органдарға тапсырма беруімді өтінеді. Бір сөзбен айтсақ, баяғы, үйреншікті жолымен жүргісі келеді. Өз мүддесін бәрінен жоғары қойып, жеке мәселесін мемлекет есебінен шешуге ұмтылады.

Басқа жұртқа қараңыздар. Көптеген елдің, тіпті, көрші елдердің өзінде ірі кәсіпкерлер мемлекетке алақан жаймайды. Керісінше, туған елін дамытуға өз еркімен қыруар қаржы жұмсайды. Осы елде кәсібін жасап, байыған адамдар қара басының ғана емес, елдің де қамын ойлауға тиіс деп санаймын. Олар жеке мүддесін қоғам мүддесімен үйлестіре білуі қажет.

Елге жанашыр іскер азаматтар бізде де аз емес. Мұндай азаматтар қоғамға қажетті көптеген жобаға қаржы салып, игі істердің басы-қасында жүр. Қайырымдылық және волонтерлік бастамаларға демеушілік жасап келеді. Мемлекет те отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді. Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық.

Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет. Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашанда дайын болады.

 Құрметті достар!

Біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл. Жаңа ғана Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева халықаралық тәжірибеден мысал келтіре отырып, жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекітуді ұсынды. Талқылау барысында Дихан Қамзабекұлы, Мұрат Әбенов, Шаймардан Нұрымов және басқа да Құрылтай мүшелері осы идеяны айтқанын білемін. Мен қоғамда жаңа этика қалыптастыру қажеттігін үнемі айтып жүрмін. Алайда азаматтарға қандай да бір құндылықты күшпен таңу қиын, тіпті, мүмкін емес деуге болады.

Саяси реформалар заңдарға түзету енгізу, институционалдық өзгеріс жасау арқылы жүзеге асырылады. Бірақ қоғамдық этикаға келгенде, заңдарды өзгерту жеткіліксіз. Барынша мұқият болуды талап ететін бұл шаруаға Ұлттық құрылтай мүшелері де белсене атсалыса алар еді. Жасампаздық рухының қоғамда терең орнығуы, ескірген қасаң қағидалар мен ел ішіне іріткі салатын жағымсыз әрекеттердің келмеске кетуі өте маңызды.

Зиялы қауымның кейбір өкілдері, тіпті мемлекеттік қызметшілер де орынсыз байбалам салып, айналасын сынап-мінеуді әдетке айналдырды. Мұны доғару керек. Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда байыпты болған жөн. Үнемі артқа қарайлап, өткен күнге өкпе арта беруге болмайды. Әлем қауымдастығында лайықты орнын иеленуді қалайтын ұлт өзін өзгелерден кем сезінуден және әлеуетін әлсірететін жалған түсініктерден арылып, болашаққа нық сеніммен қарауы керек.

Мен барлық пікірді қорыта келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталғым келеді.

Бұл, ең алдымен, тәуелсіздік және отаншылдық. Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз.

Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет. Бұл, әсіресе, әлемде «заңның күші емес, күштінің заңы» деген қағидат үстемдікке ие болып, егемендігі осал мемлекеттердің маңдайына өзгеге кіріптар болу жазылған-мыс деген пайымға жол беріле бастаған бүгінгі заманда өте өзекті.

Қазір ресурстарға, инвестицияға, көлік логистикасы мен коммуникацияға қызу талас жүріп, жаһандық бәсеке күшейе түскенін баршаңыз көріп отырсыздар. Халықаралық мәселелер мен оларды реттеу жолдары туралы, соның ішінде аймақтық құрылымдардың экономикалық және саяси түйткілдерді шешетін құдіреті жайлы бұрынғы пайым-түсініктер қазіргі аса күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы заманда тым әсіреленген, тіпті, аңғал көзқарас сияқты көрінеді.

Бізге әлемдегі оқиғалар және олардың ұлттық мүддемізге тигізетін әсері туралы кешенді талдау қажет. Бұл – құзырлы мекемелердің, ғалымдар мен саясаттанушылардың міндеті. Еліміз сындарлы диалог, белсенді дипломатиялық және сыртқы экономикалық қызмет арқылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыта береді.

Еуразия кеңістігіндегі және Орталық Азия аймағындағы ықпалдастық үдерістер әрдайым біздің басты назарымызда болады. Қазақстан түркі елдерінің ынтымақтастығын дамытуға өз үлесін қосады.

Еліміздегі мемлекеттік аппараттың сыртқы және ішкі саясатқа қатысты шешімдерінің бәрі популизмді және құбылмалы ахуалдарды емес, іргелі жалпыұлттық мүдделерді негізге алуы керек. Мемлекеттік деңгейдегі әрбір шешімді қабылдар алдында оның мәні және салдары туралы жан-жақты талдау жасалуға тиіс. Халықаралық саммиттердің құжаттар арқылы талапқа сай бекітіліп, нақты міндеттемелер жүктейтін шешімдері қайта қаралмайтындықтан, әсіресе, сыртқы саясат саласына мұқият болған жөн.

Тағы бір іргелі құндылық – бірлік және ынтымақ. Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тауқыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді. Орасан зор сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс. Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген. Мемлекет те, қоғам да көмекке шын мұқтаж адамдарды қолдауға қашанда дайын. Біздің еріктілеріміздің ерен еңбегі – жанашыр болудың шынайы үлгісі. Олар кез келген сәтте өзгелерге риясыз көңілмен көмектесуге ұмтылады. Бизнес өкілдері және басқа да азаматтарымыз түрлі қайырымдылық шараларға белсене атсалысады. Бұл да – тілеулес болудың айқын көрінісі. Халқымыздың қанына сіңген жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер  біздің ұлттық ерекшелігіміз болып қала береді.

Келесі құндылық – әділдік және жауапкершілік. Шын мәнінде, бұл мемлекеттің де, қоғамның да айнымас темірқазығы болуға тиіс. Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім  нығая түседі. Мен мемлекет басшысы ретінде Әділетті Қазақстанды құруды өзімнің басты міндетім деп санаймын. Президент болып сайланған алғашқы күндерден бастап әділдік қағидасын қатаң ұстанып келемін. Бұл идея 2022 жылы қыркүйекте жарияланған Жолдауымда толыққанды тұжырымдама ретінде көрініс тапты. Осы орайда «әділдік» ұғымының саяси риторикада және тәжірибеде қолданылуы белгілі бір сын-қатерлер туындатып, азаматтарды шамадан тыс үміттендіріп, олардың билікке талабын күшейте түсуі мүмкін деген пікір бар. Меніңше, бұл әділдік ұғымының аясын тарылтады, жұрт оны игіліктер мен ресурстарды тең бөлу деп қана қабылдайды. Шын мәнінде, әділдік – ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар. Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты – осында.

Тағы бір маңызды құндылық бұл – Заң және Тәртіп. Заң алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуге тиіс. Барша азамат, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тыйым салынады. Біз «жасампаз плюрализмді толық қолдаймыз, елге іріткі салатын радикализмге түбегейлі қарсымыз» деген қағидатты берік ұстанамыз. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз.

Әлемді шынымен өзгерткің келсе, өзгерісті қарапайым нәрседен баста деп бекер айтылмаған. Яғни, отбасыңда береке болуын ойла, жұмыс орныңды, үй-жайыңды, аулаңды ретке келтір, қоғамдық орында әдеп сақта.

Құқықтық мәдениеттің деңгейін аңғартатын айқын көрсеткіштің бірі – азаматтарымыздың көлік жүргізу мәнері. Жол жүру ережесін жаппай бұзудың және жол үстіндегі дөрекіліктің зардаптары аса ауыр болып тұр. Жыл сайын мыңдаған адам көлік апатынан қаза табады. Бұл – солардың жақын-жуықтары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қайғылы жағдай.

Заң бар жерде, тәртіп бар. Көбінесе қиын сәттерде азаматтардың тәртіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне кепіл болады. Жақында Алматы қаласында жер сілкінгенде кейбір балабақшалар мен мектептердегі балалар ұйымшылдықтың озық үлгісін көрсетті. Осыдан-ақ баланы балабақшадан және бастауыш сыныптан бастап тәртіпке баулудың қаншалықты маңызды екенін айқын көруге болады.

Келесі маңызды құндылық – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет. Қазақстан – барша азаматымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал.

Мен облыстарға сапар кезінде жастардың көбі туған ауылынан сыртқа шығуға құлықсыз екенін байқаймын. Менің тапсырмаммен алдыңғы жылы батыс аймақтың жастары үшін 10 мың білім гранты бөлінді. Өкінішке қарай, сол гранттың көбі игерілмей қалды. Сондықтан грант санын еселеп қысқартуға тура келді. Яғни, жастарымыз қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай отыр.

Өмір бойы бір жерде, бір ауылда отырған жастардың келешегі және көзқарасы қандай болады? Бұл сұрақтың жауабы – анық. Айтпаса да түсінікті. Шын мәнінде, бұған үлкендер де кінәлі. Көбінесе, ата-аналар баласын алысқа жібергісі келмейді. Соның кесірінен көптеген жастар еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып, әлеуметтік жәрдемақыға қол жайып отыр. Бұл – масылдық деген сөз.

Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақтарда, тіпті, шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек.

Бүгінде солтүстік аймақтарда жұмыс күші жетіспейді. Ол жақта тегін білім алуға, жақсы жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Мемлекет беріп отырған осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Біз мыңдаған шақырым жерде көшіп-қонып жүрген көшпенділердің ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Қазіргі жастар заманауи көшпенділіктің жақсы жақтарын игере білуі керек. Көші-қон – дүние жүзіне ортақ қалыпты құбылыс.

Біз шетелге барып, қара жұмыс істеп жүр деп, көрші елдің азаматтарын менсінбей қараған адамдарды да көрдік. Шын мәніне келгенде, сол шетелде жүрген адамдар жаңа дағдыларды игереді, жаңа кәсіптерді меңгереді. Олар өз елінің экономикасын дамытуға едәуір үлес қосып жүр. Американың өзінде Орталық Азиядағы көршілес елдердің мыңдаған азаматтары тұрып жатыр. Көбі бизнесін жүргізіп, саудамен айналысады, арасында қалталы адамдар пайда болуда. Бірақ олар өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтқан жоқ.

Ең дамыған елдердің азаматтары да шетел асып, табыс табуға намыстанбайды. Заманауи көшпенділер, Modern Nomads дегеніміз – осы. Бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс.

Соңғы жылдары біздің де жастарымыз шетелге жиі шыға бастады. Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай бір жағдай болса, көмектесе алады. Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу.

Келесі құндылық – жасампаздық және жаңашылдық. Бұл – өте жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз.

Біз адам капиталына арқа сүйесек, өзіміз белгілеген ауқымды өзгерістердің бәрін жүзеге асыра аламыз. Елімізде талантты азаматтар аз емес. Олар тың амал-тәсілдер қолданып, батыл шешімдер қабылдағанының арқасында түрлі салада зор табысқа жетіп жүр.

Соңғы жылдары креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Қазақстанның мәдени толқыны кең қанат жайып, өрендеріміз аймақтық және жаһандық деңгейде таныла бастағаны кездейсоқтық емес. Ұлтымыздың орасан зор жасампаздық әлеуеті кино, музыка, әдебиет және өнердің басқа да жаңа салаларында айқын көрініс тапқан. Креативті индустрия экономикамызды өркендетуге тың серпін беретініне сенемін. 

Еліміз біртіндеп постиндустриалды қоғам үлгісіне көшіп келеді, идея мен инновация оның басты қозғаушы күші саналады. Біз озық технологияларға негізделген білім экономикасын құруымыз қажет. Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. Осы технология таяу болашақта әлемді түбегейлі өзгертеді.

Біз барлық салада цифрлы номадтар өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек. Жастарымыздың әлеуеті мен қарым-қабілетіне қарасақ, «Қазақстанның қарышты қадамын» жасауға біздің толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады. Басқа-басқа, бірақ дәл осы жерде батыл қимылдап, құлашымызды кең сермеуден қорықпау керек. Әрине, мұның бәрі қатып қалған қағида емес. Алайда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар бола алады. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек.

Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек.

Өздеріңізге мәлім, соңғы бес жылда біз әртүрлі құндылықтар жайлы жиі пікір алмасып, ой елегінен өткіздік. Оның бәрі уақытша ғана мәні бар жалаң тақырыптарды талқылау емес, идеология саласында жүргізілетін кешенді жұмыстың нақты бағдарын айқындау үшін жасалды.

Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет. Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек. Аталған идеалдар Қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау  болуы қажет. 

Негізгі құндылықтарымызды бұқаралық ақпарат құралдары мен креативті индустрия, әсіресе, кино, музыка және әдебиет арқылы дәріптеу аса маңызды. Салалық ведомство көпшіліктің қызығушылығын туғызатын тың жобалар ұсынуға тиіс. Жаңа қоғамдық этиканы орнықтыру ісінде орталық органдар ғана емес, өңірлік билік те маңызды рөл атқарады. Орталық пен аймақтар тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Мысалы, ел ішіндегі еңбек көші-қонын жандандыру мәселесі бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімдіктері өзара үйлесімді әрекет етіп, жұмыла жұмыс істеуі қажет. Ұсынылып отырған құндылықтар жүйесі ағартушылар мен қоғам белсенділеріне бағыт-бағдар бола алады.

Озық құндылықтар біздің болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы үшін оны қоғамда жан-жақты дәріптеудің тиімді тәсілдерін іздеу, ұсыну және тарату қажет. Сіздер, Ұлттық құрылтайдың мүшелері, осы күрделі әрі маңызды жұмыстың алғы шебінде болуға тиіссіздер.

Сырттан келмеген, өмірден іргесін ажыратпаған бұл құндылықтар төл тарихымызға, мәдениетімізге, болашаққа ұмтылысымызға негізделген. Сондай-ақ барша азаматтарымыздың мүддесіне сай келеді. Оны кеңінен дәріптеп, ілгерілету үшін мемлекеттік аппарат пен қоғамдық күштердің бәрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеуі қажет. Президент Әкімшілігіне бұл жұмысты бақылауға алуды және идеология саласындағы міндеттерді орындау үшін кешенді жоспар жасауды тапсырамын.

Құрметті достар!

Елімізді жан-жақты жаңғырту үшін кең ауқымды жұмыс жасалып жатыр. Бүгінгі айтылған бастамалар – соның бір бөлігі ғана. Көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер әлі де бар. Оның бәрі халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Біз оны біртіндеп шешіп жатырмыз. Бірақ барлығын бір күнде реттеу мүмкін емес. Сондықтан оған уақыт, түсіністік және сабыр қажет.

Дүние жүзінде қалыптасып отырған аса күрделі ахуал жағдайды ушықтырып тұр. Кейбір саясаткерлердің жауапсыз мәлімдемесін өздеріңіз оқып жатырсыздар, олар түрлі арандатушыларға дем беруде.

Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз. Әрине, өрге шығу оңай емес. Талай қиындық туындауы мүмкін. Соған қарамастан, тек алға ұмтылуымыз керек.

Соңғы бес жылда көптеген маңызды бастаманы жүзеге асырдық. Нәтижесінде Қазақстан саяси тұрғыдан түбегейлі өзгерді. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін  нақты шаралар қолға алынды. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Үкіметке экономиканы түбегейлі реформалау үшін барлық құзырет берілді. Халқымыз оның нәтижесін көп ұзамай көреді деп сенемін. Бірақ ең бастысы – нақты мақсат қойып, соған ұмтылу. Осыны жете түсінген жөн. Әр азамат еліміздің қайда бет алғанын, ертеңіміз қандай болатынын білуі керек. Бұл – өте маңызды.

Әрине, еліміздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Алайда оның негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болады. Бұл үшеуі бір-бірінен бастау алады және өзара тығыз байланысты. 

Еліміз стратегиялық бағдарынан ешқашан ауытқымайды. Біз  мықты демократиялық институттары және дамыған құқықтық жүйесі бар әділетті мемлекет құрамыз. Ел ішінде заң мен тәртіп қатаң сақталады. Бұл – саясатымыздың тұғырлы қағидаты. Біз баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастырамыз. Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады.

Біз «бірлігіміз – әралуандықта» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтын боламыз. Түрлі діндер мен конфессияларды жақындастыруды және қазіргі заманғы өзекті мәселелерге қатысты диалог орнатуды көздейтін мәртебелі миссиямызды атқара береміз. Біз азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыратын, барша әлемнің кәсіпкерлері, инвесторлары мен талантты адамдары қызығатын ашық әрі дамыған экономика құрамыз. Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамыз. Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді.

Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді. 

Мен жуырда Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен арнайы кездестім. Сонда айтқан ойымды еліміздің барша жастарына тағы да қайталағым келеді. Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Көп ұзамай мемлекетті басқару ісі, яғни ел тізгіні бүгінгі жастардың қолына өтеді. Сіздер осы жауапкершілікті қазірден бастап сезінулеріңіз қажет. Өздеріңізге жүктелетін тарихи миссияны орындауға  қашанда дайын болуларыңыз керек.

Біз жасампаз халық болуымыз қажет. Оған әлеуетіміз толық жетеді. Сан ғасырлық тарихында қазақ мемлекеттігінің құрылымы талай рет өзгерді. Бірақ елдігіміздің тұғыры қашанда –берік, ұлтымыздың рухы – әрдайым асқақ. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға ұмтылуымыз керек. Өнімді еңбек етіп, сапалы білім алып, ортақ мақсатқа жұмыла білуіміз қажет. Сонда болашағы жарқын, қуатты мемлекетті бірге құрамыз.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Ұлттық құрылтай жұмысы жүйелі, маңызды қоғамдық институт ретінде қалыптасты. Құрылтай мүшелері нағыз елдік мәселелерді көтеретін «біртұтас командаға» айналуға тиіс. Сіздер жұмыс барысында көптеген ұтымды ұсыныс беріп жүрсіздер. Бірқатар бастама жүзеге асырылып жатыр. Бүгін де жаңа идеялар айтылды. Оның бәрі мұқият қаралып, маңызды ұсыныстар бойынша нақты шаралар қолға алынады. Құрылтай барынша тиімді әрі оңтайлы қызмет етіп жатыр деп санаймын. Алдағы уақытта да белсенді жұмысты жалғастыра берген жөн.

Өздеріңіз білесіздер, мен осы басқосуға аймақ өкілдерін шақыру туралы тапсырма бердім. Бүгін, міне, ортамызда атыраулық ағайындар да отыр. Соның ішінде экология мәселелерін көтеріп жүрген белсенді азаматтар бар. Жалпы, Атырау жұртшылығы облыстың экологиялық ахуалына алаңдап отырғанын білемін. Қалада кәріз жүйесін, су құбырын салу өте маңызды. Инфрақұрылым әбден ескірген. Соның кесірінен жерасты сулары және Жайық өзені ластанып жатыр. Облыс орталығында қоқысты сұрыптауға және өңдеуге қатысты түйткілдер бар. Атырауда қоқыс сұрыптайтын кешен салынған. Әкімдік оны жақын арада іске қосуға тиіс. Сондай-ақ қоқыс полигонын дереу ретке келтіруі қажет. Бұл мәселелер міндетті түрде өз шешімін табуы керек. Қазір  осыған байланысты нақты жұмыс атқарылып жатыр. Үкіметке және облыс әкімдігіне бұл маңызды жұмысты аяғына дейін жеткізуді тапсырамын. Бұл мәселе менің бақылауымда болады.  

Жалпы, Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керек. Сондықтан Үкімет пен әкімдік арнайы жоспар бойынша жұмыс істейді. Мен кезінде осында Онкология орталығын салу туралы тапсырма бердім. Бірақ қаржы мәселесі толық шешілмей, созылып кетті. Енді оған жер қойнауын игерумен айналысатын кәсіпорындар қаржы бөлетін болды. Құрылыс келесі жылы аяқталады.

Сондай-ақ облыс әкімінің айтуынша, Радиология корпусының құрылысын қаржыландыру мәселесі де шешімін тапты. Бұл нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Осы жобаларға демеушілік көрсеткен азаматтарға және компанияларға ризашылығымды білдіремін. Бұдан бөлек, биыл бірнеше емхана, оңалту орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі.

Құрметті қауым!

Шын мәнінде, мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор. Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын.

Ал бүгін бүкіл азаматтарға Ораза қабыл болсын дегім келеді!

Баршаңызға  зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!