Мәдениет • 17 Наурыз, 2024

Сән өнерінің салтанаты

258 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Адамға есімнің өзі тегін қойылмаса керек. Тәрбия ныспысын иеленген бүгінгі кейіпкеріміздің барлық өмірлік мақсаты да негізінен осы бір асыл мұратпен астасып жатқандай. Жиырма бес жылдан аса ғұмырын қазақтың ұлттық киімін ұлықтауға арнаған Тәрбия Айдымбаеваны бүгінде қазақты айтпағанда, алыс-жақын шетелдік сәнсүйер қауымның бәрі біледі, тегіс таниды десек, артық айтқандығымыз емес.

Сән өнерінің салтанаты

Димаш Құдайберген сынды танымал өнер иелері «Tarbiya Ulttyq kıim» сән үйінің шапанын киіп, әлемдік сахналарда ән шырқап жүр. Айтыскер ақындардың ажарын ашқан сәнді киім­дердің көпшілігі де – осы Тәрбия ха­ным­ның төл туындысы. Болмысынан қазаққа болсыншы деп тұратын талантты дизайнердің ұшқыр қиялымен кестеленіп, он саусағынан өнер болып туған керім киімдеріне қызыға қарамайтын жан кемде-кем.

Ұлттық қолөнер саласында ширек ғасырдан аса тәжірбиесі бар Тәрбия Айдымбаева ұсына­тын ұлттық киімдер бүгінде көп­­тің сұранысына ие. Соның ішінде әсіресе қолтаңбасы тал­ға­мымымен дараланған дарынды дизайнердің атағын аспан­дат­қан жарқын оқиға – осыдан бірер жыл бұрын әнші Димаш Құдайбергенннің Тәрбия ханым қолынан шыққан қазақы оюмен бедерленген сәнді шапанды киіп, өзінің әлемдік жанкүйерлерімен кездесуге шыққан сәті болатын. Айту­лы оқиғадан кейін ұлт­тық киім­дер­ге заманауи ба­ғытта жаңаша сән беріп жүрген дизай­нер жұмысына жаһан назары ауды. Тіпті Димаштың үстін­дегі шапанды киіп суретке түсіп, әлеуметтік желіге жарыса таратқан ше­телдік танымал өнер адамдарының жар­намасы да қазақтың ұлттық киіміне деген ғаламның қызығушылығын оятты.

«Әрине, Димаштың біздің шапанды киіп осындай маңызды кездесуге шыққаны мен үшін үлкен мәртебе, ұлт үшін абырой деп біле­мін. Өйткені ел алдында жүрген, хал­­қы­мыздың мақтанышына айналған дарынды әншінің ғалам көз тігетін мұндай маңызды жиындарда өзін ғана көрсетпей, өзімен бірге ұлттық құндылықтарын да қатар алып шығып, сол арқылы қазағын шартарапқа танытуы – оның даналығы, нағыз ұлт­жандылығы, биік болмысын ай­ғақ­таса керек. Әйтпесе Димашқа не­бір танымал брендтердің қымбат киім­­дерін қалай кигізсе де жарасады ғой. Бірақ Димаштың таңдауы – ұлт­­тық киімге, оның ішінде біздің брендке түскен екен. Бұл – оның отба­сында алған тәрбиесінің, бояма­­сыз болмысының көрінісі. Осы оқиғадан кейін шетелдіктер бізге де көп хабарласатын болды. Франция, Италия сынды сән әлемінің алпауыт елдері түрлі байқауларға, сән шерулеріне бұрынғыдан да жиі шақырып жүр. Демек қазаққа, қазақтың ұлттық киім­де­ріне деген әлемнің қызығушы­­­лы­ғы жоғары», дейді Тәрбия ханым тебірене тіл қатып.

Иә, кез келген ұлттың бейнесін танытатын құндылықтары болады. Солардың бірі һәм негізгісі – ұлттық киімдеріміз десек, титтей де қате­лес­пегеніміз. Себебі ұлттық киімде қазақтың өзі, тұтас болмысы жатыр. Ал сауатты пішіліп, талғаммен тігілген киім қай кезде де сұранысқа ие. Шүкір, қазір ұлттық нақыштағы киімдерге деген қызығушылық басым. Әсіресе жастардың қазақы қолтаңбаны өзінің киіну стиліне сіңіргісі келетіні де көз тойдырып, көңіл марқайтады. Ал ке­зінде, қазақтың қазақтануы әлі де қиын болып тұрған сонау тәуелсіздік алғаннан ке­йін­гі жылдары өзінің жеке кәсі­бін ашып, ұлтқа қалтқысыз қыз­­мет етуді өмірлік мақсат еткен Тәр­бияның табандылығын ерлік деп бағаласақ, бек жарасады. Себебі ол кезде ұлттан алшақтаған дүниелерді қайтару жолында әрбір азамат қолынан келгенінше күрескерлік танытуға тиіс еді. Сондай қайсар жанның бірі –  Тәрбия Айдымбаева.

ар

«Алматы технологиялық универ­ситетін 1997 жылы бітір­ген соң, Маң­ғыс­тауға барып, осы кәсіпті бастадым. Бірден бастап кету әрине қиын. Алғашында жұмыс қажет болды. Көп жерден сұрастырып, жұмыстың ыңғайы болмағаннан кейін, үйде 1-2 айдай отырып қалдым. Бірде теледидардағы жүгіртпе жолдан Ақтау қаласында үлкен сайыс өтетіні туралы оқыдым. Бірден ұсыныс білдіріп, облыс көлемінде өтіп жатқан үлкен шараға атсалыстым. Институтта оқып жүрген кезде «Алтын адам» дейтін коллекцияммен рес­публикалық байқаудан бірінші орын алған едім. Облыстық сайысты ұйымдастырушылар менің жетістігімді білгеннен кейін: «Са­йыс­қа қатыстыра алмаймыз, бірақ қонақ ретінде аламыз, себебі сіздің жұмыстарыңыз өте керемет екен», деді. Әлі есімде, 7 000 теңге сыйақы алдым. Сол кезден бас­тап менің киімдерімді көрген өнер ұжымдары маған: «Осындай жұмыстар бар, қалай қарайсыз, істей аласыз ба?»  деп ұсыныстар айта бастады. Тігін­шілік маған тегімнен дарыған. Анам да, нағашы әжем де ісмер болған, яғни бұл өнерге деген бейімділік менің қанымда бар. Мектепте оқып жүргенде өзіме киім тігіп алатынмын. Бірақ тігіншілікті өмірлік кәсібім болады деп ойлаған емеспін. Тамақ дайындағанды жақсы көретінмін, аспаз болғым келді. Алайда тағдырым осы саламен тоғысты. Оған еш өкінген емеспін. Менің мақсатым – адамдарға ләззат сыйлау. Олардың қуанғанын көру, әр адамның өмірінде бір-ақ рет болатын ең үлкен қуанышына ортақ болып, оған көмектесе білуіңнің өзі ерекше жігер сыйлайды», дейді дизайнер.

Адамға қуаныш сыйлауға асық Тәрбияның талғамы мен терең білімі ә дегеннен-ақ тұтынушы көңілінен шықты. Себебі тарихты, қазақтың болмыс-табиғатын жетік біліп қана қоймай, оны заманауи бағытпен ұш­тастыруға деген ұмтылысы тігін­шінің тасын өрге домалатты. Ал дизайнер қолынан шыққан әрбір киім өнер туын­дысындай көрген жанның көңілін арбап қана қоймай, киген кісінің де көркін кіргізді.

«Мен өз жұмысыма, шығар­ма­шылығыма «көне мен жаңаның тоғысуы» деп анықтама беремін. Неге? Өйткені әрбір киім үлкен ізденіс, тарихи терең білімге негізделіп тігіледі. Сөйте тұра көне стильде, ескі сарында қалып қоймай, оны бүгінгі за­ман­ға сай, күнделікті қолданысқа ың­­ғайлы етіп жасауды да қа­пер­ден шығармаймыз. Жеңіл принтті жасал­ған ою-өрнектер әлемдік трендтерге лайықты болғандықтан және сол арқылы ұлттық киімдерді күнделікті қолданысқа енгізу жеңілірек екендігін ескеріп, болмыс пен заманды ұтымды үйлестіруге ұмтылып келеміз. Бүгінгі заман талабына сай сәнді киімдер тігуге басымдық беріп жүрміз. Әрине, сахналық костюмдерді де тігеміз. Со­нымен қатар күнделікті қолданысқа ыңғайлы киімдерді де тұтынушыларға ұсынып келеміз. Бағасын да нарыққа сай ұстауға тырысамыз. Біздің киім­дер­ді қалта көтереді. Шүкір, қазір ұлт­тық киімдерге деген сұраныс жо­ғары. Мені сол қуантады. Табысым жүреді дегендіктен емес, қазақтың өзінің табиғатына, құндылығына жақындап келе жатқандығына жаным жадырайды. Мен әрдайым ұлттық киім біздің абыройымыз деп айтамын, ол – біздің мақтанышымыз. Ең әдемі киім – ұлт­тық киім. Неліктен? Мысалы, бір керемет дүниежүзілік брендті алайық­шы. Америка, Испания, Италия, дү­ниежүзінде қаншама елдер бар. Кез келген еуропалық үлгідегі брендті киюіңіз мүмкін. Бірақ дәл ондай киім сізден басқа тағы біреуде де болуы ғажап емес қой. Ал сіздің ұлттық киі­міңіз дүниежүзі бойынша сіздікі ғана. Ұлттық киімді киіп шыққанда адам жігерленеді. Себебі ол – өзінің тарихы, бет-бейнесі, ата-бабадан қалған мұрасы, төл табиғаты», деп Тәрбия ханым әңгімесін түйіндеді.