Дәстүр • 17 Наурыз, 2024

Шаңырақ көтерді

45 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әз Наурыздың бастауына айналған Көрісу күнінен кейін өңір-өңірлерде ел-жұрт көктем мерекесін тойлауға кірісіп кетті. Оның үстіне әр күнді әспеттеп, атау бекітіп, ынтымаққа, бірлікке шақыратын іс-шаралар өткізу Наурыздың негізгі атрибуттарын айшықтай түскені анық.

Шаңырақ көтерді

Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігі Наурыз тойынан қалыс қалмай, ұлт­тық құндылықтарды насихаттайтын іс-шара өткізді. Мысалы, елордалықтар «Асыл мұра – киіз үй» деген атаумен ұйымдастырылған киіз үй тігу бойынша шеберлік сабағын тамашалады. «Өндіріс» тұрғын алабының тұрғындары бұл жолы Қошке Кемеңгерұлы атындағы №49 мектеп-гимназиясына жиылды.

Көшіп-қонғанға қолайлы әрі сапалы киіз үйдің әрбір бөлігінің өзі асқан шеберлікпен әдіптеліп жасалады. Оның құрылымын, әрбір бөлігінің мән-мазмұнын білуге қызығатындар көп. Түсінгенге, киіз үй тігу де – өнер. Үй тігу, қайта жығу, жинау, жасау-жабдығын түгендеуге жас­тар да қызығады. Үй тігудің негізгі мақ­сат-мұраты да жастарға киіз үй тігудің әліп­пе­сін түсін­ді­ру болды.

Шеберлік сабағында алдымен этнограф Ақеділ Тойшанұлы оқушыларға киіз үйдің тарихынан бастап, оны тігудің техникасын, әдіс-тәсілі мен ерекшеліктерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Әуелі киіз үй сүйектерінің дәстүрге сай орналасуы маңызды. Керегені жаю, таңғыштарды дұрыс байлау, сықырлауықты ақаусыз бекіту, шаңырақты көтеру, уықтарды шаншу, баулар мен басқұрларды орналастыру, шилер мен киіздердің дұрыс жабылуын әдеппен, тәсілден айнымай қабыстырған абзал. Оқушылар киіз үйдің жабдықтарын көзбен көріп, қолмен ұстап, әр бөлігінің маңызын түйсінді. 

– Киіз үй әлемде теңдессіз. Сән-сал­танатымен, кескін-келбетімен, бай тарихымен ерекше. Сәулет өнерінің қайталанбас құнды мұрасы. Бүгін шеберлік сабағында әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері 8 қанат үй құрды. Мұндай үйді оқушылар кітап немесе суреттен көріп-білмесе, былайғы күндері қолмен ұстау бұйыра бермейді ғой. Сондықтан олар ата-бабаларымыздың құтты қонысы болған үйді тамашалауға қызықты, – дейді этнограф.

Осы күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, белгілі әнші Досымжан Таңатаров та көптің ортасынан табылды. Ол осын­дай үлгідегі шеберлік сабақтары бір ғана қалада емес, республика көлемінде жал­ғас­са деген ниет-тілегін жеткізді. 

Киіз үйдің шаңырағы тұтас үйді бірік­тіреді. «Шаңырақ көтеру» деген тіркес­тің өзі қандай! Наурызнаманың онкүн­ді­гінің бірінде, нақтырақ айтсақ 17 наурызда «Шаңырақ күнін» атап өтудің маңызы бір басқа. Осы күні «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы АХАТ басқармасымен бірге жас жұбайлардың неке қию рәсімін өткізді. Неке қию рәсімінде аға буын жас­тарға өздерінің отбасылық өмірі туралы бір үзік сырын, ақыл-кеңесін айтты. Мысалы, 77 жастағы Геннадий және Марина Серов­тар­дың шаңырақ көтергендеріне 55 жылдан асыпты.

– Бүгін біз жасарып кеткен сияқтымыз. Некелескен сәтімізді қайта еске түсірдік. Отбасымыздың ұстанымы қандай десеңіз­дер, айтайын. Ең бастысы – сенім. Сонымен қатар жас-жұбайлар бірін-бірі тыңдап, құрметтей білуі керек. Отбасы деген – бір бүтін, жеке мемлекет. Отбасы – қоғамның әл-ауқатының негізі. Бүгін шаңырақ кө­тер­­ген жас отбасыларға бақыт, шаттық, береке-бірлік тілейміз,– дейді М.Серова.