Саясат • 18 Наурыз, 2024

Қайырымдылық қағидалары

595 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміз халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі болған­дықтан, басына қиын іс түскен мемлекеттерге қолдан келген көмегін аяған емес. Оған кейінгі жылдың ішінде ғана жан-жаққа жөнелтілген гуманитарлық жүктер дәлел. Гуманитарлық көмектің басым бөлігі Орталық Азиядағы іргелес елдерге көрсетіліп отыр.

Қайырымдылық қағидалары

Сыртқы істер министрлігі жа­нындағы «Қазақстан халықаралық даму агенттігі» (KazAID) коммер­циялық емес акционерлік қоғамы ұсынған дерек бойынша, 2021 жылы Қазақстан 13,9 млн доллардың гуманитарлық көмегін көрсеткен. Көмекті қабылдаушы елдер – Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан. Ал 2022 жылы 23,4 млн доллардың гуманитарлық көмегін Пәкістан, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан елдеріне жолдаған.

2023 жылдың қаңтарынан қыр­күйек айына дейін 62,7 млн дол­лардың гуманитарлық көмегін Пәкістан, Түркия, Сирия, Тәжікстан, Ауғанстан елдеріне жөнелткен.

2023 жылғы 6 ақпан күні Түр­кия эпицентрі Кахраманмараш про­винциясының Пазарджик ауда­нында 7 балдан асатын екі жер сілкінісі орын алды. Одан кейінгі жүзде­ген дүмпу елдің 11 про­вин­ция­сында және Сирия секілді көрші мемлекеттерде де сезілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ел Үкіметі жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирия халқына гуманитарлық көмек жасады. Үкімет жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына көмек ретінде 1 млн доллар бөлді.

Ел тұрғындары Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 3,6 млн доллардан астам қаражат жинап берді. Мұнымен қоса еліміз апат аймағындағы тұр­ғындарды іздестіру және жедел-құтқару жұмыстары үшін Төтен­ше жағдайлар министрлігінің жедел тобы Түркияға аттанды.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, өткен жылы еліміз ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету бойынша алған ұлттық міндеттемелерін толық жүзеге асырды. 2023 жылы сәуірде Қазақстан Ауғанстанға дәрі-дәрмек пен азық-түліктен құралған гуманитарлық жүк жеткізді. Сонымен қатар қазан айында Ауғанстанның батысындағы зілзаладан зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмектің алғашқы легін жеткізген арнайы ұшақ Ге­рат әуежайына қонды. Сол кезде Қазақстаннан Ауғанстанға тағы 27 вагон гуманитарлық жүк жөнелтілді.

Ал 2023 жылдың қараша айын­да Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміз Палес­тина халқына гуманитарлық көмек жіберді. Желтоқсан айында Қазақстан Палестинаға бөлген гуманитарлық көмек – мемлекеттің материалдық қорынан азық-түлік, көрпе-жастық, сондай-ақ «СК-Фармация» ЖШС-дан дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар тиелген ұшақ Мысырға барып қонды.

Бұдан бөлек, былтыр Қазақстан Тәжікстанға 5 мың тонна мазутты гуманитарлық көмек ретінде берді. Ал биыл наурыз айын­да Қазақстанның Тәжікстан Респуб­ликасындағы Төтенше және өкілет­ті елшісі Уәлихан Төреханов Тәжік­стан Республикасының Үкі­меті жа­нындағы Мемлекеттік мате­риалдық резервтер агенттігі директорының орынбасары Сохиб­жон Зиёдуллоевке 15 мың тонна мазут сертификатын салтанатты түрде табыс етті.

Жақында Қырғыз Республи­касына Қазақстанның гуманитарлық жүгі тапсырылды. Гуманитарлық көмек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ KazAID Қазақстан халықаралық даму агенттігінің қолдауымен көрсетілді.