Ғылым • 18 Наурыз, 2024

Ғылыми идеядан өнімді коммерцияландыруға дейін

1043 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ел экономикасында сәтті қолданысқа енген инновациялық ғылыми жобалар жүзеге асырылуда.

Ғылыми идеядан өнімді коммерцияландыруға дейін

Инновациялық білім мен өнім­дер шығаратын, коммер­ция­лан­дыруға бағдарланған университет өңірдің инновациялық экономикасының нақты субъек­тісі болуға тиіс. Әрине, қысқа мерзімде «Идеядан өнімді ком­мерцияландыруға дейін» қа­ғида­тына бағытталған дамы­тудың жаңа мо­делі қажет.

Күні кеше Атырау қаласын­да өткен үшінші Ұлттық құ­рыл­тайдағы Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деп айт­­қан, бір-бірінен ажырамас осы ұғымы көпшіліктің назарын аудар­ды. Яғни адал еңбек етіп, адал табыс табуға үндеген. Уни­верси­тетіміздің ұстанған бағыты да осы.

Ғылым – қоғамның дамуын­да маңызды рөл атқаратын қазір­гі әлемде жоғары оқу орында­ры ғылыми зерттеулердің не­гіз­гі орталықтарына айналды. Ғы­лыми әзірлемелер мен зерт­теу нә­тижелерін коммерция­лан­дыру – университет ғылы­мының ажырамас бөлігі. Демек универ­си­теттің алдында коммерциялан­дыру нәтижесі бар ғылыми-техноло­гиялық жоба­лар­ды әзірлеу бойын­ша кең ауқымды міндеттер тұр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағы технологиялар мен инновациялармен байланысты екенін бір­неше рет атап өтті. Үкімет ел­дің ғылыми әлеуетін арттыру мақ­сатында 40 жасқа дейінгі ғы­­лыми кадрларды дамыту үшін бірқатар мүмкіндікті қам­­т­амасыз етуде. Ғылыми жо­баларды, оның ішінде ком­мер­цияландыруға арналған жобаларды қаржыландыру көле­­мін ұлғайтуға сеп болды. Соны­мен қатар жас ғалымдарға «500 ғалым» бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өту мүмкіндігі беріліп, тұрғын үй сатып алуға жеңілдікпен несие беру ұсынылады. Еңбекақы көле­мі арттырылып, ғылыми инфра­­құрылым мен зерттеу жаб­­­дық­тары жаңартылады, жас ға­лым­дардың зерттеу жұмысына қажетті жағдай жасалады.

Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің бі­рінші отырысында Мемлекет бас­шысы отандық ғылым ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде негізі ЖОО ғалымдарының ин­но­вациялық-технологиялық әзір­лемелері болатын жетекші сала атануға тиіс екенін баса айтты. Ғылым және жоғары бі­лім министрлігі «Ғылым және тех­нологиялық саясат туралы» заң жобасын әзірледі. Заң жобасында ғылыми қызметтің бірқатар мәселесін шешу ұсы­нылды. Заңның қабылдануы Мем­лекет басшысы алға қойған ғылыми бағдарламаларды коммерцияландыруды ынталандырудың қо­сымша шаралары мен осы мақ­­саттарға гранттық қаржы­­ланды­ру­­ды қамтамасыз етуге оң әсер етеді.

Бірнеше жылдан бері С.Аман­­­­жолов атындағы Шы­ғыс Қа­зақстан университеті ғалым­дар­дың ғылыми зерттеулері мен әзір­лемелерін коммерциялық тұрғыдан қазірдің өзінде қолда­нысқа енген табысты өнімдерге айналдыру бойынша жемісті жұмыс істеп келеді.

Университет ғалымдары­ның ғылыми әзірлемелерінің ком­мер­циялық табыстылығы ли­цен­зиялық келісімдер жасауға, технологияларды патенттеуге және практикалық қолдануға әкелді. Әңгіме жемісті екі жоба туралы. Мәселен, «Ғылым қоры» АҚ-ның 2023-2025 жылдарға ар­налған ғылыми және ғылыми-тех­ни­калық қызмет нәтижелерін ком­­­мерцияландырудың перспек­тивалы жобаларын грант­тық қар­жыландыруға арналған бай­­қау нәтижелері бойынша С.Аман­жолов атын­дағы ШҚУ ғалым­дары «Су объектілерін тазарту үшін компо­зициялық сүзгі материалдарын өндіру технологиясын коммерцияландыру» жобасын жеңіп алды. Жоба өзекті әлемдік мәселе – тұщы судың сапасын арттыруға бағытталған.

Бұл әзірлемені дайындаған команда құрамында ШҚУ хи­мик­тері, физиктері, биологте­рі бар. Жоба ғалымдардың көп­­жыл­дық зерттеулерінің нәти­­же­сі. Оның аясында биополимерлер, керамикалық материалдар, сондай-ақ картриджге құ­рас­тырылған графит оксидімен модификацияланған, көміртекті материалдар негізінде сүзгіш композициялық сорбенттер өндірісін жолға қою, университет базасында корпустар жасау жоспарланған. Ғылыми жұ­мыстардың қорытынды өнімін ірі кәсіпорындарда және тұрғын үйлерде қолдануға жарамды.

Ғылыми қызметті коммерцияландыру университеттің бе­делін арттыруға да ықпал етеді. Табысты коммерциялық ғы­лыми жобалар индустрияның, инвесторлардың және талап­керлердің назарын аударады. Бұл ЖОО-ның жоғары білім мен ғылыми зерттеулер нарығында­ғы орнын және Қазақстанның жоғары білім нарығындағы бә­секеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етеді.

2023-2025 жылдарға арнал­ған ғылыми және ғылыми-техни­калық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша екінші ірі жоба – «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-техно­ло­гиялық қолдау жөніндегі құ­зыреттер орталығы» жобасы. ШҚУ ғалымдары өздерінің ғы­лы­ми жобаларының арқасында мектептердің, балабақшалардың, түзету мекемелерінің білім беру ортасына инклюзияны сәтті ен­гізуде. Сондай-ақ ерекше қажет­тіліктері бар балаларды өсіріп отырған отбасыларға қолдау көр­се­тіп жүр. Коммерциялық жо­ба шеңберіне ерекше қажет­тіліктері бар балаларды дамыту және әлеуметтендіру бойынша бі­лім беру және консуль­тация­лық қызметтер, авторлық әдісте­ме­лік құралдар, психолог-дефек­тологтің кәсіби үстелі, вертикализатор, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған парталар және оңалту және дамыту жөніндегі техникалық құ­рал­дар кіреді. Айта кету керек, бүгіннің өзінде орталық мамандары бұл қызметтерді толық көлем­де көрсетіп жатыр.

Жоғарыда атап өткен екі ғы­лыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жобалардың қаржыландыру көлемі 443 млн теңгені құрады.

Осылайша, бүгінде университет идеяны қалыптастырудан бастап ғылымды қажет ететін өндірісті ұйымдастыруға және жаңа өнімді нарыққа шығаруға дейінгі дәйекті инновациялық тізбекті құрап отыр. Мұндай ал­го­ритм аталған үдерістің әр кезеңінде инновациялық құры­лымдар құруға, жаңа технологиялар мен ғылыми-техникалық әзірлемелерді сәтті коммерция­ландыру үшін индустрия мен бизнесті тартуға мүмкіндік береді.

 

Мұхтар Төлеген,

«Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ» КеАҚ

басқарма төрағасы – ректор, профессор, PhD