Өткен сенбі, яғни 12 маусым күні Алматы облыстық “Жасыл ел” штабының ұйымдастыруымен “Уақыт өнбес тірліксіз, бақыт келмес бірліксіз. Жастар қызылағаштықтармен бірге” атты акция өткізілді. Акция аясында “Жасыл елдің” 60 еңбек жасақшысы Қызылағаш ауылындағы 15200 түп ағаш көшетін суарып, тазалық жұмыстарын жалғастырды. Тасқыннан зардап шеккен аймақты көгалдандыру мен көріктендіру мақсатында отырғызылған бұл ағаш көшеттері қазіргі кезде тіршілігі қайта жанданған ауылмен бірге көгеріп, көктеп келеді. Жасылелдіктер бұдан басқа құрылыс, саябақты қоршау жұмыстарына да белсене араласуда.
“Нұр Отан” партиясы мен “Жас Отан” жастар қанатының, “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтары республикалық штабының бастамасымен, Алматы облысының әкімдігі және Алматы облыстық “Жасыл ел” штабының ұйымдастыруымен қызылағаштықтарға көмектесу мақсатында арнайы құрылған жасылелдіктердің құрама еңбекші жасағы өз жұмысын 2010 жылдың 15 сәуірінде бастаған болатын. Сол уақыттан бері жасылелдік 160 сарбаз Қызылағаш ауылын қалпына келтіру, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен айналысып келеді. Нақтырақ айтатын болсақ, олар осы уақытқа дейін 15,5 гектар аумақты алатын саябаққа емен, терек, қайың, қарағаш көшеттерін отырғызды. Жасақшылар “Қапшағай құрылыс” және “Қапшағай Инжиниринг” құрылыс компанияларымен бірге 3 тұрғын үй салуға көмектесті. Құрылыс алаңына әкелінген 34000 дана кірпішті түсіріп, жинау жұмысымен де негізінен осы жастар айналысты.
Еселі еңбек етіп жатқан жастар еңбекақы мәселесіне де көп бас ауырта қоймайды. Атқарылған жұмысқа орай жалақы уақытында төленеді. Олар жұмыс киімі, нәрлі тағам және жатын орынмен де толықтай қамтамасыз етілген. Ауырып-сырқай қалғандарға медициналық жәрдем де уақытында көрсетіледі.
Ауыл шетіндегі шатырлы қалашыққа қоныстанған жасақшылардың өнімді еңбек етіп, демалуына барлық жағдай жасалған. Демалыс орнына теледидар, DVD қойылып, Интернет желісі іске қосылған. Сарбаздардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін арнайы мәдени-демалыс орталығы жұмыс істейді. Жастар жұмыстан бос уақытта газет-журналдар оқиды, шахмат, дойбы ойнап, сөзжұмбақ шешеді. Кешкі мезгілде шатырдан гитара, домбыра секілді музыкалық аспаптардың үні де жиі естіледі.
Жасылелдік еңбек жасақшылары жемісті жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі жалғастырмақ ниетте.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.