Театр • 18 Наурыз, 2024

«Шаңырақ» күні елордалық театрда өнерлі отбасы балаларының тұсауын кестірді

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Шаңырақ» күнінде елордадағы Музыкалық жас көрермен театрында «Бақытты шаңырақ иелері» атты іс-шара ұйымдастырылды. Жас отбасылардың өнегелі өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатындағы мерекелік жиында баланы тұсауын кесу рәсімі өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

«Шаңырақ» күні елордалық театрда өнерлі отбасы балаларының тұсауын кестірді

Фото: gov.kz

Наурыз – туыстық байланыстарды сақтауға және қадірлеуге үндейтін отбасылық мереке. 17 наурыздың тақырыбы отбасы институтының маңыздылығымен байланысты болғандықтан, туыстық қарым-қатынастарды нығайтуға себеп болады. Осы бағытта Музыкалық жас көрермен театрында 14 отбасы жемісті еңбек етіп жатыр. Шығармашылық әлемінде олардың өзіндік қолтаңбалары бар. Сондай жұптардың бірі – театрдың белді актері Саламат Мұқашев пен театр қызметкері Айдана Еңгебай. Бүгінде екі ұл тәрбиелеп отырған жас жұптың кіші ұлдары Әли-Ахмет бүлдіршіннің тұсауы кесілді.

«Театр тек мәдениет ортасы ғана емес, шын мәнінде театр шаңырақтың рөлін атқарып жатыр. Қойылым барысында біз көрерменге отбасы құндылықтарын насихаттай отырып, жанұядағы сыйластық, мейірімділік секілді ізгі сезімдердің болуын жеткіземіз. Театр әртістерінің отбасындағы қуаныш, той, тұсаукесер, шілдехана сияқты рәсімдердің барлығы сахнада көрермен алдында өткізіледі. Ұжымдағы жиырма сегіз жанның үйде де, түзде де бірге болып, жастарға үлгі көрсетуі әрине қуантады», деді Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров.

Мерекелік іс-шараға жиналған көрермендер театрдағы тамаша сәттің куәгері болып, жас отбасылармен бірге қуанды. Бүлдіршіннің тұсауы кесілгеннен соң, шашу шашылып, Асхат Маемиров ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді. Жиын барысында тағдыр тоғыстырған жұптар өнерлерін ортаға салды.

gov.kz

«Қазақтың ұйытқысы – шаңырақ. Өмір жолында сүрінбей, ешкімнің ала жібін аттамай, көктей өсіп-өніп, өмірі берекелі болсын деген ниетпен баламыздың тұсаукесер рәсімін киелі сахнада өткіздік. Отбасымыз да театрмен бірге жасап келеді. Бізді тоғыстырған – өнер. Екеуміздің өнерге деген шынайы махаббатымыз болар, шығармашылық жолымызда да бір-бірімізге демеу боламыз», деді театр актері Саламат Мұқашев.