Қоғам • 18 Наурыз, 2024

Талғат Жүнісов: Құрылтай оң серпін береді

170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел Президентінің бастамасымен бірінші Құрылтай қасиетті Ұлытау жерінде өткізілді. Ұлытау - ежелгі тарихқа өте бай жер. Қазақ жерінің кіндік ортасы болған осынау қасиетті мекенде қазақ хандарын хандық билікке отырғызып, ұлықтау рәсімі өтетін болған. Бірінші Құрылтайда көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстар ақырындап қоғамымызда жүзеге аса бастады.

Талғат Жүнісов: Құрылтай оң серпін береді

Фото: senate.parlam.kz

Екінші Құрылтай да ел басшысының нұсқауымен қазақ хандарының астанасы болған қасиетті Түркістанда өтті. Мұндағы көтерілген іргелі мәселелер де жүзеге аса бастағанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Жаңа Қазақстанның ерекше сипаты болып табылатын, халықтық парламент саналатын Ұлттық құрылтай бұл жолы ежелгі Атырау өңірінде шақырылды. Осындағы көне Сарайшық қаласы Қасым ханның тұсында Қазақ Ордасының астанасы болған. Бұл Құрылтайда да елдік елеулі мәселелер көтерілді.

Құрылтайдың Атырауда өтуінің тарихи-танымдық жағынан маңызы өте зор. Өйткені қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның мемлекеттілігі, болашағы, келешегі, күн тәртібіне қойылып жатқан кезде Президенттің осындай қадамға баруы тарихи оқиғаға айналады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз сөзінде білім мен ғылым мәселерінің маңыздығылығын атап өтті.

Ел Президенті Құрылтайдың кезекті отырысын Көкшетауда өткізуді ұсынды. Оның да өзіндік себептері бар. Себебі Көкшетау ән мен жырдың ордасы ғана емес, Абылай хан туын тіккен қасиетті Хан Ордасы болған мекен. Осы жерден қазақтың соңғы ханы Кенесары да тәуелсіздік үшін атойлап атқа мінген. Ел Президентінің бұл шешімін ризашылықпен құптаймыз.

Әлеуметтік, мәдени мәселелерді шешуге Құрылтай оң серпін бермек. Биылғы жиында бар басымдық әлеуметтік салаға бөлінді. Яғни, экономика әртараптанып, өзге елдермен алыс-беріс, барыс-келіс қайта жандана түспек, мәдениет, туризм салалары қайта түрленеді. Сарапшылар сондай-ақ тарихи сананың жаңғыруы мен қазақы құндылықтарды әлемдік брендке айналдыру бағытында да нақты шешімдер қабылданатынына сенімді.