Сұхбат • 19 Наурыз, 2024

Мақсат – айқын, абырой – ортақ

113 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында қызметтің барлық бағыты бойынша нақты міндеттер қойғаны мәлім. Міндет үдесінен шығу үшін өңірде бұл тарапта қандай жұмыс атқарылып жатыр? Тілшіміз Ақмола облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Нұрсұлтан МҰҚАШЕВҚА жолығып, әңгімелескен еді.

Мақсат – айқын, абырой – ортақ

– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жұртшылықтың пікіріне құлақ асатын, халықтың көкейіндегі ойды дөп басып, қиын түйіннің күрмеуін шешуге ұмтылатын полиция неғұрлым табысты жұмыс істемек. Өңірде бұл тарапта қандай өзгерістер бар?

– Біз үшін халықтың пікірін білу – өте маңызды. Қоғаммен етене жақын жұмыс істеудің айрықша маңыз­ды­лығын ескере отырып, апта сайын жеке қабылдау өткіземін. Аумақ­тық бөлім­шелерде де азаматтарды қабыл­даймын. Осы арада өңірдегі кез келген азаматтың департамент бастығына да, аумақтық бөлімшелердің басшы­ла­рына да жеке қабылдауға келе ала­тын­дығын екпін түсіріп айта кетуге бо­лады. Департаменттің басшылық құ­ра­мынан басқа, әкімшілік учаскелерде инспекторлар қызмет етеді. Олар да халықпен етене жақындасып, тиімді жұмыс істеп келеді. Сенім телефоны да – тиімді байланыс өткізетін тәсіл. Қол­да­ныстағы заңнамада құқық тәртібін қамтамасыз етуге жәрдемдесуге ниет білдірген азаматтарды полицияның ерік­ті көмекшілері қатарына қабылдау көзделгенін де айта кету керек. Бүгінде олардың жалпы саны 500-ден асады. Бұл – ең алдымен арлы азаматтықтың, елге, қоғамға жаны ашу сезімінің жоғары екендігін көрсететін жай.

– Жалпы, еріктілер қызметі туралы сәл таратып айта кетсеңіз.

– Еріктілер ұйымдарының әрқилы себеппен жоғалып кеткен азаматтарды іздеуге тигізетін қолғабысын ерекше атап өтуге болады. Біз қазір өңірдегі бар­лық еріктілер орталығымен ынтымақ­ты жұмыс істейміз. Әлеуметтік желілер мен интернет ресурстардың мүмкін­дігі де ұшан-теңіз. Облыс еріктілері бұл мүмкіндікті жақсы пайдаланады. Жоғалған адам туралы мәліметтерді қас қағым сәттің ішінде кеңінен тара­тып, көпшілікті құлақтандыруға болады. Маңызды ақпарат болатын болса, ол жайында еріктілер полиция қыз­меткерлеріне жедел хабар бере алады. Іздеуге байланысты бірлескен іс-шара­лардың мұндай тәжірибесі қашанда оң нәтиже береді. Біз бүгін әлеуметтік желі арқылы халықпен байланысты жетілдіре түсудеміз, желілерде 44 мыңнан астам жазылушы бар.

Өткен жылы бірлескен күш-жігер­дің арқасында қылмыстық құқықбұзу­шы­лықтың саны айта қаларлықтай қысқарды. Мәселен, ауыр қылмыс сана­тындағы оқиғалар 9 пайызға тө­мен­деді, кісі өлтіру – 21,2, зорлау – 33,3, қарақ­шылық шабуылдар – 75, бұзақылық оқиғалар 36,7 пайызға азайды. Алдын алу шараларын ұтымды ұйымдастырудың арқасында мүліктік қыл­мыстардың деңгейі төмендеді. Мәселен, ұрлық – 22,9, пәтер тонау – 24,7, мал ұрлығы 9,2 пайызға азайды.

Өткен жылдың қараша айынан бас­тап облыс орталығында құқыққа қай­шы әрекеттермен төтенше жағдай­лар туындаған жағдайда полиция қыз­мет­керлерін шұғыл шақыруға арналған 10 «SOS» кешені пайдалануға берілді. Азаматтар осы құрылғының батырмасын басқан кезде жедел басқару ор­талығының полиция қызметкері­мен лезде байланысқа түсуге мүмкіндігі бар. Полиция департаменті әлемдік озық технологияларды өз қызметіне мүм­кіндігінше молынан енгізіп келеді. Кірік­тірілген бейнекамераның көмегімен бейнежазбаға түсіру қамтамасыз етіледі. Барлық дерек жүйемен автоматты түр­де бекітіледі. Мұндай жаңашылдық аза­маттардың кез келген өтініштеріне уақ­тылы ден қойып, тиісті шара қабыл­дауға мүмкіндік беріп отыр. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен үнемі жетілдіріліп келе жатқан бейне­бақылау жүйесі тиімді екендігін дәлел­деп келеді. Облыс аумағында 59 мыңға жуық бейнебақылау камерасы бар. Оның ішінде полиция департаменті мен өзге операторлардың есебінде тұрған 12 мың­нан астам камера бар. 2023 жылы жедел басқару орталықтарына және қалалық, аудандық полиция қызметкерлерінің кезекші бөлімдеріне 1453 камера қо­йылды. Облыс орталығында қосым­ша 10 камера орнатылып, 20-сы жаңар­тылды. Аудандарда да біршама жұ­мыс атқарылып жатыр. Өткен жылы жер­гілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Зеренді және Астрахан аудандарында 5 көше камерасы, Шортанды кентінде 7 камера орнатылды. Жібек жолы аулын­да 97 бейнебақылау камерасы жұ­мыс істейді.

Әкімшілік іс жүргізудің барлық үде­рісі де электрондық форматқа ауыстырылды. Қылмыстық істер электрондық форматта тергеледі. Бұл жаңалық тергеу мерзіміне оң әсер етеді әрі полиция қызметкерлерінің жұмысын жеңілде­теді. Барлық учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды және патрульдік полицияның саптық бөлімшелерінің қызметкерлері планшетпен жүз пайыз қамтамасыз етілген. Қазір жол қауіп­сіздігі ережелерін бұзу оқиғаларын анықтау және алдын алуда тіркеудің «Автоураган», «Еkin Patrol» жүйелерін қолданамыз.

Жол-көлік оқиғаларының 10,1 па­йыз төмендегеніне қарамастан, күре жол­­­дағы қасірет азаймай отыр. Өт­кен жылы 587 жол-көлік оқиғасы тір­келді. Оның 286-сы облыстың елді мекен­де­рінде, 223-і республикалық және облыс­тық ма­ңыздағы жол бойында болды. Мұн­­дай оқиғалардың әрқайсысы қо­ғам­­ды алаңдататыны сөзсіз. Біз жол-көлік оқи­­ға­ларының себептерін мұқият тал­­да­дық. Алдағы уақытта жағдайды бір­­шама жақсартатын бастамаларды әзір­леп, қолданысқа енгізе бастадық. Тір­­кел­ген оқиғаларды мұқият талда­ған кезде оқыс жағдайлардың негізі­нен жүр­гізу­шілердің кінәсінен болатын­ды­ғы анықталып отыр. Талдап қарай­тын бол­сақ, ең алдымен, жылдамдық­ты шек­тен тыс арттыру. Мұндай оқиға­лар 198 рет қайталанған. Сондай-ақ жаяу жүр­гін­шілер, қарсы жолаққа шы­ғып кету, көлік жүргізушілерінің шаршауы себеп болады. Қауіпсіздік шараларын­ күшейту мақсатында жол үстіндегі жыл­дам­дықты бақылау үшін 57 автомат­ты жүйе жұмыс істеп тұр. Оның ішінде екеуі – «Еkin Patrol» жылжымалы ке­шені. Өткен жылы панорамалық бейне­тіркеуі бар арнайы жылжымалы ақпа­рат­тық, бағдарламалық екі кешен са­тып алынды. Жаяу жүргіншілер, бала­лар­дың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайту үшін 32 жаяу жүр­гіншілер өткелі, 96 макет, қызыл-көк түс­ті 126 строб шамы және реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелдерінде 12 проек­циялық жарақтандыру жабдық­талды.

– Нұрсұлтан Маратұлы, ке­­йін­гі уақыт­та отбасылық зор­лық-зом­бы­лық өршіп кеткені бел­гілі. Кейбір тұр­мыстық қылмыстар да осын­дай жағ­дайларға байланысты туын­дайды. Бұл та­рапта қандай нақ­ты жұмыстар атқа­рылып жатыр?

– Ең алдымен шағым түскен әрбір отбасы ерекше бақылауға алынаты­нын, кейін жағдайдың ақ-қарасы анық­тал­­ған соң, қатаң шаралар қабылданаты­­нын атап айтқым келеді. 2023 жылы 3700-ден астам ұйғарым шығарылып, 1148 рет ерекше талап қойылды. Жанжал­ға бейім отбасылармен жұмыс істеуге ерекше назар аударамыз. Қазір есепте 632 қолайсыз отбасы бар. Мұндай отбасыларда 800-ден астам бала тәрбиеле­не­ді. Мәселенің ең түйінді жері де осы. Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Күнделікті көргендері ата-ананың кикілжіңі болса, жас ұр­пақ қандай тәрбие алмақ? Учаскелік инс­пекторлар мұндай отбасылардың тұр­ғылықты жері бойынша тиянақты жұмыс жүргізеді.

– Кейінгі жылдары қылмыс түр­лерінің статистикасы өзгерген тәрізді.

– Кейінгі бес жылда қылмыстың ең көп тараған түрі – біреудің мүлкін ұрлау болса, кейінгі екі жылда интернет ресурстары мен мобильдік қосымшалар арқылы жасалатын алаяқтық күрт кө­бейді. Өткен жылы интернеттегі алаяқ­тықтың өсуі 46,7 пайызды құрады. Бұрнағы жылы 764 оқиға орын алса, өткен жылы 1121 алаяқтық оқиғасы тіркелді. Олар негізінен – интернет немесе ұялы байланыс арқылы әртүрлі тауарлар мен қызметтерді сату, сондай-ақ онлайн несиелеу арқылы жасалатын қылмыстар. Полиция қызметкерлері, әрине, қол қусырып қарап отырған жоқ. 100 интернеттегі алаяқтық қылмыс ашы­лып, 90 адам қылмыстық жауап­кер­шілік­ке тартылды. Мәселен, Көкшетау қала­­сында 6 дроппер ұсталды. Олар бас­шы­ла­рының нұсқауы бойынша жол-көлік оқиғасы болды деп туыстарынан қаражат талап еткен. Жалпы шығыны – 24 миллион теңге. Күні бүгінге дейін екі қылмыскер ұсталып, үш адам сотқа тартылды. Мұндай қылмыстармен күре­су үшін «Киберпол» соққы-нысаналы тобы құрылды. Оның құрамында ІТ саласының білікті амандары да бар. Ха­лықты киберқылмыс жасаудың заманауи тәсілдері туралы ақпараттан­ды­ру мақсатында БАҚ, әлеуметтік желі­лерде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Заңсыз мазмұнды ақпараттарды бұғат­тау қолға алынған. Мұндай қылмыс­тың алдын алу шарасының бір парасы – банк клиенттері, банк карталары және мобильді қосымшаларды пай­да­ланушыларды сақтандыру. Аза­мат­тар­дың өтініштеріне жедел ден қою­­дың арқасында интернеттегі алаяқтарды уақы­тында залалсыздандыруға және сол ар­қылы көпэпизодты қылмыстардың жолын кесуге қол жеткізіп отырмыз.

– Ендігі бір сауал есірткі канал­дарының жолын кесу төңірегінде. Ғасыр қасіретінің қоғамға төніп келген қара түнегін қалай сейілтеміз?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыр есірткілерді жеткізетін жолдар­ды жап­сақ, қазір әдеттегі сатушы мен сатып алушы схемасының орны­на жаңа тәсілдер пайда болды. Есірткі сату­шылардың айла-шарғысы, әдістері де өзгерді. Әйт­се де, қоғамның көзқарасы үміт отын тұтандырады. «Феникс», «Өмір», «Өмір жолы» еріктілер қозғалыстары мен ел ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтар зор көмек көрсетіп отыр. Деміккен дерттің делебесін дүйім жұрт болып жұмыла ауыздықтағанда ғана басып, алапат кеселдің алдын ала аламыз. Қазір­гі күні синтетикалық есірткінің жолын кесу бағытында бірқатар шара қолға алынып жатыр. 2023 жылы 251 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан 217 килодан астам есірткі заты тәркіленді.

Ендігі бір айта кететін мәселе – кадр даярлау ісі, біз жас полиция қыз­меткерлерін тәрбиелеуге ерекше назар аударамыз. Олардың кәсіби шеберлігі ғана емес, адамгершілік ажары, кісілік кел­беті де ескеріледі. Департаменттегі тәлім­герлік институты жанданып ке­леді. Аға буынның өнегелі өмір жолы жолсілтер темірқазық іспетті. Алдыңғы толқын ағалардың, ақсақалдардың көмегі зор. Түптеп келгенде полиция қызметкерлері елмен бірге қоян-қолтық жұмыс істегенде ғана алдымызға қойған міндет жүгін еркін еңсереміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»