Елорда • 18 Наурыз, 2024

Мейірім тұнған мекен

85 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлы ұстаз әл-Фараби ізгі шаһар туралы әйгілі трактатында қалалар мен қауымдар жайын талқылай отырып, халқы өзара ізгілік иірімінде мамыражай ғұмыр кешетін қайырымды қалаға іңкәр қылып қоятыны бар еді ғой. Оны кезінде утопияға балағандар да табылды. Алайда қайырымды қала, ізгі мемлекет дегеніміздің өзі қайырымды адамдар мен ізгі қоғамнан бастау алмай ма?

Мейірім тұнған мекен

Фото: astana-akshamy.kz

Елордада әз-Наурыз ме­ре­кесіне орай «Армандар шаңы­рағы» атты әлеуметтік акция өтті. Нұра ауданы әкімдігі ұйым­дастырған игі іс-шарада «Жан­сая» әлеуметтік қыз­мет көр­сету орталығына бара­тын бала­лар армандарын ақ қа­ғазға жазды. Көпбалалы ана Сан­дуғаш Нұрсейітованың кенже баласы қазіргі кезде осы орта­лықта оңал­тудан өтіп жүр.

«Ұлым Естай – жеті жаста. Ба­лам­ның сөйлеу қабілеті кеш дамып жатыр. Бұл орталық біз­ге ұнайды. Мұнда бізбен күн сайын логопед, психолог се­кілді мамандар жұмыс істей­ді. Орталықтың әлеуметтік қыз­мет­керлері балаларға жақсы қа­райды. Бүгін керемет акция өткізіліп жатыр. Ерекше балаларды елеп, ескеріп жатқаны үшін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Біз үй жағда­йында қойылған батут болмаса, 2 дөңгелекті велосипед сұрап отырмыз», деді анасы.

Іс-шараның бар мақсаты бала­ларға қуаныш сыйлау екен. «Жер­де бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейді хал­қымыз. Расында баланың қуа­нышынан асқан шаттық бар ма, тәйірі. Міне, осындай игі іске ұм­тылған елордалық меценаттар мен кәсіпкерлер Нұра ауданына қарасты 70 баланың арманын орындау­ға шын ниетімен кірісіп отыр. Олар балалар армандаған сыйлықтарды 21 наурызда табыстап, мерекенің шырайын аша түспек.

«Астана қаласы әкімдігінің «Жан­сая» әлеуметтік қызмет кө­рсету орталығы 2022 жылы ашыл­ған. Мұнда қазіргі кезде 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 640 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Күн сайын 70-тен аса бала оңалтудан өтеді. Олар әртүрлі мамандардың қызметін алады. Сондай-ақ орталықта би, вокал секілді үйірмелер жұмыс істейді», дейді орталықтың директоры Ердәулет Аманбай.

Игілікті іс тек материалдан тұр­маса керек-ті. Тіпті қол көмектің өзі – ізгі қоғамның негізгі ұстындарының бірі. Астана жұртшылығы бұдан да кен­де емес. Игі істер марафоны аясында елордалық ерік­тілер жалғыз тұратын зейнет­керлердің ауласын тазалап, қарын күреп, қариялардың алғы­сына бөленді.

«Балаларға алғысым шек­сіз. Олардың көмегіне ризамын. Жас келіп, бойдан қайрат кеткен соң, қолға күрек алып аула­ның қарын күреу де оңай емес. Ал мына көмекке келген жастар мені бір тығырықтан алып шығайын деп тұр», деп Валентина Сергиенко ағынан жарылды.

Мәселен, Байқоңыр ауданында қайырымдылық акциясы аясында 20-ға жуық бел­сенді жас жалғызілік қарт адамдардың отымен кіріп, қа­рымен шығып жүр. Себебі күн жылынғаннан кейін қар еріп, әуреге салатыны бар. Ал елордалық еріктілер қыстай жауған ауланың қа­рын коммуналдық қызметтер алып кететін жерге оңтайлап қойды.

2021 жылдан бері «Астана жас­тары» еріктілерінің қата­рын­да атсалысып жүрген ­Макс Алтаев есімді жас жігіттің айтуынша, бұл – жылда болатын дәстүрлі ізгі істердің бірі. Оның айтуынша, «Астана жас­тары» бел­сен­ділері қаланы тәу­лік бойы қар­дан тазартатын коммуналдық қызмет маман­дарына да көмек қолын со­зып жүр. Еріктілер ыстық шай мен бауырсақ тарату акция­ла­рын жиі өткізеді. Мұндай қайырым­ды жастар барда қо­ғам­ға жылу, көңілге сенім ұялайды.