Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» деп баса айтқан еді. Осы орайда жоба бастамашысы «Alatau Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы да ұлыс күнін ең әуелі балалар күтетін мерекеге айналдыруды мақсат етіп отырғанын айтады.
Мейрамның басты кейіпкерлері ретінде ұйымдастырушылар Қыдыр атаның қасына немересі Бақ-баланы қосуды жөн санаған. Айтуынша, бұл – қазақтың «бақ қарасын, Қыдыр дарысын» деген батасынан алынып отырған ой. Расында, Қыдыр атаның немересімен жүруі – ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық тәрбиесін көрсететін көркем рәміз іспетті.
Ұйымдастырушылар Наурызды мерекелеуді Алматы облыстық №1 балалар үйінен бастады. Әр тәрбиеленушіге киіз үй пішінінде тігілген балаларға арналған «Тарту» қоржыны табысталды. Қоржында Қазақстанның әр өңірінен жеткен ұлттық дәмдер салынған. Олардың саны – жетеу. Сондай-ақ Алтайдың балы, Алматының алмасы секілді еліміздің брендтері мен балаларға арналған кітап та қоржынға салынған.
Наурызда жастар үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсетіп, батасын алған. Ұлттық жобаны ұйымдастырушылар да Асанәлі Әшімов, Асылы Осман, Төрегелді Шарманов сынды ұлт зиялыларына, қоғам қайраткерлеріне, сондай-ақ еңбек адамдарына да сәлем бере барды. Оларға «сыбаға» қоржыны тарту етіліп, иықтарына шапан жабылды. Қоржында жеті дәмнен бөлек, дәстүрге сай еттің сүбелі бөліктері қазы-қарта, жал-жая мен жамбас салынған.
Ұйымдастырушылар «Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасын алдағы жылдары 14 наурыздан бастап айдың соңына дейін тұтас республика көлемінде өткізуді жоспарлап отыр.