Пікір • 19 Наурыз, 2024

Әділет – әділ ету

142 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Құшақ жетпейтінді құшақтай алмайсың». Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы Президент сөзіне үн қосуды қарастырғанда осы оймақтай ой еске түсті. Шын мәнінде, елдік толғауына айналған бұл сөздегі тұжырымдамалық түйіндерді тезистер түрінде атап-атап өтудің өзі оңай емес.

Әділет – әділ ету

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз сөзінде «біртұтас идеологиялық кеңістік», «идео­ло­гияның жаңа бағдары», «маңызды идео­логиялық тұжырымдарымыз» деген тіркес­тер­ді қолданғанына назар аударғымыз бар. Бұл – қағидатты мәселе. Баршаға белгілі себептерге байланысты идеология ұғымы кешегі кеңестік кезеңмен астастырыла қа­рас­тырылып жүргені, «Идеологиямен өмір сүріп көрдік қой. Содан жетіскеніміз шамалы ғой» деп сөйлеу сөздің салты болып кеткені белгілі. Өткендегі қоғамымыз ұстанған марксизм идеологиясы шындық-болмысқа сәйкес келмей, ақыры түбегейлі дағдарысқа ұрындырғаны рас. Соған қарап, жалпы идеологиялы қоғам тығырыққа тірелмей тұрмайды деу, сөйтіп, шын мәнінде, идео­ло­гиясыздануға шақыру жөнсіз. Шын­туай­тында, «идеология» терминінің өзінде жағымды немесе жағымсыз мағына жоқ және болуы да мүмкін емес. Ол гректің «идея» және «логос» деген сөздерінің қосын­ды­сы ғана. Биологияның өмір туралы ілім, зоологияның жан-жануарлар туралы ілім, геологияның жер туралы ілім, филологияның сөз туралы ілім екені сияқты, идеология – идея туралы ілім. Болды. Бітті. Демек бар мәселе қандай идеологияны ұстануға, оны қандай мақсатқа, ең бастысы, қалай пайдалануға тіреледі.

Қазіргі таңдағы маңызды идеологиялық тұжырымдарды Президент «Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық» деп қадау-қадау етіп, атап-атап көрсетті. Орынның тарлығына байланысты біз Әділдік және Жауап­кершілікке ғана аз-кем тоқталсақ дейміз.

Кісіліктің басты өлшемдерінің бірі – адам­ның әділдігі. Елдіктің басты өлшемдерінің бірі – қоғамның әділдігі. Халқымыз ақыл­дың азбайтынына, арамдықтың озбайтынына, әділдіктің тозбайтынына қай кезде де сенген. Бабаларымыз бізге халықтық құндылықтардың аса бір қасиеттісі ретінде әділеттілікті аманаттаған. Сонымен бірге Әділетті Қазақстан дегеніміз барлық мәселесі шешіле қалатын Қазақстан еместігін де естен екі елі шығаруға болмайды. Әділеттілік орнату – түйінді мәселелерді тиімді шешудің тетігі. Әділет – әділ ету. Әділеттілік – біреу­лердің маңдайы терлемей-ақ, шекесі шыл­қып өмір сүруіне, біреулердің арқа еті арша күйге түссе де, кедейліктің қамытынан құтылмай жүруіне тосқауыл қою деген сөз. Әді­леттілік – қолынан іс келетіндердің, елім дейтіндердің, жерім дейтіндердің жұл­ды­зы жануына жағдай жасау, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, жоғарыға жұлқына жылжитындардың, сөйтіп, өзі­нен қабілеттілердің алдын орайтын­дар­дың қадамын тұсау деген сөз. Жақсы жұ­мыс істейтіндердің жақсы тұруы, шаруасын мандытпайтындардың, ісін өндір­мей­тіндердің шамасына қарай күн кешуі, көрпесіне қарай көсілуі де – әділеттілік. Мери­то­кратияның түпкі мәні де – әділеттілік. Біз әдетте меритократияның бір қырын  лайық­ты­лардың жоғарылатылуын айтамыз. Жоқ, лайықсыздардың төмендетілуі де – меритократия. Бүкіл әлемде солай. Егер адам өзінен қабілеті кем тұрғыласы әкесінің, көкесінің, жәкесінің көмегімен, жұмыртқадан жүн қырқатын жылмағайлығымен үріп ішіп, шайқап төгіп жүргенін көрсе, онда қоғамдағы әділеттіліктен түңіледі, торығады. Қанша жан­таласса да, ісі ілгерілемей жатқан әкесіне қарап, балалардың да жігері жасиды, олардың да өмірді бастамай жатып, болашақтан үміті үзіледі. Міне, әділеттілік осыған жол бермеу үшін керек.

Әлеуметті әділ ету арқылы-ақ талай түйін­ді тарқата аламыз. Баға әділ қойылса, жала­қы әділ белгіленсе, қызмет әділ берілсе, ел байлығы әділ бөлінсе, қоғам мүшелерінің көңілі де тыныш табады. Адамның көңілі тыныш болса, қоғамның өмірі дұрыс болады. Онда әркім өз жетістігі үшін өзін баға­лайды, өз кемістігі үшін өзін кінәлайды. Сұлтанмахмұттың «Жақсылық көрсем өзім­нен, Жамандық көрсем өзімнен. Біреу қылды дегенді, Шығарамын сөзімнен» дейтіні содан еді.

Мемлекет басшысының Атыраудағы сөзі «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деп аталды. Адалдықты ардақтау қоғамдық қарым-қатынаста жаңа үлгі-қалыптар орнықтырады. Ендігі жерде көптеген ұғым бірте-бірте қайта қаралады. Еңбектің қадірі артады. Еңбексіз келетін байлықтың жолы кесіле бастайды. Бұған келесі жылдан-ақ кірісті жария етудің жаппай енгізілетіні де көмектеседі. Ол бойынша бара-бара барша жұртшылық жылма-жыл өзінің табысының шыққан көзін жіпке тізіп тұрып көрсетіп отыруға мін­детті. Мынау – айлықтан түсті, мынау – сыйлықтан түсті, мынау – үйді сатқанымнан, мынау – көлігімді сатқанымнан, мынау – қаламақыдан түсті, соған ананы алдым, соған мынаны салдым деген сияқты. Және осының бәрі құжатпен тиянақталуға тиіс. Табысыңызды тиянақтай алмасаңыз, өзіңізге ғана ренжуіңіз керек. Тек осының өзі адамның аяғын абайлап бастыртады. Жымысқы жолмен алынған жылжымайтын мүлікті, көлденең табыс­тан түскен қымбат көлікті, тағы басқаны ағасының, апасының, нағашысының, бажасының, балдызының атына жаздырып қоятын бұрынғы сасық қулық та ондайларды құтқармайды, өйткені әлгі мол табыстың шыққан көзін енді сол адамдар – ағасы, апасы, нағашысы, бажасы, балдызы құжатпен тиянақтауға тиісті болады... Олар қалай тиянақтасын? Олар бұдан былай әлгі батпан байлықты өз атына жаздыртудан ат-тонын ала қашады, әрине.

Қоғам бірлігінің басты шарты – адам бірлігі. Ортақ мақсатқа ұмтылғанда, отбасын асырайтын, Отанына себі тиетін ең­бекке жұмылғанда, әділдікке сенгенде, заң­ға көнгенде, адамдар да біріге түседі. Қоғам бірлігінің тағы бір шарты – халық пен би­лік­тің бірлігі, өзара сенімі. Бұл бірлікті бекемдеудің, бұл сенімді нығайтудың бір жолы – мемлекеттік қызметке құрметті қал­пына келтіру. Өкінішке қарай, сан түрлі себепке байланысты мемлекеттік қызметші атаулыға «шенеунік» деген шекпенді жаба салып, шетінен оңды-солды шенеу, беделін түсіру әдетке айналып барады. Әсіресе әлеуметтік желіні билікті беталды беттен алу басып тұрған қазіргідей уақытта мемлекетке қызмет етудің басты тетіктерінің бірі мемлекеттік қызмет екенін, елдікті еңселентудің тайғақ кешулі жолында аттан түспей, түн қатып, түс қашып жүрген азаматтар барын айту, олардың атын, абыройын ғайбаттан, жаладан қорғау қажет-ақ. Мемлекеттік қызметшілерді тұқырта берген сайын мемлекеттің де тұғыры тұқыртыла түседі. Осыны да ескерейікші.

Жетістік пен кемістіктің ара-салмағы туралы байыпты пікір әділеттілік пен жауап­кер­шілік үйлескен жерде ғана қалыптаса алады. Алайда қалайда ешнәрсеге көңілі толмай сөйлеу, атқарылған істің бәріне тек қаралай қарау әдеті соңғы кезде дербес ойлаудың, өзіндік пікірі болудың, еркін ойлаудың көрінісі ретінде дәріптеліп, өзінің қоғамдағы орнын қолдан көтермелеудің, өйтіп-бүйтіп өз бағасын арттыруға тырысудың құралына айналып бара жатқанын әлеуметтік желілерден сәт сайын көріп отырмыз. Халықаралық, ұлтаралық қатынастарға қатысты ойға келген оспадар сөзді оңды-солды ойқастата берудің ауыр салдарлары болуы да әбден мүмкін. Бұған «В фейсбуке важно мнение тех, у кого его не спрашивают» дей салу­дың жөні келмейді. Сондықтан интернет сайт­тарындағы модераторлық қызметке жүктелетін жауапкершілікті де ойластырмаса болмайды, тегінде. Бұл жөніндегі депутат кезімізде өткізе алмаған ұсынысымызды зейнеткер кезімізде өткізе қалады екенбіз деп үміттене қоймаспыз, дегенмен моде­ра­цияның жүйелі жүргізілетін мониторинг екенін, оның қоғамның әлеуметтік гигиенасы үшін қажеттілігін қайталай айтуды парыз санаймыз.

Әңгімені бір тақырыппен шектейін деп бас­тағанымыз рас. Әйтсе де сөз соңында мына жайды айтпай тағы кете алмаймыз. Көрісу күнінің керегесін кеңейтіп, кеңіс­ті­гін көбейткен, сөйтіп, оны іс жүзінде әз Наурыздың төлбасына айналдырып берген бұл сөз ұлттық ұлы мерекемізді жаңаша атап өтудің нақты тетігін табуымен де көп көңілінен шығып отыр. Жаңару мен жаң­ғы­руға жол ашатын бұл жақсылықтың Жайықтың жағасында, қазақтың көнеден келе жатқан осынау даңқты дәстүрі атам заман­­нан бері дүбірлеп аталатын өлкеде жария етілуі де жанымызды жадыратып жібергені және рас.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Соңғы жаңалықтар

Аймақ ажарланып қалды

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:50

Мал өсірсең, қой өсір...

Шаруашылық • Бүгін, 08:48

Заң уақыт сұранысына сай

Қоғам • Бүгін, 08:45