Сыртқы істер министрлігінде аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахмановтың қатысуымен дәстүрлі брифинг өтті. Брифинг барысында ресми өкіл ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Қырғызстанда қалыптасқан жағдайларға байланысты мәлімдемесін оқып берді.
А.Абдрахмановтың айтуынша, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев Қырғызстандағы жағдайды ретке келтіру мақсатында Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановты және БҰҰ хатшылығының қақтығыстардың алдын алу жөніндегі орталығының жетекшісін арнайы өкіл ретінде жіберген.
Бұдан кейін ресми өкіл таяу күндерге жоспарланған іс-шаралар барысы жөнінде айтты. Мәселен, кеше, 14 маусымда Венада Қазақстан төрағалығының басшылығымен қауіпсіздік саласындағы мәселелерге шолу жөніндегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жыл сайынғы конференциясы басталыпты. Бұл шара барысында аталған ұйымға мүше елдердің трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күрестегі ынтымақтастығының ахуалы мен келешегі, қауіпсіздік пен сенім шараларын нығайту, Ұйымның қақтығыстардың алдын алу мен ескертудегі және болдырмаудағы рөліне қатысты мәселелер талқыланады.
Ал 15-17 маусым күндері Лондонда өтетін “Қазақстан: дамудың жаңа көкжиектері” атты жыл сайынғы бесінші халықаралық форумға және Қазақстан-Британия сауда-өнеркәсіп кеңесінің кезекті 14-ші отырысына Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған отандық делегация қатыспақ.
Бұдан кейінгі кезекте ресми өкіл 17 маусымда еліміздің Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова бастаған отандық делегацияның Петерборда өтетін ТМД Экономикалық кеңесінің 46-шы отырысына қатысатынын, онда өзара экономикалық әріптестікті нығайту мәселелері қаралатынын атап өтті. Брифинг барысында сондай-ақ, 17-18 маусым аралығында Венада Адам саудасына қарсы альянстың 10-шы конференциясы өтетіндігі айтылды.
“Ал 18 маусымда Еуропалық Одақпен саяси диалог орнату кестесіне сәйкес, Брюссельде “Қазақстан-Еуропалық Одақ” Ынтымақтастық комитетінің кезекті 10-шы отырысы өтеді. Онда Қазақстаның Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту мәселелері қаралмақ”, деді ресми өкіл.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.