Дәстүр • 19 Наурыз, 2024

Наурызкөже қалай дайындалады?

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын дәстүрлі наурызкөжесіз елестету мүмкін емес. Бұл күні әр үйде қазан оттан түспей, наурызкөже дайындалады. Қазақ халқы ежелден бері ырымшыл екені белгілі, жеті санын қасиетті деп білген. Аталмыш ұлттық тағам да жеті түрлі дәмнен жасалады. Ұлттық мейрам қарсаңында оқырман назарына дәстүрлі наурызкөженің бірнеше дайындау жолын ұсынуды жөн көрдік.

Наурызкөже қалай дайындалады?

Фото: balapan.tv

Наурызкөжені жеті түрлі тағамнан жасау «қазақтың ырыс-берекесі тасысын, дастарханға молшылық келсін» деген шынайы пейілден туған деседі. 

Көне дәстүр бүгін де сақталғаны қуантады, әрине. Десе де әр өңірдің наурызкөже дайындау үлгісінде бірқатар айырмашылық бар. Оған қарамастан Наурызды тойлап бастаған әр адам алдымен наурызкөжеден дәм татуды мақсат тұтады.

Төменде наурыз көженің даярлану үлгісін ұсынып отырмыз.

Құрамы:

  • 1 келі ет
  • Қазы, қарта
  • бидай - 100 грамм
  • күріш - 100 грамм
  • жарма - 100 грамм (перловка)
  • тары - 100 грамм
  • тұз
  • су - 3 литрм
  • айран - 1 литр

Қазанға су құйып, ет, қазы-қартаны салып, қайнату қажет. Қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаған жөн. 1,5-2 сағаттай қайнатып, етті сүзіп алу керек. Енді дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, 5 минут қайнатып алу қажет. Екінші жарманы және күрішті салып, 5 минут қайнаған соң, тары салынады. Талғамға қарай тұздап алу керек. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойған абзал. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап турап, барлығын сорпаға айранмен қосып араластыру қажет. 

***

Құрамы:

  • жылқы еті - 0,5 кг 
  • қазы - 100 грамм
  • қой еті - 0,5 кг
  • су - 2,5 литр
  • бидай - 100 грамм 
  • күріш - 100 грамм
  • жарма -100 грамм 
  • тары - 100 грамм 
  • тұз;
  • айран - 1 стақан;
  • құрт

Етті жуып, су құйылған қазанға салу қажет. Су бір қайнағанда көбігін алып, тұздаймыз. Ет піскенше отын басып қоямыз. Күріш, бидай, жарма тарыны қосып, пісіреміз. Барлығы піскен соң айранды құйып жақсылап араластырып аламыз.

Асыңыз дәмді болсын!