Аймақтар • 19 Наурыз, 2024

Мереке көрігін қыздырды

84 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміз көлемінде әз Наурыздың онкүндігі кеңінен тойланып жатыр. Атыраудағы «Батыс» гарнизоны да көштен қалмады. Қарулы күштер жасағы әскерилері мерекені аға ұрпаққа құрмет көрсетіп, көрісумен бастады.

Мереке көрігін қыздырды

41433 әскери бөлімінің сарбаздары Амал мерекесін жыл сайын атап өтеді. Жауынгерлер бауыр­сақ пісіріп, ақтан дәм татып, төс қағыстырып бір арқа-жарқа болады. Кейін әскери­лерден құралған әртістер Көрісу күні, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні және Ұлттық киім күні деп мерекенің көрігін қыздыра түседі.

– 14 наурыз ежелден қазақтар арасында жаңа жылдың басы болып саналды. Бұрын Көрісу күні тек батыста ғана тойланатын, ал қазір ол барша елімізге танымал болып келеді. Бұл – қуанарлық жайт. Біз өз дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды сақтап, ұрпаққа осыны үйретуіміз керек. Жан-жақтан шақырылған сарбаздар Амалдың тарихын қызы­ғушылықпен тыңдады. Көпшілігі мұны алғаш тойлап отырғанын айтты. Наурыз – тек тұрғындарды емес, әскери қызметшілерді де жақын­дас­тыр­ады. Өйткені әскери ұжымдағы мәдени-рухани іс-шаралар достық байланысты одан әрі нығайта түседі, – деді 41433 әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Мейрам Қаппасов.

Сондай-ақ Ұлыстың ұлы күні аясында әскерилер «Жан Еркемай-Атырау» қоғамдық қорының ерек­ше қажеттіліктері бар бала­лар­ға арналған орта­лығына бар­ды. Балаларға мерекелік көңіл күй сыйлап, тәттілер мен сый­лық­тар үлестірді. Қоғамдық қор­дың басшысы Әлия Құбаева: «Сіз­дер біздің, Отанымыздың қор­ғаушыларысыздар. Кестенің ты­ғыз­дығына қарамастан, біз­ді қол­­дауға уақыт тапқан­да­­ры­­­ңызға, жас тәрбие­ле­ну­­шіле­рі­міз­бен жақсылық, жылу­лық­пен бөліскендеріңізге, олар­ға жағымды эмоциялар сыйла­ған­дарыңызға мың алғыс», деп игі тілегін жеткізді.

Өз кезегінде әскери қыз­мет­шілердің отбасы мүшелерімен жұ­мысты ұйымдастыру қызметінің бас­шысы Дарья Шөкенова Аты­рау гарнизонының жеке құра­мы балалар мен қарттар үйіне, оңал­ту орталықтарына үнемі барып тұратынын айтты.

– Бауырмалдық, бірлік – береке бастауы. Ата-баба­лары­мыз бағзыдан рухани құн­ды­лықтарды жоғары бағалаған. Мұны «Бірлік болмай – тірлік болмас» деген мақал-мәтел, аңыз-әңгімемен кейінгілерге жеткізіп келеді. Біз де қанмен сіңген әдетпен ерекше балаларға арналған әлеуметтік орталыққа бардық. Жас жауынгерлер қазақтың хандары мен батырларын сомдап, балалар мерекені жақсы сезінді, – деді ол.