Мәселе • 20 Наурыз, 2024

Су тапшылығы – Орталық Азияның өзекті мәселесі

265 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ауылы аралас, қойы қоралас Орталық Азия елдеріне ортақ проблема­ көп. Соның ішінде бір ғана су ресурстарының төңірегінде жыл сайын дипломатиялық дау туып, елімізде «Күлтөбенің басында күнде жиын» болады да жатады. Трансшекаралық өзендердегі су тапшылығынан ең көп зардап шегетін Қазақстан вегетация кезеңінде тығырыққа тіреледі де қалады. Былтыр Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешенін біраз шығынға батырған су тапшылығымен биыл қаншалықты күресе аламыз? Жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі табиғаттың былтырғыдай тосынсыйына биыл тас-түйін дайын ба? Оның үстіне, тарансшекаралық өзендер мәселесінің экономикалық жағынан гөрі саяси, дипломатиялық салмағы басымырақ сияқты.

Су тапшылығы – Орталық Азияның өзекті мәселесі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Тығырыққа тіреген төтенше жағдай

Кейінгі жылдары елімізде агро­өнер­кәсіптік кешенді, яғни асыраушы саланы, оның ішінде суармалы егіншілікті дамытуға барынша назар аударылып отыр. Осыған орай салаға алқапты суару­дың әлемдік қолданыстағы тың технологияларын енгізуді көздеп, су үнемдейтін технологияларды субсидиялау ісіне серпін беріліп келеді. Ондағы мақсат – диқандардың жұмысын жеңіл әрі тиімді ету, әрі мол өнімділікті қамтамасыз ету. Бірақ насихаты аз ба, әлде шаруаларға түсініксіз тұсы көп пе, су үнемдейтін жобаларды субсидиялау ісінде тиісті ведомстволар тарапынан да, шаруалар жағынан да әлі ширақ қимыл көрінбейді. Егер осы істе ілгерілеушілік болса, былтыр индустриялық әрі аграрлық аймақ саналатын Жамбыл облысының диқандары төтенше жағдайға ұрынбас еді.

Жақында елімізде ұңғымаларды бұрғылау шығындарын субсидиялау көлемі 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласында өткен жергілікті су шаруашылығын дамыту және суару маусымына дайындық мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдеді. Бұған дейін бұл көлем 50/50 болып келген.

Жалпы, көрші елдерден келетін тарансшекаралық өзендерге 75-80 пайыз­ тәуелді Жамбыл облысына суармалы су тапшылығы қатты сезіледі. Әріге бармай-ақ қояйық, былтыр ғана Әулиеата өңірінде қуаңшылықтың салдарынан 9 мың гектардан астам жерге егілген өнім жарамсыз күйге түсіп, облыстың алты ауданында өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Арнайы комиссия өтемақы төленетін тізімге 358 шаруа қожалығын енгізген. Оларға төтенше резервтен 2,7 миллиард теңге өтелді.

Жауын жаумағанымен шаруалар Шу, Талас өзендерінің жоғары ағысында отырған қырғыз ағайындардан қосымша су алуға болатын еді ғой деп жергілікті билікке базынасын да айтқан. Бірақ қазақ-қырғыз арасындағы бұл мәселе күрделене түсіп, тіпті ақыр аяғы саясиланып кеткендей көрінді. Яғни дәл сол тұста шекарадағы жүк көліктерінің кептелісі екі ел жағынан да ондаған шақырымға жетті. Қордай ауданына іссапармен барып қалғанымызда ол көріністі өз көзімізбен көрдік, жол бойында қаңтарылып тұрған 350-ге жуық жүк көлігін санадық. Бұл өз кезегінде көрші елдің экономикасына кері әсерін тигізгені анық. Қырғыз тарапы біздің елді су дауын саясатқа айналдырып жіберді деп айыптады. Алайда біздің Үкімет бұл кептелісті шекаралық бақылау қызметіндегі терроризммен күрес шараларының күшейтілуімен байланыс­тырып жауап берді.

 

Арал тағдыры алаңдатады

Қалай десек те, су дауы ортаазиялық елдер арасындағы жүрдім-бардым қарайтын мәселе емес. Оның ар жағында Аралдың тағдыры тұрғанын да ұмытпау керек. Аралды құтқару мақсатында қаншама жиын өтіп, нешеме келіссөз жүрді, бірақ нәтижесі шамалы. Өйткені жеме-жемге келгенде Аралға келіп құятын өзендердің басында отырған елдер өз мүдделерін, ауылшаруашылық қауіпсіздігін алға тартады да отырады.

Естеріңізде болса былтыр күзде Орта­лық Азия мемлекеттерінің прези­дент­тері Тәжікстан астанасы Душанбеде Халық­аралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысып, су тапшылығын жою жолдары мен шешу механизмдерін талқылады. Бірақ бұл кездесуге Қырғызстан президенті Садыр Жапаров келмей қалды. Негізінде ресми Бішкек аталған Қор жұмысына атсалысуды 2016 жылдан бері тоқтатқан. Өйткені Халықаралық Аралды құтқару қоры аймақтағы жекелеген мемлекеттердің су пайдалану мен тұтынудың гидро­энер­ге­тикалық аспектілерін ескермейді, ал кезінде Қырғыз тарапының ұйымды рефор­малау туралы ұсынысын Қордың мүше-мемлекеттері қолдамаған. Қырғыз басшы­сының жиынға қатыспай, қыр көрсе­туін Қор басшылығы осы жағдаймен байланыстырды.

Дегенмен кей сарапшылардың сөзіне сүйенсек, Бішкектің ХАҚҚ кеңесінің отырысына қатысудан бас тартуын Арал теңізіне құятын трансөңірлік Сырдария өзенімен байланыстыруға да болады. Өйткені бұл өзен бассейні ағынының шамамен 75 пайызы Қырғызстан аумағында жиналып, қалыптасады. Сондықтан құлақ­тың да, бұлақтың да басында отыр­ғандықтан Аралдың тартылуы Қырғыз Республикасына еш әсер ете қоймайды.

Жалпы, сол жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес отырысына қатысушылардың назарын аймақ алдында тұрған бірқатар сын-қатер мен проблемаға аударған болатын.

«Жаһандық климаттық өзгерістер, су тапшылығы кезеңінің басталуы және суармалы егістікке судың жетіспеушілігі Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сәйкес, біздің аймақтағы температура жер шарындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда, әлдеқайда тез көтеріліп келеді. Бұл Арал теңізі бассейнінің негізгі су көзі саналатын мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың көлемі кейінгі 50 жылда 30 пайызға кішірейген. Сарапшылардың бағалауынша 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаң­шылық жылына ІЖӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады», деген еді Қ.Тоқаев.

Бұған қоса Мемлекет басшысы суды тиімсіз пайдалану мәселесіне де тоқталып, су үнемдеуге де назар аударған болатын. «Біздің өңірдегі Сырдария мен Амудария секілді екі негізгі өзен су арналарының реттелу дәрежесі тым жоғары. Бұл өзендердің бассейндерінде жалпы көлемі шамамен 65 текше километрге жететін 80-нен астам су қоймасы салынған. Осылайша, антропогендік жүктеме артып, табиғатты экстенсивті пайдалану жалғасады және әртүрлі әлеуметтік-экологиялық проб­лема ушығады деген болжам жасалып отыр. Мұның бәрі аймақтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Қазақ халқында «Су – ырыстың көзі» деген мақал бар. Мемлекеттеріміз су саясатын қалыптастыру кезінде судың шектеулі табиғи ресурс екенін ескеруге тиіс деп санаймын», деген Президент цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу мәселесінің өте өзекті екенін жеткізген.

Қасым-Жомарт Тоқаев сол жиында бауырлас Қырғыз Республикасын Халықаралық Аралды құтқару қорының толыққанды мүшесі болуға шақырған еді. Қысқасы, аймақтың тұрақты дамуын,­ қауіпсіздігі мен экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз еткіміз келсе қарым-қатынасымызда тығыз ынтымақтастық, өзара тиімді серіктестік пен бір-біріміздің мүдделерімізді құрметтеу салтанат құру керектігін шегелеп айтты.

 

Қайтпек керек?

«Торғайдан қорыққан тары екпейді» демекші, расында оңтүстіктің шаруалары екі ойлы болып қалды. Өйткені мұндай жағдай кейінгі жылдары жиі қайталанып жүр. Қайткен күнде де азық-түлік қауіпсіздігі үшін Үкімет су үнемдеу технологияларын көбірек енгізуден бөлек, трансшекаралық өзендер суын бөлісу ісінде де дипломатиялық батылдыққа бара білгені жөн-ақ.

Елімізде жоспар бойынша 2025-2030 жылдар аралығында 800 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізілуге тиіс. Сөйтіп, жалпы суармалы жер көлемі 2030 жылға қарай 3 мил­лион гектарға жеткізіледі. Бұл деген сөз су шаруашылығындағы мамандарға, әсіресе тиісті министрлікке үлкен жұмыс болғалы тұр.

«Бүгінгі таңда 3 бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Суды үнемдеп пайдалану, ағынды суларды қайта өңдеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Инфрақұрылымды жаңарту бойынша, яғни құрылғыларды автоматтандыру, цифрландыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қазақстан көршілес мемлекеттермен су мәселесін реттеу бойынша келіссөздер жүргізіп, жағдайды оң шешуге тырысып жатырмыз», дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Ал Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов: «Климаттық күн тәртібі мен суды пайдалану мәселесі – Орталық Азия мемлекеттері арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі таңда аймақ елдерінде жалпы 76 миллион адам тұрады, ал 2050 жылға қарай аймақтағы халық саны 90-110 миллион адамға өседі деген болжам бар. Аймақтағы 22 миллион адамның, яғни аймақ халқының үштен бірінің таза суды тұтыну мүмкіндігі жоқ, бұл әсіресе ауылдық жерлерде өзекті мәселе. Қарқынды урбанизацияның жалғасуы, ауа райының жылынуы және өндірістің ұлғаюы су ресурстарына қысымды арттырады. Мысалы, Дүниежүзілік даму банкінің болжамынша өңірдегі болжамды демографиялық өсу аясында су тапшылығы 25-30 пайызға дейін жетеді деп күтілуде», дейді. Сол себепті ол осы климаттың өзгеруінен туындаған күрделі мәселелерді шешу трансшекаралық-аймақтық ынтымақтастықты талап ететінін атап өтті.

«Электр энергиясын және энергия үнемдеуді дамыту институты» АҚ энергия үнемдеу саясатын дамыту департаментінің директоры Марат Қалменов: «Еуразиялық даму банкінің деректері бойынша 2029 жылға қарай Орталық Азияда су тапшылығы артады деп күтілуде. Жағдайды бұлай созбалай беруге болмайды. Мұнда су ресурстарының азаюы, саланың жеткіліксіз қаржыландырылуы сынды жүйелі проблемалар бар. Сумен қамтамасыз ету және жалпы суды үнемдеу мәселелерін шешу үшін Орталық Азия елдерінің ортақ ұстанымы мен мүддесі қажет», дейді.

Су ресурстары және ирригация министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биылғы жиналып жатқан су қоры көңіл көншітіп-ақ тұр. Солтүстік өңірлердегі су қоймаларына орта есеппен 59 па­йыз су жиналыпты. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 9 пайызға көп екен. Ал оңтүстікте су қоймаларына орта есеппен 58 пайыз су жиналса, батыста жиналған судың көлемі – 77 па­йыз, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға артық. Шығыстағы су қой­малары орта есеппен 60 пайыз суға толыпты, бұл да өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға көп. Ал орталық Қазақстанда су қоймаларына 61 пайыз су жиналған.

Дәл қазір Су ресурстары және ирригация министрлігі көршілес елдердің су ресурстарына тәуелділікті 25 пайызға дейін азайту мақсатында салынуы жос­парланған 20 су қоймасының 9-ының құрылысы төңірегіндегі жұмыстарын бас­тап кетті. Сондай-ақ Су кодексінің жобасы әзірленді, Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді.

Ал Қытаймен 20-дан астам өзен бо­йынша келіссөз жүргізіп жатыр. Былтыр қараша айында Бішкекте өткен кездесуде министр Н.Нұржігітов Қырғыз Республикасымен де Талас өзеніндегі «Түйте» каналы арқылы су беру мәселесінде келісімге қол жеткізсе, өзбек­стандық әріптестерімен болған кездесуде 1 сәуірге дейін Түркістан және Қызылорда облыстарына 11,1 текше метр су, оның ішінде Арал теңізіне 1,6 миллиард текше метр су жіберу туралы келісімге келе алды. Жаңадан құрылған министрлік аз ғана уақыттың ішінде біраз істі қолға алып үлгерген сияқты. Алайда елге сол жұмыстардың нәтижесі, жемісі керек. Алда көктем, егіс науқаны келе жатыр.

Қайткен күнде де трансшекаралық өзендер мәселесі әлі де болса күйіп тұрғаны рас. Сондықтан дәл осы түйткілді шешуде Үкіметке арбаны сындырмайтын, өгізді өлтірмейтін жол керек.