– Бақытжан Жұмағалиұлы, «Ұлы дала жорығы» екі жыл қатарынан жоғары деңгейде өтті. Бұл жобаға Мемлекет басшысы да бағасын берді. Елімізде ұзақ қашықтыққа марафон өткізу идеясы қалай пайда болды?
– 2005 жылы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқыдым. Ол кезде студент едім. Осы романда суреттелгендей, Торғай даласындағы Кенесары хан ордасына жаушы келіп, Қоқан бектерінің Созақта адам өлтіріп, елдің малын тартып алып, қазақтарға қыз салығын салып, айуандық жасап жатқанын айтады. Мұны естіген хан 4 мың әскер жинап, жолға шығады. Сөйтіп, Ілияс Есенберлиннің жазуынша, Кенесары әскері небәрі бір жұманың ішінде Торғайдан Созаққа жетіп барады. Осыны оқығаннан кейін маған «неге осы аралықты атпен жүріп өтпеске?» деген ой келді. Ойды ой қозғап, ақыры біз үш салт атты 2019 жылы 20 сәуірде – «бесқонақтың» соңғы күні Торғай даласынан Созаққа шығып кеттік. Созаққа 11 күн дегенде жеттік. Сапардың өз қиындықтары болды. Алайда жалпы мақсат орындалды.
Содан сапарды тәмамдап, Астанаға келген соң біраз лауазым иелеріне марафон туралы идеямды айттым. Бұл ұсынысым 2022 жылы қолдау тапты. Жоба Мәдениет және спорт министрлігінің, Amanat партиясының, «Altyn Qyran Foundaution» қоғамдық қорының басшысы, белгілі меценат Исламбек Салжановтың қолдауымен алғаш рет жүзеге асты. Ендеше, осы идея негізінде «Көшпенділер» трилогиясы жатыр деп айтуға әбден болады.
«JORYQ» ат спорты федерациясының жұмысы жүйелі болу үшін Қамқоршылар кеңесін құрдық. Кеңестің барлық өңірден 20-дан астам мүшесі бар. Төрағасы – жобаның басы-қасында жүрген Әлібек Әлденей деген азамат.
Марафон-бәйгенің тұсауын Мемлекет басшысының құттықтау хатымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов кесті. Бұл іс-шара 2022 жылы 17 қыркүйекте Астана қаласындағы «Қазанат» атшабарында ұйымдастырылды. Шараға 3 мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
«Ұлы дала жорығының» астарында рухани мән бар. Оны әлемдегі ең мықты жылқы тұқымын анықтайтын далалық зертхана десек болады. Бұл – мәселенің ұлттық жағы. Енді маршрутына тоқталсақ, әуелі алғашқы марафонды Торғайдан Созаққа дейінгі аралықта өткізуді жоспарлап едік. Кейінірек Астана мен Түркістанның арасында өтетін болып шешілді. Астана – елорда болса, Түркістан – елдің рухани астанасы. Ал бұл ұлт руханиятына жол тарту, бет бұру дегенді білдіреді.
Бұл жерде марафонның бір мақсаты – қазақтың қазанатын іріктеп шығарып, оны әуелі өзімізге, содан кейін әлемге дәлелдеп көрсету. Кезінде қазақты аттан түсіру саясаты жүргенін білесіздер. Қазір біз бұрын жойылып кеткен жылқының тұқымын қайтып шығарып жатырмыз. Бұл да – марафонның негізгі мақсаттарының бірі. Екіншіден, біз ұлы өркениеттің мұрагеріміз. Осыны марафон арқылы жастардың санасына сіңіруді мақсат етіп отырмыз.
2022 жылы ұйымдастырылғанда, оның ұзақтығы 1 200 шақырым болды. Сол жылы 18-29 қыркүйек аралығында 19 өңірден жиналған 19 команда Астанадан Түркістан қаласына дейін күніне 100 шақырымнан жүріп отырып, мәреге 12 күнде жетті. Марафонға қатысушылар түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ, Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы мен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат етті. 2022 жылы Адай жылқысынан жасақталған Маңғыстау облысының құрама командасы бас жүлдені жеңіп алды. Нәтижесінде, Мемлекет басшысы «Адай» жылқысын ұлттық бренд деп жариялағанын өздеріңіз білесіздер.
– Атбегілер марафонға толық дайын болды ма? Сосын ұйымдастыру мәселесін айта кетсеңіз, қандай қиындықтар кездесті?
– Елімізде «Ұлы дала жорығы» сияқты көпкүндік жарыс бұрын-соңды болмаған. Моңғолияда «Шыңғысханның пошташысы» деген мың шақырымдық марафон бар. Онда 40 шақырымда ат ауыстырады. Ал біз марафонда күніне 100 шақырымды жүріп өту керек деген шарт қойдық. Бұл шабандозға да, жылқыға да өте тиімді болды. Оған төрт түліктің төресі мүлдем қиналмады. Мысалы, таңертең сағат 07:00-де стартты бастасақ, сағат 12:00-ге дейін 50 шақырымды, яғни 5 сағатта, сағатына 10 шақырымды бағындыру керек. Көп командалар бұл қашықтықты 3 сағатқа да жеткізбей, қиналмай бағындырып жатты. Одан кейін 2-3 сағат демалып, жемшөбін беріп, суын ішкізіп, сағат 14:00-де қайта жолға шығып, тағы 50 шақырымды ереже бойынша 19:00-ге дейін бағындырады. Содан кейін жылқы таңғы 07:00-ге дейін демалып, жемшөбін жеп, қажетті дәруменін алады.
Алайда бірінші марафонда біраз атбегі кәдімгідей қиналып қалды. Олар алғашында марафонды бәйге деп түсінді. Мысалы, атбегілер «ат шауып келе жатқанда су бермеу керек, түйіліп, ауырса, өліп қалады» дейтін. Шетелден алдыртқан мал дәрігерлері бұл әңгімені жоққа шығарды. Біз мамандарды Ресей, Беларусь елдерінен шақырттық. Олар – ұзақ қашықтық жарысында жұмыс істеген тәжірибелі мамандар. Міне, солар атбегілерге ат шауып келген соң су ішіп, әрі қарай шауып кетсе ештеңе болмайтынын түсіндірді.
Жарыста болған тағы бір қиындық – кейбір атбегі білместіктен семіз аттарын алып келді. Қысқасы, бірінші марафонда ат баптау қиын болды. Екінші сайыста осы проблеманың бәрі ескерілді.
2023 жылғы марафонның ұзақтығы 1 300 шақырым болды. Ол 6 қыркүйекте басталып, марафоншылар мәреге 19 қыркүйекте жетті. Аттар күніне 100 шақырым жүріп отырды. Бұл жолы Созақ даласы арқылы емес, Қызылорда қаласының маңынан өттік.
Қысқаша айтқанда, екі жылда сәтті жүзеге асқан «Ұлы дала жорығы» жобасы жеке ат спорты түрі ретінде биыл күзде V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қарсаңында ұйымдастырылатын болып шешілді.
– Биыл бұл іс-шара халықаралық деңгейде өткізіледі екен. Оған қазір қандай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр? Бірнеше елдің елшісімен кездесіпсіз. Осы туралы айтып берсеңіз.
– Иә, биыл «Ұлы дала жорығы» жобасының екі үлкен марафонын өткізуді жоспарлап отырмыз. Біріншісі – республикалық іріктеу марафоны. Екіншісі – халықаралық жарыс. Республикалық марафон Петропавлдағы Абылай ханның ақ үйінен басталып, Астана маңындағы ежелгі Бозоқ қонысына дейінгі аралықта болады. Арақашықтығы – 500 шақырым. 12-17 мамырға жоспарланып отыр. Яғни күніне – 100 шақырым. Осы іріктеуде мәреге алғашқы болып жеткен үш команда күзде халықаралық бәйгеге қатысады. Ол сайыс Астанада 2-7 қыркүйекте өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары қарсаңында болады.
Республикалық марафонда 17 облыс пен үш мегаполистің командалары бақ сынайды. Бәйге Көкшетау мен Бурабайды басып өтіп, Астанаға дейін барады. Оның жүлде қоры күзде болатын бәйгеден аз. Бірінші орынға 15 млн теңге, екінші орынға 10 млн теңге, ал үшінші орынға 5 млн теңге беріледі.
Қазір біз Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Иран, Түркия, Мажарстан, Сауд Арабиясының елшілерімен кездестік. Енді Қатардың, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Әзербайжан мен Тәжікстанның дипломаттарымен кездесу жоспарланып отыр. Сонда жалпы алғанда халықаралық марафонға 15 елдің өкілдері қатысады деп күтіліп отыр. Оның ішінде Қостанай мен Адай жылқысы іріктеуден өтсе, марафонға қатысады.
– Халықаралық марафонның маршруты қалай болады?
– Марафон Ботай қонысынан басталады. Біздің Ботай қонысын таңдағанымыздың себебі – жер-жүзіне жылқының тұяғымен тараған өркениеттің осы өңірден басталғанын көрсету.
Жақында «JORYQ» ат спорты федерациясы белгілі саясаткер Ерлан Каналимов басқаратын Астана қалалық Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясымен меморандумға отырды. Ол екі федерация арасындағы әріптестікті, ынтымақтастықты нығайтуды және ат спортын дамыту мен танымалдығын арттыруды көздейді. Біз ат спортын тиімді дамытуға бағытталған бастамаларға бірігіп қолдау көрсетуге келістік. Елордада ашық аспан астында Ботай мәдениеті музейін ұйымдастыру және қаладағы шағын саябақтың бірінде Ботай жылқысына ескерткіш орнату бойынша бірлесіп жұмыс атқаруды да жоспарлап отырмыз.
Биылғы марафонда Ботай мәдениетінің орнаменттері айшықталып, жарысқа қатысушылардың киімдері ұлттық ою-өрнектермен безендіріледі.
– Жарыс халықаралық деңгейде өтетіндіктен, талап та жоғары болуға тиіс. Бұл туралы не айтасыз?
– Марафон – командалық жарыс. Бұл жерде біріншіден, ауызбіршілік керек. Ата-бабамыз ұзақ жолға шыққанда сапарласын жолда қалдырмаған. Жанындағы адамға қарайласу, атын жетектеп, мінгестіру деген болған. Жарысқа қатысушылар осының бәрін білуі керек. Сосын команда ретінде саналуы үшін бес аттың кемінде үшеуі мәре сызығын кесуге тиіс.
Сондай-ақ ветеринар дәрігердің аттарды алдын ала тексеріп, жүрек соғысына, жалпы күйіне (жылқы қаны құрамындағы судың деңгейі, температурасы, аяқ алысы) мән беруі де назарда болады. Тексеру талаптарынан өтпеген тұлпар міндетті түрде жарыстан шығарылады.
Сонымен қатар халықаралық доданың жүлде қоры да қомақты болмақ. Жеңімпаз командаға 100 мың, екінші орын алған командаға 70 мың, үшінші орын иеленгенге 50 мың АҚШ доллары табыс етіледі.
Ең бастысы, Қостанай және Адай жылқыларының тұқымдары әлемге әйгілі Араб, Ақалтеке, Қарабайыр, Иран сәйгүліктерімен бәсекеге түседі.
– Жарыста шабандоздар, жылқылар жарақат алып қалмауы үшін медициналық және ветеринарлық сақтандырумен қамтамасыз етіле ме?
– Біз екі жыл қатарынан жылқылардың жемшөбін, суын, тұзын, дәруменін уақытында дайындап беріп жүрміз. Кейбір аймақтың атбегілері жылқыға жемшөпті өздері береді. Қатысушыларды әр 15-20 шақырым сайын мал-дәрігерлер мен су көлігі күтіп тұрады. Адамдарға биодәретхана, биодуш жасап, суларды жылытып беріп, бәрін реттеп отырдық.
Марафонға қатысушы адамның сақтандыру полисі болады. Ол міндетті түрде керек. Ал жылқының ветеринар берген анықтамасы болуы керек. Аттарда чип те болады. Ветеринар жылқының күйін тексеріп отырады. Жоғарыда айтып өткенімдей, аттың жүрегі қатты соқса, қызуы көтерілсе жарысқа қатыстырылмайды. Талап өте қатаң.
– Марафонға әйелдер қызығушылық білдіре ме? Олар да бәйгеден қалыс қалмайтын шығар?
– 2023 жылы жарысқа Ақмола облысынан қыздар командасы шықты. Олар ер адамдардан қалмай, 500 шақырым жүрді. Ал биыл атбегілер қыздарды Қостанай жылқыларына мінгіземіз деп отыр.
«JORYQ» ат спорты федерациясы аттарды ұзақ сапарға дайындау тәсілін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне қосқысы келеді. Осы бағыттағы жұмысты бастап кеттік. Кезінде ата-бабаларымыз жылқыны ұзақ жолға баптау әдісін тұрмыста кеңінен қолданды. Ол бізге ата-бабадан мирас болып, тарам-тарам ұрпақ арқылы жетті. Бұл тәсілді ғалымдар да зерттейді. Ол туралы материалдар да шығады. Археологтер мен тарихшылар да осы тәсілді зерттеуге де кірісіп кетті.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ
«Egemen Qazaqstan»