Пікір • 19 Наурыз, 2024

Оқулықта олқылық болмасын

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтайға алғаш рет қатысып, оқулықтағы олқылық мәселесін көтердім. Өйткені әлі күнге дейін бұл проблема оңтайлы шешімін таба қойған жоқ. Бұған мектептегі 50 жыл еңбек өтілі бар математика пәнінің мұғалімі ретінде салыстырмалы түрде баға бере аламын.

Оқулықта олқылық болмасын

Бүгінде қаншама оқулық шығып жатыр. Осыған байланысты үш кемшілікті атап айтайын. Біріншіден, мазмұны дұрыс емес, көңілден шықпайды. Екіншіден, жүйелілік жойылған. Үшіншіден, дидактиканың қағидатында ең қарапайымнан күрделіге біртіндеп көшуі керек. Бұл талап сақталмай отыр.

Оқушы оқулықтағы тақырыпты тыңдап, талдау жасайды. Содан соң алған білімін біріктіріп, синтездейді. Ал синтезделген білімін біріктірген соң, тұжырымға айналдырады. Егер ондай тапсырмалар болмаса, оқушылар мектепте алған тұжырымды қалай бекітеді? Осыдан кейін репетитордан, не мұғалімінен қосымша дәріс алуға мәжбүр болады.

Сондықтан ата-аналарға, балаларға, мұғалімге түсінікті болатын бірыңғай фундаменталды оқулық шығарылса деген ойдамын. Бұл үшін мектеп мұғалімдерінің тәжірибесі ескерілуі қажет. Жаңа оқулықты сынақтан өткізудің маңызы зор. Сынақ кезінде оқушылардың қанша пайызы оқулықтағы тап­сырмаларды орындай алатыны ескерілгені жөн. Содан соң оқулықты барлық мектепке таратуға болады.

Қазір оқушының сабақта мобильді телефон қолдануына рұқсат жоқ. Бұл – дұрыс талап. Бірақ үзіліс кезінде оқушыға тыйым сала алмаймыз. Оқушы үзілісте әртүрлі сайтқа кіріп, ойын ойнайды, не түрлі ақпаратпен танысады. Ал мұғалім сабақ кезінде интернетке алаңдаған баланың зейінін аударуға тиіс. Оған тағы да уақыт керек. Баланың алған ақпараттары жүйке жүйесіндегі нейрондардан тұратын шеңберде сақталып қалады. Бұл әр балада физиологиялық ерекшелігіне байланыс­­­­ты 5–10 минутқа дейін созылуы мүмкін. Осы жағдай баланың сабақтан еш­қандай пайда алмауына әкеліп соғады. Баланың ата-ана­сы­на ескертіп, оқушыға телефонды мектептегі сабағын толық аяқтаған соң ғана ұстату керек. Сонда ғана сапалы білім алады.

Қоғамда түрлі оймен баланы өзіне тартатын адамдар тобы бар. Оқушыны сондай топтарға үйірсек болмауы үшін қо­сым­ша білім беру тобына, не спорттық үйірмелерге көбірек тарту қажет. Жасөспірімдер мектептен кейінгі уақытын өзі қала­ған спорттық үйірмелерде өткізсе, дені сау ұрпақ ретінде қа­лыптасар еді.

 

Алма ШҮКІЖАНОВА,

Семей қаласындағы №7 мектеп-лицейінің мұғалімі,

Қазақстанның Еңбек Ері