Пікір • 20 Наурыз, 2024

Жаман әдеттен тыйылған жөн

221 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұнайшылар өлкесі Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтқа қауіп төндіретін бес кеселмен күресудің мән-маңыздылығына ерекше тоқталды. Рас, дәстүрге айналған алқалы жиында біраз пайымды ой айтылып, келелі бастамалар көтерілді. Әсіресе Мемлекет басшысы тізбектеген осы кеселдерге ерекше тоқтауды жөн санадық. Өйткені жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек.

Жаман әдеттен тыйылған жөн

«Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, елі­міздің өсіп-өркендеуіне кедергі бо­латын жаман әдет, жа­ғымсыз қылық және қауіпті ке­селден құты­луымыз керек», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ден­саулық сақтау сала­сының өкілі ретінде Пре­зи­­дент­тің бұл пікірін толығымен қол­дай­мын.

Біріншіден, қазір есірткі саудасы, атап айтқанда синтетикалық есірткінің айналымы белең алып тұр. Мемлекет басшысы айт­қандай, тек былтыр есірткіге қа­тысты 7,5 мыңнан аса қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Астана ме­дицина университеті бола­шақ дәрігерлерді даярлайтын білім ордасы болғандықтан бұл кеселдің қаншалықты зиян екенін жақсы біледі әрі бұл бағыттағы профилактикалық ағарту жұмыс­та­рын белсенді жүргізіп жатыр. Өкініштісі, нашақорлық – жас ұрпақтың арасында тез таралып жатқан қауіпті індеттің бір түрі. Сол себепті оны ең ауыр қылмысқа теңестіру қажет деген бастама құп­тарлықтай.

Екіншіден, Құрылтайда Мем­лекет басшысы тұтастай халқы­мыз­дың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан вейп мәселесін тағы бір мәрте көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Парламентте вейптерді елімізге әкеліп, оны өндіріп таратқан адамдарды қылмыстық жауапқа тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Осы амал сәнге айналған қауіпті үрдісті шектеп, бетін қайтарады деген үміт­теміз.

Үшіншіден, адам ағзасына зиян тағы бір оғаш әдеттің бірі – насыбай ату. Оның құрамында түрлі дертті, мысалы онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Шындығына келгенде, аталған затты пайдаланып, жер-дүниені лас­тау­ды ата дәстүрге балау қи­сынсыз. Сондықтан бұл көрі­ніс­ті тежеу қажет.

Төртіншіден, қазір лудомания қоғамның бас ауруына айналып отыр. Елімізде қаншама азамат бар жинаған қаражаты мен тапқан-таянғанын құмар ойындарға жұмсап, тіпті осы мақсатта кредит алып жатқандар да бар. Бұл сұмдық жағдай. Расымен де лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып отырған қатер. Мұның салдарынан заңды бұзып, қылмысқа барып отырған азаматтар жетерлік. Осы дерттің суицидтің артуына да сеп болып отырғаны жасырын емес. Қынжылтатыны онлайн-ойындар ба­лалардың ермегіне айналып ба­рады. Президент Үкіметке лудоманиямен күреске қатысты жоспар қабылдауды тап­сырған болатын. Осылайша, құмар ойындарға заң жүзінде шектеу қойылмақ.

Бесіншіден, қоғамда агрес­сияның күшейіп бара жатқанын аңғару қиын емес. Бөтен адамға тіл тигізіп, ар-намысын таптау, тіпті жұдырығын ала жүгіру үй­реншікті құбылысқа айналды. Қоғамдық көлік пен жедел жәрдем жүргізушілеріне қаты­гез­дік таныту, әсіресе медицина қауы­мын алаңдатып отырғаны рас. Пре­­зидентіміздің бұл мәселеге де назар аударуы бізді қуантты. Яғни қоғамда тәртіп орнап, заңның салтанат құратынына сенім мол.

«Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп ұлы хәкім Абай айтқандай, жоғарыда тізілген мәселелерді жөнге келтіріп, жолға қойсақ тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болады деген ойдамын.

 

Камалжан НАДЫРОВ,

Астана медицина университетінің басқарма төрағасы-ректор