Пікір • 19 Наурыз, 2024

Жастарға үміт артылды

139 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлы даланың төрінде Ұлттық құрылтай өткізу дәстүрімізге айналды. Атырауда өткен келелі кеңестің кезекті жиынында идеология сала­сында жүргізілетін кешенді жұмыстың нақты бағыт-бағдары ай­қын­далды.

Жастарға үміт артылды

Соның ең өзектісі – халқы­мыз­дың береке-бірлігін сақтау. Ел ағалары арасындағы ауызбірлік ұрпаққа өнеге. Біз өзіміз жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп отыр­ған­дықтан, олардың адал адам болып қалыптасуына, саналы тәрбие алып, жақсы оқып, адал еңбек етіп, адал табыс табуына мейлінше ықпал етуіміз керек.

Атырау төрінде өткен Құрыл­тай­дың үшінші оты­рысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар құндылыққа тоқ­­талды. Бұл құндылықтардың ал­­­­дыңғы қатарында – тарихы­мыз­ды түген­деу, тілімізді дамы­­ту, мәдени мұра­ны дә­ріптеу, дін мәселесі, отан­шыл аза­мат­тар тәрбиесі, эко­но­ми­ка­мыздың дүниежүзілік бәсе­ке қа­­бі­­леттілігін арттыру, заң және тәр­­­тіп тұр. Сайып келгенде мұның бәрі – елімізде әділ қоғам орна­ту­дың, озық дамыған мемлекет құрудың алғышарттары. Ол үшін не керек?

Біздің жастарымыз жаңаша ойлай білгені абзал. Әсіресе білім және ғылым саласын дамытудың бүгінгі таңда орны бөлек. Қазір әлем дамудың жаңа сатысына қадам басты. Мұндай сәтте ғылым біздің өмірімізде негізгі рөл атқарады. Қоғамның дамуына, технологияның алға жылжуы­на және адам өмірі мен тұрмыс жағдайын жақсартуға мол мүм­кіндік тудырады. Ғылымның маңызын терең түсіну, ғылыми зерт­теулерді одан әрі қолдау және дамыту – адамзаттың болашағына қажетті басты шарт­тың бірі.

Елімізде талантты жастар бар­шылық. Университетімізде әлем­дік деңгейде таныла бас­таған жас ғалымдарымыз бұл жиыннан құнарлы нәр алып, сөз жоқ, едәуір сер­пілістің қайнар бастауын­да тұр­ғандай әсерді сезіндіреді. Ел бо­ла­шағы – жастардың қо­лында. Демек ортақ мақсатқа ұйыс­қан ұлт­тың ертеңі – жастар екенін қадап айтуы­мыз керек. Құрыл­тай­дың басым бағыты осы болса керек.

 

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры