Пікір • 20 Наурыз, 2024

Әйел мен бала құқығы институты қажет

145 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтайда көтерілген өзекті мәселенің бірі – әйел мен балаға қатысты зорлық-зомбылық. Бұл мәселе адам құқықтары мен бостан­дық­тарын өрескел бұзу ретінде ішкі саяси және ха­лық­аралық пікірталастардың басты тақырыбына айналды.

Әйел мен бала құқығы институты қажет

Фото: qazaqstan.tv

Қазіргі уақытта Парламентте отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Бұл – қыз-келіншектерді қолдаған қоғамның ұйымшыл жұмысы ғана емес, жылдар бойы зорлықтың құрбаны болған әйелдердің көз жасы, саяси батыл шешімі.

Мемлекет басшысы бұл мәселелерді бақылауында ұстап отыр. Бұл әрине, қуанарлық жайт. Алайда жақсы идеялар мен бастамалар сапасыз, жосықсыз жүзеге асырылса, көздеген межеге жетпей қалуымыз мүмкін. Президент тапсырмаларының бірінде әйел мен балаға қатысты қылмыстардың ерекшеліктерін ескере отырып, мұндай істерді тек әйел тергеушілер жүргізу керек екенін айтқан еді. Осыған орай айтарым: біріншіден, ІІМ-де ауыр және аса ауыр қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергейтін әйел тергеушілер саны аз. Екіншіден, бұл бағыттағы мамандардың басым көпшілігінде (тек әйелдер емес) әйелдердің, балалардың және мүгедектердің жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстарды тергеу тәжірибесі жеткіліксіз. Демек арнайы әдістеме әзірлеп, практиктердің қатысуымен тергеушілерді дайындау қажет.

Бүгінде Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен заңгерлер тобы дайындаған 40-тан астам қылмыстық және басқа да санаттағы істі қарастырып жатырмыз. Оның ішінде туған әкелерінің қызына көрсеткен жыныстық зорлық-зомбылығы бойынша 12 қылмыстық іс бар. Осы істерді жүргізу барысында зорлық-зомбылық құрбандарының көбі өз құқықтары мен мемлекет бере алатын мүмкіндіктерді білмейтінін аңғардық. Сондықтан қалаларда ғана емес, шалғай елді мекендерде де құқықтық сауатты арттыратын әйел мен бала құқығын қорғау институтын құруды ұсынамын.

Елімізде зорлық-зомбылық құрбандарына, әсіресе балаларға құқықтық және психологиялық көмек көрсеткен «One-Stop-Service» жобасы 9 ай бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ балалардың өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің тергеуіне назар салсақ. Қылмыстық істер «өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша тіркеліп, кейін нақты себептері анықталмағандықтан жабылып қалады. Шын мәнінде, суицидтің себептерін, яғни жәбірленушіге қатысты қандай да бір адамның заңсыз әрекеттерінің себептерін анықтай алмау қылмыстың ашылмағанын білдіреді.

Ең алдымен Қылмыстық кодекстің 105-бабымен тіркелген барлық қылмыстық істі зерделеу («суицидке дейін жеткізу») қажет. Суицид көп жағдайда зорлық-зомбылық немесе басқа қылмыстың салдарынан болады.

Бұған қоса балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы көптеген резонанстық істе БАҚ өкілдері бізден бұрын қимылдайтыны белгілі. Ал ақпараттардың дені көп жағдайда жәбірленушілердің психологиялық күйзелуіне алып келеді. Тіпті кейбіреулері «ар-намысты» алға тартып, өз-өзіне қол жұмсауға дейін жетеді. Осыған байланысты зорлық-зомбылықты насихаттайтын бағдарламаларға тыйым салуды ұсы­намын. Керісінше, халықтың пайдасына қабылданатын заң­дарды насихаттау, көрермендердің құқықтық сауатын арт­тыру аясындағы ақпараттарды көбейту қоғамға оң әсерін тигізер еді.

Кейінгі жылдары есірткі саудасында жастар көбейіп кетті. Көп жағдайда қылмыстық жауапкершілікке негізгі тапсырыс алушы, яғни нақты сатушылар емес, делдалдар тартылатынын ескеру қажет. Бас жеткізушісі табылмай, 17-20 жас аралығындағы боздақтар 1 грамм үшін ұзақ мерзімге бас бос­тандығынан айырылып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекс­ке сәйкес, салмағы көп есірткі заттары түріндегі дәлелдемелер сотқа жетпей, жойылады. Заңнаманың осы тұсына өзгерістер енгізу қажет.

Біз көп уақыттан бері дабыл қағып келе жатқан тағы бір мәселе – азаптау. Бұл мәселені Қылмыстық-атқару жүйесі түзетпейді, түбегейлі түрме реформасы қажет. Сонымен қатар жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған кезде жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түрге ауыстыру, жазаны кейінге қалдыру бойынша кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге судьялардың ұйғарымы қолданылады. Яғни сот өз қалауы бойынша әрекет етеді. Бұл сыбайлас жемқорлық пен кемсітушілікке әкеледі. Қылмыстық-атқару кодексі халықаралық нормалар мен отан­дық тәжірибені ескере отырып, өзгертілуге тиіс.

Отбасылық зорлық, гендерлік теңдік төңірегінде шешіл­меген түйін көп. Десек те Президенттің батыл бастамаларды үнемі қолдап, мемлекеттік органдарға маңызды тапсырмаларды уақтылы беріп отырғаны қуантады. Тек әрбір тапсырма сапалы әрі уақтылы орындалу керек. Әйтпесе, нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.

 

Айман ОМАРОВА,

Ұлттық құрылтай мүшесі