Қоғам • 20 Наурыз, 2024

«Ұлыстың Ұлы күні» Наурыз телемарафоны өтті

132 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен «Ұлыстың Ұлы күні» Наурыз-марафоны өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ұлыстың Ұлы күні» Наурыз телемарафоны өтті

Төрт сағатқа созылған мерекелік марафонға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Қарақат Әбден, Үнзила Шапақ, Жанарбек Әшімжан, Нұргүл Тау, Наталья Дементьева, Дәулет Мұқаев, Сенат депутаттары Дархан Қыдырәлі, Геннадий Шиповских, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері,  өнер мен мәдениет өкілдері, және ерекше ерлігімен көзге түскен азаматтар қатысты.

Наурыз телемарафонында: арнайы құрылған этноаумақ, түрлі тақырыптағы талқылаулар өткізілетін дискуссия алаңы, танымал меймандармен сұхбат жүргізілген экспресс-камера және ұлттық ойындар көрсетілген арнайы алаң мен өнер және сән үлгілері ұсынылған сахна ұйымдастырылды.

Дискуссия алаңында «Наурызнама» (Наурызды заманға сай мерекелеу дәстүрін қалыптастыру) тақырыбы бойынша: этнограф Серік Ерғали, «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы, ақын Серікзат Дүйсенғазы және журналист Гүлбану Әният өз ойларын ортаға салды. «Ұлттық сезім» (ұлттық киім әдебі, музыка, кино, спорт, театр саласындағы жетістіктер) дискуссиялық тақырыбы бойынша Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, журналист, блогер Алмас Алтай, этно-дизайнер Тарбия Айдынбаева мен актер Нұркен Өтеуіл өзара пікір алмасты. Ал «Жаңа заманның адамы қандай болуы керек?» деген сұраққа ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, блогер Арай Әлімхан, этно-дизайнер Тұрар Саттарқызы және блогер Аман Мамбетәлі жауап берді.

Бұдан бөлек, марафонға Алматы облысының Іле ауданында автобус апаты кезінде жолаушыларды аман алып қалған 8-сынып оқушысы Ақжол Герой, боранда жолда қалған жүкті әйелге көмектескен Ерейментау аудандық Төтенше жағдайларды жою бөлімінің қызметкері Амангелді Доскенов, мұз ойылып, суға түсіп кеткен 17 жастағы елорда тұрғынын құтқарып қалған Мереке Едресов,  1500-ге жуық музыкалық аспапты жинап, сақтап жүрген  қолөнер шебері, музыкатанушы Азамат Бақия, бүркітші, «Qazaqstan» телеарнасынан шығатын жаңа «Бүркітші қыз» телехикаясының кейіпкері Айшолпан Нұрғайып, алып күш иесі, Гиннес кітабының рекордшысы Сергей Цырульников қатысты және Алматыдағы жер сілкінісі кезінде ота жасауын тоқтатпаған Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының хирургы Ахыт Бағдат тікелей қосылымға шықты.

Жобаның теленұсқасы «Qazaqstan» арнасынан 22 наурыз күні сағат 11:45-те эфирге шығады.