Мереке • 21 Наурыз, 2024

Ынтымақ – ырысымыз

203 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Наурыз мейрамының тұжырым­дамасына сәйкес 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күн өткен өмірімізді еске түсіруге, ата-бабаларымыздың ұлан-байтақ жеріміз бен бірлік-берекеден айнымаған елдігімізді сақтау мен қалыптастыруға қосқан үлесінің маңыздылығын жете түсінуге негізделген.

Ынтымақ – ырысымыз

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Сонау Атыраудан Алтайға дейінгі кең даланы ежелден мекен етіп келе жатқан кеңпейіл, қонақжай ел өзінің тілін, ділін, дәстүрлерін барынша біркелкі сипатта сақтап қалуға тырысты. Оған себеп болған басты нәрсе – халқымыз әрдайым өзара туысқандық үрдістерін ұлттық салт-сана арқылы орнықты еткен, бір-бірінің мұң-мұқтажын түсінуге, бір-біріне рухани дем беруге мән берген. Сондықтан дәстүрлі қоғамның негізгі ұстанымдары мен құндылықтарын барынша бойына сіңірген ел этикалық қалыптар мен бағдарларды өзінің рухани әлеміне тұғыр еткен.

Халқымыздың көңілінің дарқан­дығы мен мәрттігі, ілтипаты мен ізгілігі, бауырмалдығы мен туысқандығы осындай тарихи тамырлардан, рухани сабақтастықтан бастау алады. Қазір елімізде қазақ халқы мен сандаған этнос өкілі иық тіресе, тату-тәтті тіршілік кешіп жатыр. Этностардың басым бөлігі өткен ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңінде тағдырдың жазуымен қазақ жеріне қоныс тепті. Кеңқолтық қазақ даласы келген жұрттың ешқайсысын алаламай, бәрін баурына басты, барымен бөлісті. Олардың мәдениеті, тілі, діні мен салт-дәстүріне қорған болды. Этнос өкілдері де ынтымақ пен татулықты ту етті, оны бүкіл қоғамның даму іргетасы ретінде қабылдап, салиқалы саясат жүргізді. Тәуелсіздік жылдары елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, көптеген ұлттық-мәдени орталық қызметінің жандануы да – осының нақты айғағы. Ассамблеяның қоғамдық-саяси институт ретінде қалыптасып, ұлттық бірлік пен этносаралық қатынастарды дамытып, өркендету жолындағы қадамдары алыс-жақынның да назарын аударып, қызығушылығын туғызып отыр.

вапр

Бүгінде қазақ жері – кім­нің де болса шабыты мен жасам­паз­ды­ғы­ның, пайым-параса­ты­ның, ақыл-са­на­сының, адам­гершілігінің қайнар бұлағы. Қазақ жері – ұлы сезімдер мен арман-мақсаттарға жетелейтін, қайратқа қайрат қосатын қасиетті ме­кен. Туған елімізді көркейту, оның алдын­дағы адамдық парызымды өтеу – зор жауапкершілік және абыройлы міндет. Туған жерге құрмет қарт тарих пен салт-дәстүрге, тіл мен дінге, атамекенге деген шынайы тағзымнан басталады. Өзара сыйластық пен ынты­мақтың негізі де осында.

Бірлік, бейбіт өмір тұрғы­сында бізге қашанда тартымды, жүйелі, сабырлы саясат қа­жет. Қоғамымыз ақыл мен са­быр­ды бірлікке жүгіндіру арқы­лы тыныштығы мен тұтас­ты­ғын берік сақтап келеді. Сон­дық­тан ынтымақ – қол жет­кен жеңіс­теріміз бен жетістік­тері­міздің алтын арқауы, тұрақ­тылық пен тыныштықтың кілті, Тәуел­сіздіктің бірден-бір тірегі екенін әр кез естен шығармауымыз керек.

Ынтымақ күні бізді ұлттық құнды­лық­тарға оралтып қана қоймай, ел ішіндегі ағайын мен сырттағы бауырларды байланыстырушы көпір ретінде қызмет етеді. Осы орайда ел көлемінде мәдени, рухани әралуандықты ұлтты ұйыстырушы тетікке айналдыруды мақсат тұтқан бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Бұл күні жалпыұлттық теле­мара­фон – еліміздің түкпір-түкпірін­дегі тұрғындар мен шетел­дегі қандас­тардың қаты­суы­мен тікелей эфирдегі құттық­тау эстафетасы өткізілді. Теле­марафон – шетелдегі отандастарымыз бен достарымыз үшін Наурыз мейрамын бізбен бірге атап өтуге жасалған тамаша мүмкіндік.

Елордада ЭКСПО халық­аралық көрме орталығында Этноауыл ашы­лып, оның аумағын­да алыс-жа­қын шетелдердің (Түркия, Иран, Әзер­байжан, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғыз­стан) үздік шеберлерінің қатысуымен қолөнершілер жәрмеңкесі жұмыс істеді. Бұл жәрмеңке ғана емес, әртүрлі халықтардың мәдени дәстүр­лерін өзара байланыстыратын ерекше сән-салтанат болады.

Бағдарламада шығармашылық ұжымдардың мерекелік қойы­лым­дары, ұлттық тағамдар гастро­фес­ти­валі, ұлттық спорт түрлері бойын­ша бұқаралық жарыстар, шығар­машылыққа арналған open space аймақтарының жұмысы (сурет салу, қыш өнері, домбырада ойнау, қобыз, балаларға арналған мүсін және т.б.) қарас­ты­рылған. Дәл осындай бағдар­лама басқа өңірлерде де іске асырылады. Аталған шаралар этни­калық, тілдік және діни ерек­ше­лігіне қарамастан, барлық тұрғындардың Наурызнамаға деген ықыласын артты­руға бағыт­талған.

Ынтымақ күні – еліміздегі ұлт­ара­лық жарастық пен сыйлас­тық­тың бірегей үлгілері мен дәстүр жал­ғастығын паш етіп, мәдени мұра­мызды, ұлттық құндылықтарды ұлық­тап, бір-бірімізге деген құрметімізді тағы бір танытатын тағылымды мереке.