Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Сонау Атыраудан Алтайға дейінгі кең даланы ежелден мекен етіп келе жатқан кеңпейіл, қонақжай ел өзінің тілін, ділін, дәстүрлерін барынша біркелкі сипатта сақтап қалуға тырысты. Оған себеп болған басты нәрсе – халқымыз әрдайым өзара туысқандық үрдістерін ұлттық салт-сана арқылы орнықты еткен, бір-бірінің мұң-мұқтажын түсінуге, бір-біріне рухани дем беруге мән берген. Сондықтан дәстүрлі қоғамның негізгі ұстанымдары мен құндылықтарын барынша бойына сіңірген ел этикалық қалыптар мен бағдарларды өзінің рухани әлеміне тұғыр еткен.
Халқымыздың көңілінің дарқандығы мен мәрттігі, ілтипаты мен ізгілігі, бауырмалдығы мен туысқандығы осындай тарихи тамырлардан, рухани сабақтастықтан бастау алады. Қазір елімізде қазақ халқы мен сандаған этнос өкілі иық тіресе, тату-тәтті тіршілік кешіп жатыр. Этностардың басым бөлігі өткен ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңінде тағдырдың жазуымен қазақ жеріне қоныс тепті. Кеңқолтық қазақ даласы келген жұрттың ешқайсысын алаламай, бәрін баурына басты, барымен бөлісті. Олардың мәдениеті, тілі, діні мен салт-дәстүріне қорған болды. Этнос өкілдері де ынтымақ пен татулықты ту етті, оны бүкіл қоғамның даму іргетасы ретінде қабылдап, салиқалы саясат жүргізді. Тәуелсіздік жылдары елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, көптеген ұлттық-мәдени орталық қызметінің жандануы да – осының нақты айғағы. Ассамблеяның қоғамдық-саяси институт ретінде қалыптасып, ұлттық бірлік пен этносаралық қатынастарды дамытып, өркендету жолындағы қадамдары алыс-жақынның да назарын аударып, қызығушылығын туғызып отыр.
Бүгінде қазақ жері – кімнің де болса шабыты мен жасампаздығының, пайым-парасатының, ақыл-санасының, адамгершілігінің қайнар бұлағы. Қазақ жері – ұлы сезімдер мен арман-мақсаттарға жетелейтін, қайратқа қайрат қосатын қасиетті мекен. Туған елімізді көркейту, оның алдындағы адамдық парызымды өтеу – зор жауапкершілік және абыройлы міндет. Туған жерге құрмет қарт тарих пен салт-дәстүрге, тіл мен дінге, атамекенге деген шынайы тағзымнан басталады. Өзара сыйластық пен ынтымақтың негізі де осында.
Бірлік, бейбіт өмір тұрғысында бізге қашанда тартымды, жүйелі, сабырлы саясат қажет. Қоғамымыз ақыл мен сабырды бірлікке жүгіндіру арқылы тыныштығы мен тұтастығын берік сақтап келеді. Сондықтан ынтымақ – қол жеткен жеңістеріміз бен жетістіктеріміздің алтын арқауы, тұрақтылық пен тыныштықтың кілті, Тәуелсіздіктің бірден-бір тірегі екенін әр кез естен шығармауымыз керек.
Ынтымақ күні бізді ұлттық құндылықтарға оралтып қана қоймай, ел ішіндегі ағайын мен сырттағы бауырларды байланыстырушы көпір ретінде қызмет етеді. Осы орайда ел көлемінде мәдени, рухани әралуандықты ұлтты ұйыстырушы тетікке айналдыруды мақсат тұтқан бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бұл күні жалпыұлттық телемарафон – еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар мен шетелдегі қандастардың қатысуымен тікелей эфирдегі құттықтау эстафетасы өткізілді. Телемарафон – шетелдегі отандастарымыз бен достарымыз үшін Наурыз мейрамын бізбен бірге атап өтуге жасалған тамаша мүмкіндік.
Елордада ЭКСПО халықаралық көрме орталығында Этноауыл ашылып, оның аумағында алыс-жақын шетелдердің (Түркия, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан) үздік шеберлерінің қатысуымен қолөнершілер жәрмеңкесі жұмыс істеді. Бұл жәрмеңке ғана емес, әртүрлі халықтардың мәдени дәстүрлерін өзара байланыстыратын ерекше сән-салтанат болады.
Бағдарламада шығармашылық ұжымдардың мерекелік қойылымдары, ұлттық тағамдар гастрофестивалі, ұлттық спорт түрлері бойынша бұқаралық жарыстар, шығармашылыққа арналған open space аймақтарының жұмысы (сурет салу, қыш өнері, домбырада ойнау, қобыз, балаларға арналған мүсін және т.б.) қарастырылған. Дәл осындай бағдарлама басқа өңірлерде де іске асырылады. Аталған шаралар этникалық, тілдік және діни ерекшелігіне қарамастан, барлық тұрғындардың Наурызнамаға деген ықыласын арттыруға бағытталған.
Ынтымақ күні – еліміздегі ұлтаралық жарастық пен сыйластықтың бірегей үлгілері мен дәстүр жалғастығын паш етіп, мәдени мұрамызды, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, бір-бірімізге деген құрметімізді тағы бір танытатын тағылымды мереке.