Мереке • 21 Наурыз, 2024

Халықты ұйыстырған мереке

150 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тұтас елді ұйыстырған Ұлыстың ұлы күнін елордадағы Достық үйі де ерекше атап өтті. Өзге этнос өкілдері ақшаңқан киіз үйлер тігіп, ас беріп, алыс-жақыннан келген қонақтарға сый-құрмет көрсетіп, думанды той ұйымдастырды.

Халықты ұйыстырған мереке

Қазақы нақыштағы ұлттық киім, бозкілемде белдескен ба­луандар, алтыбақан тепкен жастар мен мерекенің әрін аша түсті. Елдегі 100-ден аса этнос өкілі осылайша «Қош келдің, әз Наурыз!» деп Достық үйі маңын қазақ аулына айналдырды. Жиылған жұрттың қарасы қалың, бірі көрісіп, бірі дәмнен ауыз тиіп, арқа-жарқа болды. Мерекені ұлықтағандар арасында жетпісті еңсерген әжей Сафура Ғабидоллақызы да бар.

«Наурыз – жыл басы. Таби­ғаттың жаңарып, тіршіліктің жан­данып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы. Бұл мейрамда адами құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүріміз жаңғырады. Бүгінде қазақ қоғамында айтулы мереке барша отандасымызға ортақ азаматтық мейрам сипатын алып келеді. Ата салтында Наурыз мейрамы болмаған өзге этнос өкілдері де мерекені тойлап жүр. Демек елдегі ынтымақ пен бірлік бекем деген сөз. Көз көрген дүниені бала санасында мәңгі сақтайды. Міне, осыны жастайынан ұғынсын деп, үйдегі екі немеремді ерте келдім», деді қала тұрғыны.

Асыр салып асық атқан балалар­дың күлкісі, үлкендердің жүзіндегі мейірім мейрамның маңызын ғана емес, елдегі өзге этнос өкілдерінің мәдени байланысының тереңдігін аңғартты. Көп ұзамай ұлық той мерекелік концертке жалғасты. Дүйім жұртқа Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов жүрекжарды тілегін білдірді.

«Тәуелсіздік жылдарынан күні бүгінге дейін Наурыз мей­рамының мән-маңызы артып келеді. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Наурызнаманың онкүндігі бекітілді. Амал күнінен басталған мейрам еліміздің әр өңірінде жоғары деңгейде аталып өтіп жатыр. Бұл – бірлік пен ынтымақ, жаңғыру мен жаңару, үміт пен ұмтылыстың мерекесі. Ұлыс оң, ақ мол болсын!» деді ол.

Мереке қарсаңында қайырым­дылық жасап, үлес қосқан Ассам­блея мүшелері марапатталды. Іс-шараға елшілер, Астана қала­сы әкімдігінің, мемлекеттік орган­дардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен ҚХА мүшелері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары, қонақтары қатысты.

«Бауырлас халық үшін мереке береке-бірліктен бастау алады. Өзбек халқының Наурыз мерекесін қарсы алу салты қазақ дәстүріне ұқсас. Олар да бұл күндері бір-біріне қонаққа барып, сан түрлі ұлттық тағам жасап, күрес, бәйге, асық ату сияқты ұлттық ойында­рымызға қатысып, тамашалайды. Тамыры сабақтас мерекеде адам­дар бір-біріне деген өкпе-ре­ніш­терін ұмытып, кешірімді болып, жүректерін мейірімділікке толтыруға тырысады», деді Өзбек­стан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев.