Қоғам • 22 Наурыз, 2024

Кері санақ іске қосылды

142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов елордада V Дү­ние­­жүзілік көшпелілер ойын­­дарының басталуы­на қанша күн қалғанын көр­сетіп тұратын кері санақ тақтасын салтанатты түрде іске қосу рәсіміне қатысты. Бүгіннен санап бастасақ, Қазақстанда өтетін көшпелілер ойындарына 170 күн қалды.

Кері санақ іске қосылды

Жиынға Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының пре­зи­денті Біләл Ердоған, Туризм және спорт министрі Ермек Мар­жықбаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов қатысты.

Салтанатты рәсімді ашқан Мәжіліс спикері жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, Дүниежүзілік көшпелілер ойыны түркітілдес халықтардың ғана емес, әлемнің назарын аударған байрақты бәсеке екенін атап өтті.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов қазіргі уақытта елімізде әлемдік жарысқа дайындық қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты. «Осы дүбірлі жарысты Қазақстанда абыроймен өткізу – баршамыз үшін үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Мемлекет басшысы бұл доданы жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Біз Көшпелілер ойынын сән-салтанатымен лайықты деңгейде өткіземіз деп зор сенім­мен айта аламын. Бұл сайыс бауырлас түркі халықтары арасын­дағы өзара ынтымақтастық пен мәдени қарым-қатынасты арт­тыруға тың серпін береді. Елдері­міздің арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайта түседі деп сенемін», деді Мәжіліс спикері.

Қазақстанда өтетін Көш­пелілер ойынына әлемнің 100 елінен өкілдер қатысады деп күтіліп отыр. Қазірдің өзінде 60 елдің келісімі бар. Спорттың 20 түрінен 4 мыңға жуық қатысушы сынға түседі. Ұлы дала төсін дүбірге бөлейтін мереке бір аптаға созылады.

Салтанатты рәсімнен соң меймандар «Наурыз мейрамы Астана 2024» қолөнершілер жәрмеңкесін аралап, Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік концертті тамашалады.