Қоғам • 22 Наурыз, 2024

Түркі әлемі: кешеден – келешекке

214 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақал тамыры бір, та­ри­хы ортақ түркі жұр­ты­ның ауызбірлігіне қара­­та айтылғандай әсер қал­­д­ырады. Жыл санап ық­палы мен беделі артып жатқан бауырлас ха­лықтардың басын қосқан ұйымдарға халық­аралық қауымдастық та қызығушылық танытып отыр.

Түркі әлемі: кешеден – келешекке

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жаңа кезең, жаңа қадам

пп

Сұлтан РАЕВ,

Халықаралық TҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, Қырғыз Республикасының халық жазушысы:

– Қазақстан – Еуразияның кіндігі. Бұл ретте Қазақстан түркітілдес ха­лық­тардың рухани қайта өрлеуіне жаңа мүмкіндік ашып берді. Діні мен ділі бір, түйенің қос өркешіндей, тонның ішкі бауындай, құстың екі қанатындай туыс елдер ең алғаш мәде­ниет арқылы, рухани туыстық арқылы бірікті. Бұл – бір туған, тағдырлас елдердің асыл бірлігі.

Бүгінде біз тарихи кең далада ұлы Тұран идеясын ту етіп көтерген Алаш арыстарының арманын жалғастырып келеміз. Іргелі ТҮРКСОЙ ұйымы елдеріміздің егемендігімен құрдас, тағдырлас. Отыз жыл жаһандық  ұйымға дейін кеңейіп, қанат жайды. Негізгі миссиямыздың арқасында бір туған, тамырлас, қандас түркі елдерінің мәде­ниет арқылы ықпалдасуына, дамуы­на кең жол аштық. Осы жылдар­да ұйым жүздеген мәдени жоба жүзеге асы­рып, мәдениеттерді араластырды, тіл­дер­ді жақындатты, түр­кі мәдениетін әлем­­дік мәдениеттің ажырамас бөлігі ре­тін­де танытуға көп еңбек сіңірді. Жа­һан­дану кезеңіндегі мәдениеттің рөлі жо­ғарылаған дәуір­де ұйымымыз жаңа мәдени кезеңге өту жолында түр­кі жұртының шаңы­рағы болуды көздей­ді. Айталық, ұйым ірі жобаларды Қа­зақ­­станда іске асырды. Біз «Түркі дүние­сінің мә­де­ни орталығы» атты жобамызды да Ас­танадан бастағанбыз. Бүгінде «Түркі дүниесінің мәдени орталығы» жобасы ең маңызды мәдени трендке ай­налды. Ал көне Түркістан – Түркі дүние­сінің рухани орталығы дәрежесін түбегейлі алды. Ұлы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың рухы, қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, 59 батыры жатқан Түркістан – Түркі дүниесінің рухани астанасы. Қазақ тарихындағы ұлы тұлға Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығын жал­пы түркі дүниесіне бел­гілі бағытта үлкен іс-шарамен баста­дық. Ұйым Сұл­тан Бейбарыстың тарихи портретін, тарихи орнын көрсететін деректі фильм түсіріп жатыр.

Әлемдегі өзгерістер алдымызға жаңа міндет, жаңа көзқарас және жаңа жауап­кершілік жүктеп отыр. Де­мек ұлт­тық, жалпы түркілік сезім бізді бү­гін­гі заман сұранысына сай жауап бе­ру­ге үндейді. Сондықтан біз әлем­дік барша өзгеріске рухани дүние­мізбен, рухани бірлігімізбен, рухани жаңғыруымыз­бен ғана жа­уап береміз. Бауырлас ха­лық­тар ортақ мүдде жолында болашақ­­қа жаңа қадам, жаңа кезеңге аяқ басты.

 

Бізді біріктіретін мейрам

оо

Фахреттин АЛТУН,

Түркия Республикасы Президент Әкімшілігінің коммуникациялар басқармасының басшысы:

– Наурыз мерекесі – Орталық Азиядан Анадолыға дейінгі түркі кеңістігінде ғасырлар бойы тойланып келе жатқан көне мереке. Биыл түркі әлемі қа­сиетті Рамазан айында Наурыз мере­кесін тойлаудың қуанышын сезі­ніп жатыр. Бұл қуанышымызға қуа­ныш, бақытымызға шаттық қоса­ды. Себебі түркі жұрты үшін Нау­рыз молшылық пен бірлікті білді­реді. 2009 жылы ЮНЕСКО-ның «Ма­те­риалдық емес мәдени мұралар тізі­міне» енгізілген Наурыз мейрамы БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан да Халықаралық Наурыз мерекесі ретінде ресми түрде қабылданды. Осылайша, бұл мейрам түркі әлемінің ортақ әлеуметтік, мәдени құндылықтарға ұйысуына жол ашты. Сондай-ақ Наурыз түркілердің салт-дәстүрін, мәдениетін қорғауға және сақтауға деген ерік-жігерінің көрсеткішіне айналды. Наурыз мейрамын ерекше атап өтетін қазақ халқының түркі әлемінің көне мәдениетіне қосқан үлесі зор.

Түркі әлемі – тарихта қиын-қыс­тау күрестен өткен, әрқашан бір-бі­ріне қолдау көрсетіп келген өрке­ниеттің мұрасы. Біз мұны келешек ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап жеткізуге міндеттіміз. Түркі бірлігі ортақ мәдени құндылықтарды қорғау, экономикалық-саяси ынтымақ­тас­тықты нығайту арқылы жүзеге аса­ды. Бұл үшін ортақ мүдде жолында бір-бірімізді қолдап, бірлесіп әрекет етуге тиіспіз. Сонда ғана түр­кі одағы тиімді күш ретін­де бүкіл әлемдегі бей­бітшілікті қамта­масыз етуге үлкен үлес қосады. Сол себепті 100 жылдығын тойлаған Түркия Республикасы ретінде біз де түркі дәуірінің әрі қарай тамыр жайып, өркендеуіне күш саламыз. Президентіміз Режеп Тайип Ер­до­ған мырзаның басшылығымен түркі әлемімен, дос және бауырлас Қазақ­станмен бірге ілгері жылжып, түркі ғасырын әлемге айшықтау жолында күш-жігерімізді біріктіруге атсалысамыз. ХХІ ғасырда мақсат етіп отырған «Түркі дәуірі» ұраны экономикалық және саяси ғана емес, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан ілгерілеп, дамуы қажеттігін айтқым келеді.

Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы болған Қазақстанның «Түр­кі дәуірі» тұжырымдамасын іске асыруға біздің елдердегі қоғамның барлық топтарының қатысуы мен қолдауы маңызды. Бұл мақсатқа жетуде халықтарымыздың бірлігі жарасып, ынтымағы арта беруге тиіс.

Біз Қазақстанның жетістіктерін мақтан тұтамыз және қиындықта қолдау білдіруге әрқашан дайынбыз. Қазақ бауырларымыздың да Түркияға деген көзқарасы ерекше екені анық. Қазақ ақыны Мағжан Жұмабайдың «Алыстағы бауырыма» поэмасы – осы сезім бірлігінің көрінісі. Премьер-министріміз болған Аднан Мендерес өткен ғасырдың 50-жылдары қазақ бауырларымызды Түркияға қабылдауға бел буған кезде де дәл осындай сезіммен әрекет етті.

Қазақ елі егемендік алғандағы түрік халқының қуанышы да, өткен жылы елімізде болған жер сілкінісінен кейін қазақ халқының көрсеткен ынтымақтың үлгісі де осы ортақ сезімнің жемісі. Жанашырлығымыз нақты ынтымақтастыққа айналып, қарым-қатынасымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымыз. Байла­ныс және БАҚ саласында бірлесіп атқаратын жұмыс көп. Президенттік коммуникациялар басқармасы басты мақсатының бірі – аймағымыздағы жалған ақпаратпен жұмыла күресу. Бауырлас Қазақстанның бұл күресте қасымызда болуы маңызды деп санаймыз. Сөзімнің соңында бүкіл түркі әлемін, бауырлас қазақ халқын Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Рамазан айында түркі және мұсылман әлеміне тыныштық пен береке әкелсін деп дұға етемін.

 

Бірлік – ортақ құндылығымыз

пп

Акбар ГОШАЛЫ,

Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Əзірбайжан ақын-түркологы

– Ел мен халықтың жақындасуында тіл мен мәдени бірліктің маңызы зор. Әсіресе қиын-қыстау заманнан өткен түркі халықтарына татулықтан асқан құндылық жоқ. Алдымызда бауырлас халықтарды рухани жақындастыру міндеті тұр. Осы уақытқа дейін құ­рыл­ған түркі ұйымдарының жұмы­сы жемісін беріп, бірлескен университеттер ашылды. Мәдениет пен өнер саласындағы іс-шаралар халықтарымыздың бір-бірін жақын тануына үлесін қосты. Алайда студенттер мен оқытушылар арасындағы алмасудың болмауы, әдеби-мәдени онкүндіктердің қарқындылығы  әлі баяу. Ең маңызды кемшілік – ортақ ақпараттық кеңістік құрылған жоқ.

Соңғы жылдары жаһандық деңгей­дегі саяси-экономикалық, әскери риторика түркі елдерін де қамтыған сияқты. Бұл түсінікті. Сол себепті елдеріміз қауіпсіздік мүддесі жолында ортақ түркі мақсатының айналасына бірігуге тиіс. Осы арқылы өзгелердің бір-бірімізден алшақтатуына, бө­ліп алуына, арамызға алауыздық тұқы­мын себуіне жол бермеуіміз керек. Қауіпсіздік туралы айтқан кез­де халықтар арасындағы ортақ мәде­ниетті арттыру, рухани байланысты жандандырудың қаншалықты зор екенін түсінуге болады.

Патшалық Ресей мен кеңес зама­нында түркі республикаларының ресми шекаралары ағайындар арасында дау-дамай тудыратындай етіп сызылды. Бұл Орталық Азиядағы бауыр­ларымызға көбірек қатысты. Сол се­бепті  тарихтағы кейбір қақтығысты бүгінгі шындықтың көзімен, қазіргі заманғы ойлау жүйесімен түсіндіру керек. Мыңжылдық тарихта бейбіт өмір сүрген халық жоқ. Тарихтан сабақ алуды үйреніп, бізді біріктіретін оқиғалар оқулықтарымызға, акаде­миялық басылымдар мен мектеп бағдарламаларына енгізілуге тиіс. Ең бас­тысы, бауырластық пен бірлікке бас­тайтын ғылым, әдебиет пен өнері­міз­ге ортақ құндылық ретінде қараған жөн.

Сондай-ақ геосаяси жағдайда түркі елдері әскери одақ құрудан тартынбауы керек. Түркі әлемінің болашағы кез келген мақсатта тізе қосып, бірі­гіп іс қылудан басталады. Қазіргі уа­қыт­­та түркі әлеміне ықпалдасу өте маңыз­­ды. Әрине, түркі интеграциясы да қиын­­­­дық­сыз болмайды. Алайда әлем қайта құры­лып жатқанын ескерсек, тарих­тағы орнымызды алу жолын­да құ­­қығымызды қорғауды қолға алға­­­ны­­мыз абзал. Тағы бір маңызды мәселе – өзара мәдени байланыстарды нығай­ту, ТҮРКСОЙ қызметін одан әрі кеңейту қажет. Мәселен, әлеуметтік-эко­но­микалық (оның ішінде инфрақұ­рылым­дық) салада, театрларымыз бен кинотеатрларымыздың көрермендер аудиториясында кемшін тұстар бар. Сондықтан ортақ мәдениет, әдебиет күндерін, кездесулер өткізуді дәстүрге айналдыру қажет. Халықаралық Түркі академиясының түркі әлемінің тарихы мен әдебиеті туралы бірлескен оқу­лық­тар шығара бастағаны қуантарлық дүние.

Түркі мемлекеттері арасындағы ғылым, техника саласындағы ынты­­мақ­тастық та ауадай қажет. Осы орайда «Технофест-2025» Қазақ­станда өтсе, ол бүкіл түркі әлемі үшін жағым­ды оқиға болмақ. Ал білім сала­сында Ахмет Ясауи атындағы Қа­зақ-Түрік университетін модель ретінде қабылдауға болады. Универ­ситет бүкіл түркі әлемі үшін кадр­лар даярлайды. Сонымен бірге Түр­кі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы шекаралық, кедендік өткелдер жеңілдетілсе, бауырлас халықтар үшін тиімді орта құрылады. Атап айтқанда, туризмнің әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік. Қорыта айтқанда, түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық жыл санап артып келеді. Алдағы 5 жылда бұл байланыс екіжақты, көпжақты негізде дамиды. Бұл үшін түркі ұйым­дарының жұмысы әрі қарай жандануы керек. Айтпақшы, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға жасаған мемлекеттік сапары, Тоқаев мырзаның Қарабаққа, Физули мен Шушаға сапары біздің бауырластығымызды нығай­тып, достарымызды қуантқаны сөзсіз.

Ағайындар арасындағы достық пен бауырластық артса, түркі халық­тарының тәуелсіздігі тұғырлы болары хақ. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Түркі мемлекет­тері ұйымының мерейтойлық X саммитінде ел президенттерінің ой-пікірі де осы арнаға тоғысқан еді. Яғни түркі интеграциясының тамырын тереңдетіп, бауырлас халықтардың бірлігін бекемдеу болашақтың бас жоспарына айналуға тиіс. Ал «Түркі дәуірі!» ұраны бауырлас халықтардың болашаққа деген сенімін нығайтып, ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге танытуға ықпал етері анық.

 

Дайындаған –

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»