Шыны керек, қолына ине мен жіп алып кесте тігетін, шынашаққа оймағын іле жүріп ою оятын әжелердің қатары сирегенін көріп те, сезіп те жүрміз. Қайсыбір ауылға бара қалсаң, үй-үйде шаң басқан тігін машиналарын бәріміздің байқайтынымыз шындық. Сол сәтте баяғы биязы болмыс, жағасы ақжайлау ақжаулықтылар еске түседі. Ол заманда әйел затының барлығы сырмақ сырып, құрақ құрайтын еді.
Ұлболған Ахметқалиқызы сексеннің сеңгіріне шықса да іс-қимылы ширақ, жүріс-тұрысы тың. Әлі күнге қолынан ине-жібін тастамай келеді. Сенімді серігі тігін машинасын айналдыруын тоқтатқан емес. Кейуана бар қажыр-қайратын қазақтың оюлы көрпесін құрауға арнаған. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық құрақ көрпе құраған. Бұйымдарының біразын мұхит асырып, Канададағы қазақ ағайындарға сыйлап үлгеріпті.
Көршімен де тату-тәтті, білгенін айтып, ағайынның басын жиі қосып отырады. Ауыл халқы батасын, құрақ көрпесін алуға асық. Мұны бізге Құдай қосқан көршісі Мая Шибаева айтып берді.
– Апамыз – өте жомарт, қолы ашық кісі. Ешкімнің көңілін қалдырмайды. Әрдайым өзі тіккен бұйымдарды көрші-қолаңға сыйлап жүреді. Нағыз өнерлі адам. Оның жасаған дүниесіне қызықпайтын адам жоқ шығар. Қолым бос уақытта Ұлболған Ахметқалиқызына келіп көмектесіп тұрамын. Оның шаршап, бастаған ісінен жалығып, қалдырып кеткенін көрген емеспін. Табандылығына қайранмын, дейді М.Шибаева.
– Әжем өте ісмер жан еді. Он саусағынан өнер тамған десем, қателеспегенім. Уақытын бос өткізбейтін. Баққан қойының жүнін қырқып, сұрыптап, жуып, түтіп, киіз басып, терісін илеп, ішік, бешпент, қолғап тігетін. Онысын ауылдың қыз-келіншектеріне үйрететін. Ол кісінің қазанға ермен, ешкінің майын, тағы да басқа бір заттарды қосып сабын қайнатқанын көрдім. Қолынан шыққан бұйымдарының барлығын майданға жіберетін. Анам да қолөнерден хабарсыз жан емес еді. Құрақ құрады, тоқыма тоқыды. Бүгінде менің ою ойып, көрпе тігіп жүргенім анам мен әжемнен дарыған қасиет болар, дейді тігінші әже.
Әуелде бастауыш сынып мұғалімі болуды армандаған Ұлболған Ахметқалиқызы білім алуға Жаркенттегі педагогикалық училищеге құжат тапсырғанымен, оқуға түсе алмайды. Сондағы бар себеп, 10-сыныпты қазақша тәмамдағандығы кедергі болған. Кейіннен Мәскеудегі Плеханов институтына тамақ өнеркәсібі мамандығы бойынша оқуға қабылданады, артынша Самарқаннан күндізгі бөлімге оқуға шақырту алады. Аспаз болу тағдырына жазылғанымен, ұстаз болу бұйырмағаны кейуананы әлі де мазалайтынын әңгіме барысында аңғардық.
Кейіпкеріміз 1957 жылы Тимур Қалжанов есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Шаңырақта Жаскен атты ұл дүниеге келеді. Шахтадағы жарылыс салдарынан өмірлік сыңарынан айырылады. Кейін Ұлболған туыс-туғандардың шешімімен әмеңгерлікпен күйеуінің ағайын інісі Кеңеске тұрмысқа шығады. Елу жыл бір отаудың түтінін түтетіп, екі қыз тәрбиелеп өсіреді. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде ауыртпалығы саналы жанға айтарлықтай салмақ түсірері ақиқат.
Әртүрлі мекемеде аспаз болып қызмет істеген Ұлболған Ахметқалиқызы зейнетке шыққан соң әжесі үйреткен тігіншілік өнерді қолға алып, қайта жандандырады. Алаша тоқып, киіз баспаса да астарына қой, түйе жүнін, ақ мақта тартып, жамылатын көрпе, таза пүліштен оюлап төр көрпе, жастық тігудің үлгісін көрсетіп отыр. Бұл күні ісмер жасаған бұйымдарға сұраныс артқан.
Қария қазіргі жастар тігіншілік өнерді үйренбей, білмей кете ме деп алаңдаушылық білдіреді. Төл өнерді ұмытуға, қажетсіз деп тастай салуға болмайды деп бәйектенеді. Құрақ құраудың қыр-сырын білгісі келетін, онымен айналысуды көздеп жүрген жандар болса, оларға жол сілтеп, көмектесуге әрдайым есігі ашық екенін айтады. Ұлболған әже бар білгенін, азды-көп тәжірибесін немересі Аяжанға айтып отырады.
– Әжем – өте жақсы адам. Есімді білгелі ол тігін тігумен айналысып жүр. Кейінгі кездері әжемнің құрақ көрпелеріне тапсырыс беру өте жиілеп кетті. Ол үлгермей жатқан кездері базарға барып керекті заттарын өзім әкеліп тұрамын. Көбіне әртүрлі маталар қажет болады. Әжемнің қасында жүріп біраз дүниені үйреніп алдым, дейді немересі.
Қазақ «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейтіні осыдан болар бәлки? Тұрмыстың ауыр азабын арқалағанымен, алда атар арайлы таң барын тосқан абзалырақ дегің-ақ келеді. Ұлболған әже – қазір бес немересінің тілеуін тілеп отырған бақытты жан. Сол бақыты баянды болғай!
Жетісу облысы