15 Маусым, 2010

ЖЕДЕЛ КЕҢЕС ЖАСАП, АРНАЙЫ ӨКІЛ ЖІБЕРУГЕ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ

497 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев 12 маусымда Қырғыз Республикасының уақытша үкіметінің басшысы Р.Отунбаевамен телефон арқылы сөйлесті. Қ.Саудабаев Ош қаласындағы тәртіп бұзушылық кезінде қаза болған және жарақат алған көп­теген адамдардың қайғысына байланысты терең көңілін біл­діріп, жалғасып отырған зорлық-зомбылыққа қатты алаңдаушы­лығын жеткізді. Сол күні Қ.Саудабаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, ЕО-ның халықаралық қатынас­тар жөніндегі жоғарғы өкілі К.Эштонмен, ЕО-ға төрағалық етуші Испанияның Сыртқы істер министрі М.Моратиноспен, Ресей Сыртқы істер министрі С.Лавровпен, Түркия Сыртқы істер министрі А.Дәуітоғлымен телефон арқылы сөйлесті. Қырғызстанның оңтүстігінде орын алған жағдай туралы кең пікір алмасты. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы әңгімелесуші тараптарға өзінің арнайы өкіл­дері – ҚР Парламенті Мәжілісі­ Төрағасының орынбасары Жәні­бек Кәрібжанов пен Вена­дағы ЕҚЫҰ Хатшылығының қақты-ғыстардың алдын алу жө­нін­дегі орталығының жетек­шісін Қыр­ғыз­станға жіберу туралы шешім қа­был­дағанын айтты. Өз кезек­те­рін­де БҰҰ мен ЕО жетек­шілері жа­қын арада өздерінің арнайы өкіл­дерін Қырғызстанға жіберуге да­йын екендіктерін біл­дірді. Ж.Кә­рібжановтың үй­лес­тіру мен Қыр­ғызстандағы жағ­дай­ды оңал­ту­дағы ынтымақтас­тықта тәжірибе жинап үлгерген­діктерін атай оты­рып, тараптар алдағы уақытта да күш­терін бірігіп жұмылдыруда ты­ғыз байланыс ұстап отыруға келісті. Қазақстан және оның Прези­денті Н.Назарбаев көршілес ел­дегі саяси дағдарыстың алғашқы күндерінен бастап жағдайды реттеуге көмек көрсетуде және қазіргі туындаған қиын жағдайда да барлық қажетті шараларды екі жақты негізде де, ЕҚЫҰ Іс басын­дағы төрағасы ретінде де қабылдайтынын мәлімдеді, деді Қ.Саудабаев.