15 Маусым, 2010

БЕРЕЛ – ҰЛТТЫҚ РӘМІЗДІҢ БІРІ

1270 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
Өткен жылдың маусым айында Ақордада “Мәде­ни мұра” бағдарламасын жүзеге асыру жөнін­дегі Қоғам­дық кеңестің кеңейтілген отыры­сына Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзі төрағалық етіп, осы Бағдар­лама­ның бірінші кезеңіне оң баға бере келе, екінші кезең­де жүзеге асырылатын бірқатар бағыттар мен ба­сым­дықтарды айқындап берген еді. Мемлекет бас­шы­сы бірінші бағытта ұлттық символ­дары­мызды қа­лып­тас­тыруға көңіл бөлу керектігін айтып, Есік, Берел қорған­дары, Түркістан мен Отырар, Ұлытау мен Сарайшық сияқты тарихи-мәдени ескерткіштерді атаған болатын. Содан бергі кезеңде Қоғамдық кеңес Елбасы тапсырмасын орындау бағытында біршама шаруалар атқарыпты. Кеңес жиындары бұрынғыдай Астана мен Алматыда ғана емес, нақты тарихи-мәдени нысандардың басында өткізіле бастаған. Бұған дейінгі басқосудың бірі Алматы облысындағы Есік қорымында өтіп еді. Соңынан Түркістан мен Отырар аумағында да алқалы жиын болды. Енді, мінеки, Өр Алтайдың төрінде, үш мемлекеттің шекарасы қиылысқан Қазақ елінің қиыр шығысында жатқан Берел мемлекеттік қорық-мұражайы басында да келелі кеңес өткізілді. Мұндай отырыстар қордаланған мәселелерді шешуде оң нәтиже беріп жүр. Оңдасын ЕЛУБАЙ. “Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің бұл шағын тобын Президент Әкімшілігі Бас­шы­сының орынбасары, осы Қоғамдық ке­ңес­тің төрағасы Мәулен Әшімбаев бастап апарды. Топ құрамында Парламент Сена­тының депутаты, академик Ғарифол­ла Есім, Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Рахметов, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орын­ба­сары, белгілі жазушы Әлібек Асқаров, Еура­зия ұлттық университетінің профес­соры, ғалым, Мемле­кеттік сый­лық­тың лауреаты Қойшығара Сал­ғараұлы, Мәдениет ми­нистр­лігінің жауапты хат­шы­сы Жанна Құрманғалиева, Туризм және спорт вице-министрі Қайыр­бек Өскенбаев, Мәдениет комитетінің төраға­сы Ілияс Қозыбаев, Берел қорығын аш­қан белгілі ғалым Зей­нол­ла Самашев, Мәдениет министр­лігінің бір топ жауапты қызмет­керлері, облыстық мәдениет басқармасының басшылары болды. 2009-2011 жылдарға арналған “Мәде­ни мұра” бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің Берелдегі көшпелі отырысын Кеңес төрағасы Мәулен Әшімбаев ашты. – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев­тың бастамасымен 2004 жылдан бері іске асырылып келе жатқан “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы ұлттық руха­ния­тымыздың көне жәдігерлерін халқы­мызға қайтарып, тарих және мәдениет саласын тағы бір сатыға көтергені мәлім, – деді Мәулен Сағатханұлы. – Бағдар­­ламаның басты мақсаты – ел өңір­лерін­дегі мәдени-тарихи, мемориалдық ескерт­кіштер мен ескерткіш орындарын есепке алу, қалпына келтіру, мұражайлан­дыру, ашық, жабық экспозицияларға айналдыру арқылы ежелгі қалалар, зираттар, мазарлар, кесенелер кешені, басқа да орындар мен жәдігерлерді адам танымы мен тәрбиесіндегі жанды құралы ретінде ғылыми айналымға қосу болып табылмақ. Ал бүгінгі отырыстың мәні зор. Мұнда келудегі мақсат – Берелді ел игілігіне жарату болып табылмақ. Бұл тарихи орындар болашақта елді біріктіруші құндылықтар ретінде қалыптасуы қажет. Сондай-ақ Берел дүние жүзінен туристер тар­татын ірі мәдени туризм орталығы ре­тінде өркендеуі тиіс. Яғни, “Берелді” тари­хи орын және туризм орталығы ретінде дамытуды Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі тапсырып отыр. Сондықтан, Елбасы тапсырмасын түрлі сылтаулар айтып, жылдан-жылға соза бермей, нақты шараларды қолға алуды сұрар едім. Келген қонақтар алдымен “Патшалар алқабы” деп аталып кеткен жазық үстін­дегі Берел қорымына барды. Қорым басында Берелден табылған әшекей бұйымдардың көрмесі ұйымдастыры­лып­ты. Кеңес мүшелері осы арада археолог Зейнолла Самашевтың әңгімесін зейін қоя тыңдады. Қысқасы, бұған дейін Берел туралы оқып-біліп жүрсе де оның не екенін көз алдарына елестете алмай жүрген Кеңес мүшелері енді оны өз көздерімен көрді, проблемаларына бойлап, көптеген жайға қанығып қайтты. Біршама мәселелер сол арада өз шешімін тауып жатты. Кеңеске қатысушылардың бұл сапардан алған әсерлері ұшан-теңіз болды. Әсіресе, жиынға қатысушылардың Берел қорғандарын аралап көргендері тартымды болды. “Бұл арадан табылған ескерткіштер темір ғасырмен белгіленеді, таспен көмкерілген 31 оба-қорғаннан тұрады. Қорғандарда сақ тайпаларының көсемдері жерленген. Қорымның бәрі таспен қаланып, қорған сияқты үйіле берген”, – деді профессор З.Самашев. Тарихшылар Алтайды ұлы даланың кіндігі деседі. Осы аймақта ежелгі дәуірлерде скиф-сақ және сармат тайпаларының мекендегенін жазады. Олар ат құлағында ойнаған жауынгер, батыр болған. Бұл жерден табылған қазба бай­лық­тары – сол кездің өзінде адамдардың металл қорытып, зергерлік бұйымдарды шеберлікпен жасағанын аңғартады. Олар жасаған бұйымдар, темір және ағаштан қиыннан қиыстырып түрлі әшекейде келтірілген заттар бүгінгі зергерлердің өзін таңғалдырады. Ал бұл осыдан төрт мың жыл бұрын жасалған дүниелер! Төрт мың жыл... қайтіп бұған мақтанбассың! Берелден табылған сақ патшасы да, оның зайыбы да алтынмен апталған киім-кешегімен жерленген. Олардың қасынан бірге жерленген 13 ат табылды. Қорған асты қолдан жасалған мәңгілік тоң. Соның арқасында мәйіттің киімі, ат әбзелдері, ағаштан жасалған өзге де бұйымдар, ертоқым, маталар, ағаш ыдыстар, тері мен киіз бұйымдары сол күйінде сақталған. Сол кездегі адам­дардың денені балзам­дауды терең мең­геріп алғаны да қайран қалдырады. Сақталған аттың бір кесек етін итке тастағанда, ит ешбір талғамастан әлгі етті қылғытып жеп қойған. Бұл адам нанғысыз оқиға емес пе! Көне номадтар өнерінің үлгілері – бүгін­гі қазақтардың декоративті қолдан­балы өнерінің бастауы деп білген жөн. Берел қорғандарынан табылған көне дәуір­дің көшпенділер мәдениетіне жата­тын құнды заттары әлемнің ғылыми және мәдени жұрт­шылығы үшін ерекше маңыз­ды. Осы­ны ескеріп, Берел қорғаны жаны­нан ашық мұражай ашып, оны халық игілігіне жарату жұмыстары басталмақ. Ашық мұражай ашу жөнінде Үкіметтің арнайы шешімі бар. Осы шешім бойынша екі жыл бұрын бұл жерден қорық-мұражай ашылған. Бұдан кейін М.Әшімбаев бастаған топ қарағайдан салынған мұражайдың жаңа офисіне кірді. Бұл жерде патшаның аты, түрлі әшекей заттар, Катонқарағай ауда­нында өндірілетін бал, марал панта­сы, басқа да бұйымдар көрмесі ұйымдас­тырылыпты. Аудан әкімі Серік Зайнулдин ауданның экономикалық ахуалы жайын айта келіп: – Облысымызда туризмді дамыту жөнінде арнайы бағдарлама қабылданған. “Рахман қайнары” шипажайының атақ-даңқы облысты былай қойып, шетелдік­терге де жақсы таныс. Жаз маусымында бұл арада орын болмай жатады. Бұған қосымша қазіргі уақытта “Екі дос” деп аталатын коттедждер кешені, пантымен емдейтін онға тарта өзге де шипажайлар жұмыс істеуде. Облыстық мәслихаттың депутаты Темірбек Исабаев жақында ғана Катон ауылында екі қабатты шипажайды пайдалануға берді. Яғни, бізде туризм кластері қолға алынып жатыр, – деді. Ауданда өндірілетін бал тағамдарының дәмін татып жатқан кезде өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы бұрын біз естімеген мынадай бір қызық ойды ортаға тастаған. Облыс әкімі: “Катонқарағайлықтар жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде облыста алдыңғы орынды ешкімге бермей келеді. Биыл аудан бойынша түлектер орта есеппен 95,4 балл жинады. Бұл Қазақстан бойынша жоғарғы көрсеткіш. Неге олай? Себебі неде? Міне, жұмбақ қайда жатыр... Мен ойлаймын, керемет тұнық таза ауа, тамылжыған табиғат, шәрбат қымыз, сосын Алтайдың аты мәшһүр балы... Мінеки, осыларды пайда­лану – адамның денсаулығына ғана емес, миын дамытып, ой-өрісін кеңейтуге үлкен себепші сияқты. Осы ой түрткі болып, биыл біз арнайы бағдарлама қабылдадық. Күн сайын шәкірттерге 20 грамм бал береміз. Ал бал дегенің бізде жетеді. Күніне бір стақан сүт берудің де пайдалы жақтары бар екен. Жапондар күн сайын бал мен сүтті рационға енгізген көрінеді. Бұл елдегі адамдардың орта жасы 80-нен асады. Аманшылық болса, енді он-жиырма жылдан кейін біздер де сондай жетістіктен үміттіміз”, – деп ойын айтқан болатын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атбасын бұрып, Берелдің жай-күйімен танысуға арнайы келгендері үшін Мәулен Әшімбаевқа, халық қалаулылары мен сыйлы қонақтарға ризашылығын айтты. Шынында да, Берелге қазір бүкіл еліміз құлақ түріп отыр. Маңызы аса зор қорық-мұражайды неғұрлым тез пайдалануға берсек елдің де рухы биіктеп, еңсесі көтеріле бермек. Себебі, Берел қорымы мәдениетіміздің асыл қазынасына жатады. – Мәдени мұраларды болашаққа жеткізу жөнінде облыста арнайы бағдар­лама қабылданған. Шіліктідегі қорымға Үкімет қаржы бөлген, өз тарапымыздан біз де көмек берудеміз. Биыл жолдарды жөн­деуге 5 миллиард теңге қаржы қарас­тырылып отыр. Зейнолла Самашев ағамыз “Қазақ байлығын дүние жүзі білсін” деген пікір айтты. Оған мен қосыламын. “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша Өскемен­дегі қазақ драма театрының жобасын бастап кеттік. Оған 50 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі театрдың іргетасы сонау 1898 жылы қаланған екен, жүз жылдан асыпты, яғни жаңасын салатын уақыт жетті. Ал Берелдегі ашық аспан мұражайына бірнеше мініс атын бөліп, өз қаражатымызбен қоршауын жасатуға толық мүмкіндігіміз бар, – деп, өңір басшысы уәдесін беріп салды. Профессор З.Самашев өз сөзінде Берел­дің қазіргі жай-күйімен таныстырып өтті. Оның айтуынша, ашық мұражай салудың болашақ ұрпаққа тәрбиелік мәні үлкен. Біздің дәуірге дейін ІІІ ғасырдағы Қытай императоры Цинь Шихуандидің балшықтан жасалған жауынгерлер бейнесі, Оңтүстік Кореядағы Силла зама­ны­ның қорғандары, Оңтүстік Америка мен ежелгі Египеттегі храмдар – жұрт көп жиналатын тарихи орындар. Ендеше, біз неге Берел қорғанын тездетіп бітіріп, ашық мұражайды туризм орталығына айналдырмаймыз? Берел қорғандары 186 гектар аумақты алып жатыр. Мұның 174 гектары шаруа қожалықтарының иелігінде екен. Үкімет қаулысымен бұдан екі жыл бұрын 186 гектар жер Берел мұражайына беріліпті. Мәдениет министрлігінің жауапты хат­шы­сы Жанна Дулатқызы жерді ресімдеуде әлі де түйткіл мәселелердің орын алып отырғанын тілге тиек етті. Қаржы бөлу мәселесін қарастырған кезде жерді меншікке толық өткізбейінше бұл жерде шикілік шығып қалу мүмкіндігін айтты. Облыс әкімі Б. Сапарбаев бұл мәселені шешуге көмектесетінін айтты. 2007 жылы әкімшілік корпусы, гараж және мұражай қызметкерлеріне арналған екі тұрғын үй құрылысын салу қолға алынған. Қазір әкімшілік корпустың ішіне кірсе-шыққысыз, жайнап тұр. Алайда, тұрғын үйлердің құрылысы әлі толық аяқталмапты. Оны аралап көрген кезде М.Әшімбаев бұл мәселені тез шешуді тапсырды. Құрылыс басталған кезден 86 миллион теңге қаржы бөлініп, ол толық игерілген. Мұндағы жұмыстарды толық аяқтау үшін әлі 100 миллион теңге­ден астам қаржы керек. Берел мұра­жайының директоры, табиғат жанашыры ретінде елге бұрыннан танымал азамат Ерен Жұмағұлов та құрылыстың созылып кеткеніне алаңдаушылық білдіріп отыр. Берелде проблемалар жеткілікті екен. Бұл жайлы Қоғамдық кеңес отырысында аз айтылған жоқ. Мәдениет министрлігі­нің жауапты хатшысы Жанна Құрман­ғалиева “Мәдени мұра” бағдарламасының жүзеге асуына Мәдениет министрлігінің ерекше көңіл бөліп отырғанын, қаржыны бөлу үшін оны сөзбұйдаға салмай, нақты дәлелдеу керек екенін, сөйтіп, құзырлы меке­мелерге құжатты дұрыс өткізу керек­тігін айтты. Биылғы жылы сондай құжат­тар дер кезінде дұрыс толтырылмай қалған. Нәтижесінде қаржы бөлінбеді. Енді келесі жылға қажет қаражатты толық бөлу мәселесін мықтап назарда ұстаған жөн. Сенат, Мәжіліс депутаттары Ғ.Есім мен Е.Рахметов бұл мәселелердің оң шешім табуына қолғабыс ететін болып келісті. Тағы бір проблема – жол мәселесі. Өске­меннен Катонқарағайға, одан Өрел, Жамбыл ауылдары арқылы Берелге (450 шақырым) жету оңай шаруа емес. Рас, Жамбыл ауылына дейін жол тегіс, сапалы тас жол. Ал Жамбылдан Берел қорымына дейінгі 21 шақырым жауынды-шашынды күндері жүруге қауіпті. Ең алдымен, осы жолды жөндесе оң болар еді. Сондай-ақ Өрел мен Берел ауылдарына баратын жол­мен қорық-мұражайды жалғастыру да жобада бар. Бұл ең тиімді әрі төте жол болмақ. Ол үшін Бұқтырма өзеніне көпір салу қажет. Кеңес мүшелері сондай-ақ телефон желісін тарту, Интернетті қосу, басқа да инфрақұрылымдарды қалпына келтіру мәселелерін нақтылады. З.Самашевтың мына бір сөзі елең еткізді. Жақында “Дискавери” телеарнасы Берел қорымынан табылған ұлттық құн­дылықтар жайлы француздардың түсірген фильмін көрсетіпті. Тек бір-екі қазақ баласын жылт еткізіп көрсеткен де қойған. Қазақстан емес, бейне-бір басқа бөтен ел туралы фильм бе деп қалдық. Сондықтан Берел қорығы жайлы кинолар­ды өзіміз түсіріп, құнды шығармаларды өзіміз жазған ұтымды. Облыс әкімі Б.Сапарбаев өз орынбасары Т.Түсіпбековке шегелеп тапсырма беріп, тез арада Қ.Сал­ғарин, Ә.Сарай сияқты тарихи тақырып­­тарға қалам сілтеп жүрген жазушыларды Берелге жинап, барлық жағдайды жасап, құнды шығармалар жазуды өтінетінін хабарлады. Фотоальбом жасап, кино түсіруді де қолға алатын мерзім жетті. Несі бар, өте құнды бастама. Туризм және спорт вице-министрі Қайыр­бек Өскенбаев, Мәдениет коми­теті­нің төрағасы Ілияс Қозыбаев, сенатор, академик Ғарифолла Есім, Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Рахметов Берел қорығын тез арада пайдалануға берудің маңызды екеніне тоқтала кетті. Осы Қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы Әлібек Асқаров кеңес жиын­дарын осы ретпен ендігі кезекте Сарай­шықта, Ұлытауда өткізсек деп жоспарлап отырғандарынан хабардар етті. Ал осы күзде Сирияға барып, Дамаск қаласында Әл-Фараби мен Бейбарыс сұлтандардың кесенелерін ашу көзделіп отыр екен. Қоғамдық кеңес отырысын Мәулен Әшім­баев қорытындылады. Жас, жігерлі, іскер басшы жиынды жинақы да шебер жүргізіп, әркімге нақты тапсырмалар берді. – Жастардың бойында тарихи сананы қалыптастыру – біздің парызымыз, – деді Мәулен Сағатханұлы. – Тарихи сана ұлттық сананы қалыптастырады. Ал ұлттық сана болмайынша өз еліңнің нағыз патриоты болу, отаншыл болу мүмкін еместігін Елбасының өзі талай айтып жүр. Ал тарихи сана дегенің осы Берел секілді, Есік пен Түркістан, Ұлытау секілді өткенімізді жарқыратып жарыққа шығарудан бастау алады. М.Әшімбаев құзыретті мемлекеттік органдардың міндеттеріне тоқтала келе, келер жылғы бюджетке Берел үшін қаражат қарастыруды мықтап тапсырды. Сондай-ақ Берел мәселесін Президент Әкімшілігі мұқият бақылауда ұстайтын­дығын айтып, Берел жөніндегі Елбасы тапсырмасының орындалатын­дығына сенім білдірді. Несі бар, біз де Берелдегі алқалы жиынның нақты әрі шып-шымыр өткенін көріп, нәтижесі болар деген ойда қалдық. Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы. Суреттерде: Берел қорғанындағы кездесуден көріністер. Қоғамдық кеңес мүшелері сөз алады Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, тарихшы, жазушы: – Ғылым салаларының жан-жақты жетілуі – тарихшы ғалымдардың бір кезде жасаған: “түркі халықтары христиан дәуірінен кейінгі VІ ғасырда Алтайда пайда болған жас халық” деген тұжырым­дарының жаңсақтығын жал­ғанға жария етер нақты айғақтарды алға тартуда. Осыған орай түркілердің әлем­нің ежелгі халықтарының бірі екені жөнін­де әр кезеңде лингвистикалық, мифоло­гиялық, фольклорлық, археоло­гиялық, тарихтық деректерге негізделген сан алуан зерттеу еңбектер жарық та көрді. Бірақ олардың тұжырымдары ғылыми ортадан толық мақұлданып, ғылымға енгізілмей келді. Соның сал­дарынан түркі тектес халық­тардан шық­қан зерттеушілер болмаса, өзге халықтар, әсіресе еуропалықтар, түркі­лерді әлі күнге сол “христиан дәуірінен кейінгі VІ ғасырда пайда болған жас халық” деп есептейді. Сол себепті қазіргі таңда біздің арғы бабаларымыз деп жүрген скиф-сақ халықтарын олар түркі тектес халықтарға жатқызбай, үнді-еуропа тілінде сөйлеген еуропалық ха­лықтар деп таниды. Әуелде еуро­центризм бағытын­­дағы ғалымдардың өктемдігімен ғылымға еніп, орнығып қалған осы таным-түсінікке тек ХХ ғасырдың аяғында ғана генетика ғылымының жетістігі – ДНК (десосирибонуклен қышқылы) тәсілі арқылы жүргізілген зерттеу қорытынды­сының нәтижесінде өзгеріс енгізілді. Америка мен Ресейдің генетик ғалым­дарының бір-біріне байланыссыз жүргіз­ген дербес зерттеулері қорытын­дысының нәтижесі түркі халықтарының ең кем дегенде 30-40 мың жылдық тарихы бар екенін дәлелдеп берді. Осыған байла­нысты түркі халықтарының тарихына, оның шығу тегіне қатысты көзқарас та өзгере бастады. Түркілердің ежелгі халық­тың бірі екенін бұрыннан айтып келе жатқан қазақ халқы өз елінің тәуел­сіз­дік алуымен орайласа келген бұл өзгерісті қуана қабылдап, оны нақты жаңа айғақ­тармен бекіте түсу мақ­сатында “Мәдени мұра” атты мемлекет­тік бағдарлама қабылдап, алыс-жақын шетелдер мұрағатында жатқан тарихи деректерді жинап, оны ғылыми тұрғыдан зерделеуге кірісті. Аз жылдың ішінде қыруар іс тындырылды. Соның арқа­сында нақты тарихи деректер арқылы тарихымызды жаңаша пайымдауға мүмкіндік туды. Сәтті басталған осындай істің одан әрі сапалы жалғасын тауып отырғаны да көңілге қуаныш әкеледі. Осы жақында ғана 12-13 маусым күндері Шығыс Қа­зақ­­стан облысындағы Берел мемле­кеттік қорық-мұражайында 2009-2011 жылдарға арналған “Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің көшпелі мәжілісінің өтуі осының айқын бір дәлелі еді. Берел – “Патшалар жазығы” деп ата­ла­тын жазықтан табылған археоло­гиялық қазба материалдарының ерекше­лігі жағы­нан әлемде теңдесі жоқ (бір ғана № 11 қорғаннан алтынға оранған екі адам мен 13 аттың бұзылмаған денесі табылған), мерзімі жағынан христиан дәуірінен бұрынғы ІV-ІІІ ғасырға жататын, көлемі жағынан жетпіске жуық көне сақ заманы­ның қорғанынан тұратын ғажайып мекен, соңғы жылдары аты әлемге әйгілі бола бастаған зерттеу нысандарының бірі. Қоғамдық кеңестің хатшысы, Прези­дент Әкімшілігі Басшысының орынба­сары М.С.Әшімбаев бастап келген кеңес мүшелерінің қорғанның басында болып, бәрін көзбен көріп, алда атқарылар істің мән-жайын мәселеге қатысы бар мекеме басшыларымен, тиісті мамандармен бірлесе отырып, ақылдасып шешуі – ертеңгі нәтижеге кепілдік бергендей еді. Өйткені, мұнда болашақ “Берел” мемле­кеттік мұражайына қатысты құрылыстар мен жол мәселесінің болсын, жұмсалар қар­­жы көлемі мен оның бөліну мәселе­сінің болсын, табылған көне мұраларды қалпына келтіру және оларды мұражайда орналастырудың реті болсын – бәрі-бәрінің түйіні осы жерде нақты жағдайға сай іздестіріліп, бар мүмкіндікке қарай лайықты шешімін тауып жатты. “Мәдени мұраның” Қоғамдық кеңесінің болашақ “Берел” мемлекеттік қорық-мұражайында өткен көшпелі мәжілісіне қатысқандар көңіліне ұрпақтың тарихи санасын қалып­тастыруға айтарлықтай үлес қосатын айтулы бір мәдени кешеннің енді көп ұзамай халқымыздың игілігіне асатынына деген сенім берік ұялағандай болды. Ғарифолла ЕСІМ, сенатор, академик: – Қоғамдық кеңестің көшпелі оты­рысы “Берел” қорық-мұражайы туралы көптеген мәселелердің басын қайырды. Естіген бір басқа, нақтылы істерді көзбен көрген әлдеқайда мағыналы. Көшпелі отырыстың мазмұны да осында. Берелге тікұшақпен ұшып келіп, Шығыс Қазақстанның осы бір аймағы­мен танысқанда адамды таңғалдыратын бұл өлкенің кереметі – көркем табиғаты. Екі қапталы жарыса өскен қарағайлы ну орман болса, шығыс-батысты көмкеріп жатқан ақбас таулар, ортада “Патша жазығы” деп аталатын алқап, оны кеулей аққан асау өзен, шүйгін шөп, кімді болсын таңғалдыратын сұлу табиғат. Шіркін дейсің, Алтайдай жер бар ма аспан астында! Міне, осы жерді ханзада, мүмкін патша, мүмкін күллі Алтайды қоныстанған түркі жұртының әміршісі мәңгілік мекен еткен. Археолог Зейнолла мырзаның айтуынша, оның жас шамасы орда бұзар отыздың шамасы, басынан ауыр жара алып, содан дүниеден озғанға ұқсайды. Мұны зерттеген мамандар, сол заманның емшілері оның басынан алған жарасын емдеу мақсатында, бүгінгі тілмен айтқанда, операция жасағанға ұқсайды. Қасына кейін анасы жерленген. Бір ғажабы, бұл зиратқа тамаша әбзел­дермен, мейлінше көркемделіп, сәнделіп аттар қоса жерленген. Бұл қандай дәстүр, ол әлі зерттеуді қажет ететін тақырып. Бақилыққа өткен ханзада-әміршіге әбзелдермен көмкерілген аттар қажет деген түсініктен туған дәстүр болса керек. Махамбет ақын айтқандай, “ат жігіттің майданы”, ат ол замандағы бірден-бір “көлік”. Атсыз өмір жоқ. Осы тұста ойға грек жұрты аңызға айнал­дырған жарты денесі адам, жарты денесі жылқы кентавр бейнесі оралады. Аңыздың төркіні осы “Берел” кесенесіне қатысты болса керек деген болжам да бой көтеріп қалуда. Жылқыны керемет құр­меттеу, әрине, оны аңызға айнал­дырудың субстанциясы екені анық. Қандай болмасын аңыз әлденеге таң­дану­дан, әлденені керемет құрметтеуден тумақ. Бұл жерде ат өз иесінен артық болмаса, кем құрметке ие болып тұрған жоқ, оның айғағы олардың тұла бойының әбзелденуі, аса көркемдікпен әрі қымбат бұйымдармен өрнектелуі. Ат әбзелдері арнайы ағаштан қашалып жасалып, сырты алтынмен қапталған. Бұл үздік шеберлікті қажет ететін іс және аттар біреу емес, бірнешеу, бәрі солай сәндендірілген. Жаратушының жаратқандарының ішінде теңдесі жоқ екі нәрсе бар, бірі – адам, екіншісі – сұлу мүсінді жылқы. Бұл кесенеде осы екеуіне бірдей құрмет көрсетіліп, оны ұрпақтарға “хат” етіп жер қойнына тапсырып, сол арқылы бізге жетіп отыр. Әрине, бұл жерде өкінішті жай, халқымыздың өз басына өзі ие болмай, бодандықта болғанында, қасиетті даламыздың қойнауының дал-далын шығарып, бөгделер тонап жатты. Бұл қорық та басынан сондай күй кешкен, айтып отырғанымыз, бізге жеткені ғана. Барға тәубе етіп, енді осыны бүгіннен ертеңге жеткізу қамында қызмет ету ісі тұр. Берел қорығының басында тұрғанда басқа неше қилы ойлар өріліп келе береді. Жалған ғұмырдың қас-қағым сәт екендігі, бірақ сол сәттер үзілмей тарихқа айналып, ұрпақтан-ұрпаққа көшіп отыруы. Осы тұста айтпағым – ұрпақтар сабақтастығы, тарих көші үнемі сақталып, жатталып та отырмағаны туралы шындық. Адамзаттың басынан арылмаған бір дерті бар, ол әркімнің әлімжеттік жасап, тарихты қайта жазуға деген ынтасы. Осы мәселе “Берелге” де қатысты. Берел сөзсіз ата тарихымыздың бізге жеткен мұрасы, жоғарыда айтқан “ұрпақ хаты”. Алайда, тарихтың қат-қатпарлары кейде өзінше сөйлеп кететіні бар. Қазақ халқының тарихы Шыңғыс ханнан басталып, оған дейінгі баба тарихы үнсіз қалған заман болған. Одан беріде қазақ тарихы қазан төңкерісінен басталған деген сана қалыптасты, оған дейін мал баққан халық, оның тілі де, діні де сол деңгейде қалып қойған деген ілімсымақтар пайда болды. Ал шамамен б.д.д. 5-4 ғасырларда өмір сүрген Берел Әміршісінің сән-салтанатына зер салсақ, темір қорытылған, алтын өндірілген, ағаштан жасалған бұйымдарды шебер­лікпен пайдаланған технология болған. Бұл ерекше зерттеуді қажет ететін дүниетаным, өмір салты, мағыналы тұрмыс. Міне, материалдық мәдениетте мұндай жетістікке жеткен халықтың ойлау дүниесі қандай болды екен деген сауал мазалауда. Адам әлемді ең алдымен ойымен билеп, содан барып іске кіріс­кен. Сондағы ойлау көрінісі қалай бол­ған, ең алдымен айтпағым – бұл өңір­де шәкірт даярлау ісі кеңінен қойыл­ған. Ол үшін мәдениеттер алмасуы болған, әлемнің төрт құбыласы түйіскен. Ат әбзелдерінде әлемді символдық түрде меңзеудің тәсілдері бейнеленген, бұл да арнайы әңгіме тақырыбы. Археолог Зейнолла мырзамен, осы тарихи жәдігер­лерді мәтіндер ретінде “оқу” ісін, құдай қаласа бастамақпыз. Әрбір нәрсе, ат әбзеліндегі не әмірші-ханзадаға қатысты, тек әншейін мағынасыз нәрселер емес, олардың шығу тегі, мағынасы, дүние­танымдық салмағы бар нәрселер, мәсе­лен, соларды мәтін ретінде түсініп қабылдауда. Бұл – қажырлы еңбекті талап ететін, бірақ өте қажетті іс. Тарихқа бойлаудың, бабалар тұрмы­сын, олардың ойлау әлемін танудың одан өзге әдісін мен білмеймін. Шын­дық, солардан қалып бізге жеткен нәрсе­лерде тұр. Мәселе, соларды ашудың методологиясы мен тәсілін тануда. Бірер сөз, Берел туралы. Бұл сірә бірік­кен қос сөз, Бер+ел, мүмкін Бер­гі+ел, мүмкін берекелі ел деген мағына берер. Ойлану керек! Сөзсіз анық нәрсе, мұнда Ел деген ұғым бар. Көне түркілер ел деп бүгінгі мәндегі Империяны айтқан. Ел тайпа емес, тайпа деген жұрт. Ел – “империя”! Демек, Берел атауы ендігі жерде Берел Әміршісінің қорық-мұражайы деп атасақ, жаңсақтық болмас. Бұл алқапты Берел Әміршісінің жазығы деген де орынды болады. Әмірші болмаса бұл қорық та болмас еді, 2,5 мың жылдан кейін бүгінгі сөз де болмас еді. Ендігі мәселе ­– Берел Әміршісінің туған, өмір кешкен заманын анықтау, құдай қаласа бұл да шешімін табатын мәселе. Олай дейтінім, оның бір ұшқы­ны Геродоттың “Тарихында” жатыр. Берел Әміршісі туралы нақтылы айтыл­маса да, бұл ел туралы жанама мағ­лұматтар бар, оның бірі сақ ойшылы Анахарсис Скифскиге қатысты болса, екіншісі “Арпоксанс, миф сын Таргитая, родоначальник катиаров и траспиев у скифов” (648-б.). Асықпай іздей берсек, Берелдің құпиясы бірте-бірте ашылары анық, “Мәдени мұра” бағдарламасы осы ізденіске мүмкіндік ашып отырғанына ризашылық сөзімізді білдіруіміз азамат­тық борышымыз. Сөз соңында айтарым, “Берел” қорық-мұражайының әлі шешілмеген мәселелері бар екен. Ол туралы археолог Зейнолла Самашев баяндап берді. Сол мәселелердің дені дерлік көшпелі оты­рыс үстінде шешімін тапты. Мәулен Әшімбаев кеңеске қатысып отырған ми­нистрліктер мен өзге мекемелер жетек­ші­леріне нақтылы тапсыр­малар беріп, оларды қадағалауды Президент Әкімші­лігінің жауапты қызмет­кері Әлібек Асқаровқа жүктеді. Көшпелі отырыстың осындай нақтылы шешім­дерге жетуінің бір кепілі бізге облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаев мырза өзінің қызмет­кер­лерімен келіп, жергілікті жерге қатысты істерді өз жауапкершілігіне алғаны әбден дұрыс болды. Сонымен, Берел қорық-мұражайының бірінші деңгейдегі атқарар істері анықталды, енді екінші кезекте қандай істер қажеттілігін Мәулен Сағатханұлы нақтылап берді, ол – осы аймақты кешенді түрде зерттеп, Берелдің нағыз тарихи-мәдени орнын анықтау. Іске, сәт демекпін.