Спорт • 27 Наурыз, 2024

Қап тауында қос жүлде бұйырды

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Грузияның астанасы Тбилисиде дзюдодан Grand Slam турнирі аяқталды. Бұл бәсекеде 83 мемлекеттен келген 500-ден аса балуан бақ сынады.

Қап тауында қос жүлде бұйырды

Жарыстың алғашқы күні екі жерлесіміз жеңіс тұғырына кө­теріліп, жанкүйерлерін қуант­ты. Әсіресе 60 кг салмақ дәре­же­сінде күрескен Нұрқанат Серік­баевтың өнері керемет әсер қал­дырды. Алғашқы айналымдарда колумбиялық Йохан Рохас, из­раильдік Йехонатан Векслер және украи­налық Дильшод Халматовты қапы қалдырған ол жартылай финалда әзербайжандық Балабай Агаевтан айласын асырды. Нұрқанаттың бар­лық бәсекедегі басымдығы төре­шілер тарапынан еш күмән туғыз­ған жоқ. Финалда Израильдің тағы бір өкілі Ям Вольчакты тізе бүк­тірген қандасымыз бас жүлдені қанжығасына байлады.

48 кг салмақтағы Ғалия Тың­баева (48 кг) ресейлік Алина Сер­геева, франциялық Мелани Клемент және бразилиялық Аманда Лимдан басым түсіп, жартылай финалда оң­түс­тікореялық Хекен Лиге жол берді. Бұл бәсекені тағдырын «шидо» шешті. Үшінші орын үшін тартыста Ғалия испаниялық Мирейя Лапуэрто Комасты қос жауырынымен жерге қадап, қола медальді мойнына ілді.

Жарыстың соңғы күні екі жерле­сіміздің жеңіс тұғырына көте­рілуге жақсы мүмкіндігі болды. 100 кг салмақта Ислам Бозбаев хор­ватия­лық Златко Кумрич пен фран­ция­лық Фрэнцис Дамиерді ұтқа­нымен, ширек финалда гру­зиялық Михаил Жапаридзеден жеңілді. Жұбаныш белдесуінде өзбек Ерназар Сәрсенбаевқа сан соқтырған сақа спортшы қола жүлде үшін тартыста аустриялық Лаурин Бёлердің осал тұсын таба алмады.

Бастапқы бәсекелерде фран­циялық Джозеф Трехек пен өзбек Шохрухжон Бақтияровтан басым түскен аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаевқа одан кейін Грузияның үш бірдей алыбымен айқасуға тура келді. Алғашында ол Ираклий Де­метрашвилиден басым түссе, одан кейін даңқты Гурам Тушишвили мен Саба Инанейшвилиге есе жіберіп, бесінші орында қалып қойды.