Пікір • 26 Наурыз, 2024

Тарихымызды түгендейтін кез

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарих толқынында қазақ халқының тарихы мың сан өзгеріске ұшырағанын бүгінде бәрі біледі. Әріге бармағанда кешегі жетпіс жыл желкемізде отырған қызыл империя өктемдікпен өзеуреп түп тарихымыздан алшақтатуға барын салып, жанталасты.

Тарихымызды түгендейтін кез

1944 жылғы 9 тамызда БКП (Б) Орталық комитетінің қаулысымен одақ халқына Түркі тарихын оқуға тыйым са­лынды. Түркі тарихын зерт­­­теушілер қуғынға ұшы­ра­ды. Қолдан «монгол» деген ұлт атауы жасалып, ел құ­рып, оларды түркілерден бө­ліп тастап, тұтастай Шың­құз қа­ған қағанатын соған телі­ді. Түркілерді монголдың қол ас­тында болған деп көрсе­тіп бақ­ты. Тарихты талқан­дау­шы­­лар скифтерді иран-пар­сы­ға жат­қызды. Ал түркі қаға­нат­тары жайлы үн шығар­мауға бұйырды.

Қалай дегенде де біз өзіміз­дің түп тегіміз сақ, ғұн, түркі екенін жақсы білеміз. Одан беріде Алтын Орда, Ноғай ордасы Қазақ хан­дығы деген қуат­ты мемлекеттер болғанын тарих­тан там-тұмдап болса да бі­леміз. Едіге, Тоқтамыс, Мамай, Қарасай сынды бектер мен хандарды мақтаныш етеміз.

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асып, қырық жылға қарай кетіп барады. Осы күнге дейін Қазақ елі өз тарихын әлі тереңнен тартып, жаза алған жоқ. Мемлекет басшысы бұл туралы пәрмен бергенінен хабардармыз. Алайда толыққанды тарих қолымызға әлі тиген жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құ­рыл­тайдың үшін­ші отырысында: «Биыл Жо­шы ұлысының негізі қалан­ғанына 800 жыл толды. Бү­гінгі жиынымыз да осы ме­рейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақ­стан­ның мемлекеттілік дәс­тү­рін­де айрықша орын алады. Елі­міздің өткені, бүгіні мен бола­шағы оның тарихи мұра­сымен тығыз астасып жатыр. Ен­деше, Алтын Орда туралы ха­лық­ара­лық аренадағы түсінік Қазақ­станмен тікелей байланыс­ты болуы керек» деуі бізге үлкен күш-жігер беріп қана қоймай, келелі ойларға жетелейді.

Олай болса, ендігі жерде төрт жүз жылдай бодан болдық деп бұға бермей, басымызды көтеріп жүретін уақыт жетті. Төл тарихымызды түгендеп, келер ұрпақ алдында ұятқа қалмайтын әрекеттерге барымызды салуымыз керек.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты