Руханият • 27 Наурыз, 2024

Өнеге жолы

572 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Біздің жастық шағымыз нағыз думанды ортада өтті. 1982 жылы сол кездегі еліміздің маңдайалды оқу орны С.М.Киров Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне қабылданып, студенттер қалашығындағы жатақ­ханаға орналастық, жаңадан ашылған ғимаратта оқуымызды бастадық. Небір талантты ақындар мен жазушылар, журналистер білім алған білім ордасының кезекті толқыны болып біз де қосылдық. Алдымыздан сол кездің өзінде әдеби қауымға танылып қалған Светқали Нұржан мен Кенжебай Ахметов шықты. Кенжебай аға – прозаик, Светқали аға – ақын. Сөйтіп екі ақын болып жүргенде көп ұзамай Болат Қорғанбеков деген ақынның келгені. Енді үшеу болдық. Үшеуіміз бір үйдің баласындай болдық.

Өнеге жолы

Қызық-думаны мол студенттік шақ жадымызда ерекше қалды. Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғали, Жанғара Дәдебаев, Шәкір Ибраев, Алма Қыраубаева, Әбдуәли Қайдар, Мархабат Томанов, Сапархан Мырзабеков, Берікбай Сағындықов, Хасан Каримов сияқты өз пәнінің білгірі, әдебиеттану мен тіл білімінің білікті мамандары болған ұстаздардан алған білім қай-қайсымызға да аз олжа емес еді. Одан тыс жатақханада, оқу ғимаратында жиі өтетін әдеби-мәдени кездесулер бар. Жазушылар одағына, газет-журналдардың редакциясына баруымыздың өзі біз үшін бір арманымыз орындалған, ерекше бақытты сәттер еді. Осындай сәттерде дерлік Светқали аға, Болат үшеуміз бірге жүреміз. Светқали ағаның жұбайы, курстас құрбымыз Бибайша қасымызда. Курстағы жасы жағынан да, бойы жағынан да ең кішісі мен болғандықтан ба, курстастарым мені сіңлілеріндей, қарындастарындай мәпеледі. Әсіресе Қызылорданың Жаңақорғанынан келген Салиха туған әпкемдей өз қамқорлығына толық «көшірді». Болатты да ауылдас, сүйегі бір туыс інісі ретінде қатты «қадағалауға» алды. Күллі курстастарымыз үшін «Салиханың шайы» ерекше еді. Басымыз жиі қосылатын біздің бөлмедегі бұл дастарқанда да айтылатын әңгіме тек өлең, әдебиет айналасында болды. Светқали ағаның тегеурінді жырлары мен Болаттың ойлы өлеңдері тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып, ерекше әсерге бөлейтін.

Сонымен біздің студенттік һәм ақындық күнде­ріміз былайша айтқанда «жұлдызды» болып өтіп жатты. Светқали аға мен Бибайша отбасылы бол­ғанда пәтер жалдап, ендігі біраз дастарқан сол жаққа қарай ауысқан кезде де мұндай тамаша мезеттер азайған жоқ. Әрине, журналист жігіттермен бас қосатын отырыстарында мен бола қойған жоқпын. Болсам да дастарқаннан шеттеп, Бибайшаның қасына ойысып, асүй жағын жағалайтынмын. Светқали аға мен Болат бес-алтау, тіпті одан да көп болып тобымен келетін «қаламдастарына» төтеп беріп, өлеңнің тиегін ағытатын.

Болат осылай студент кезінде өз айналасына ақын болып танылған-ды. Тіпті сол кездегі беделді журнал «Жалынға» өлеңдері де жарияланды. Ол кезде газет-журналда өлеңің шықса, ақындығың бекітіліп, дәйектелді, күллі қазақ даласы таныды деген сөз. Менің баяғы бір блокнотымда Болаттың студенттік шақтағы философиялық мәні салмақты өлеңі бар еді. Есімде қалған жолдары:

Жалған дүние, түк естімес керең бе ең?

Керең болсаң кереңді ішші дер ем мен.

Бірақ... бірақ... түсінем ғой, түсінем,

Дауысы оның естілмейді тереңнен...

Болаттың жастық жырларының өзі осындай ойлы, салмақты болып келетін. 1988 жылы «Жалын» журналында жарқ еткен өлеңдері оның беделін тіптен көтеріп жіберді. Осы топтамадағы «Кассандрамен тілдесу» атты өлең оның қалам қарымын, әдеби өресін танытатын ерекше бір дүние болды.

...Нәзік жаның бәрінен жасқанды да,

Жанарыңнан шарасыз жас тамды ма?

...Сенің жүгің мойнымда бүгін менің,

Жаралы да жалғыз жан – Кассандра...

Ежелгі поэзиядан бүгінгі поэзияға дейін жалғасқан жалғыздық сарыны Болаттың өлеңінен осылайша орын алған. Грек мифтерінде, Гомердің «Иллиадасында» айтылатын Кассандраның көріп­келдігі және оған ешкімнің сенбеуі оқиғасы көр­кемөнер туындыларының қаншасына арқау болғанын санап айта алмаспын. Алайда қазақ өлеңінде Кас­сандра болмысы осындай философиялық ой, ли­рикалық нақышпен жырланғанын айта аламын. Музаның һәм көздегенінен мүлт кетпейтін күміс жебенің әміршісі, лира аспабының хас шебері дейтін Аполлонның өзіне деген сезімін тәрк еткені үшін осындай жазаға ұшыраған жаны жаралы, тағдыры қа­ралы Кассандраны жиырма екі жасар Болат поэтикалық тұлға-символ ретінде осылай кескіндеді. Болаттың поэзиясына пікір білдірген қа­зақтың ғажайып сыршыл ақындарының бірі Исраил Сапарбай бұл өлең туралы: «Кассандрамен тілдесу» жас ақынның іздену жағрапиясын ұсынып қана қоймай, ойлы түйін таба біле­тінін де аң­ғарт­­қандай. Кассандра тағ­дырын айта ке­ліп, ақын тағ­дырының да оңай емес екен­­дігін меңзеп, шебер қи­сын жасайды», дейді. Жас ақынның ерекшелігін: «Бо­латта объектіні алға сала оты­рып, ойды өлең соңында ас­тар­лап беру жағы анық байқалады»,  деп көр­сетеді.

Осылайша, ақын Болаттың жұл­­дызы жарқырап жүрді. Ақын­дығымен ғана емес, жақсы әншілігі, домбырашылығымен де белгілі болды. Ол әуелеткен «Бір келіншек» әнін күллі ҚазМУ қалашығы ұйып тыңдады.

1986 жылғы желтоқсан көтерілісі – біздің студенттік шағымыздың тарихи оқиғасы болды. Сол жылы біз бесінші курстамыз. Болат екінші курс сту­денті. Алаңға курстастарым Салиха, Бибайша, тағы басқа курстас қыз-жігіттер шықты. Светқали аға мен Болат та сол алаңда жүрді. Болаттың жанында Шардияр Уәлиханов, Нұрлан Сүйінов деген курс­тастары да болды. Қаныбек Бижанов пен Қанат Әбілқасымов та олардың қасында болды.

Қазақ жастарының алаңға шығып, билікке наразылық білдіруі әкімшіл-әміршіл жү­йені естерінен тандырды. Билік жастарға «бұзақылар, нашақорлар, бүлікшілдер» деп айып тағып, жала жауып, сол бойынша тергеу-тексеру жұмыстары қар­қынды түрде басталып кетті. Әр қадамымыз аңдулы. Жа­тақ­ханадан ешқайда шы­ғар­майды. Осындай сын сағат, сынаулы күн­дерде де Болат өз позициясынан айнымады. Біз осылай желтоқсанның ызғарына да шарпылдық...

Болаттың ақындығымен қатар ғылымға деген ерекше қабілеті оқытушы-ұстаздар назарынан тыс қалған жоқ. Университетте өтетін ғылы­ми конференциялар мен әдеби кештер талай талантты жастардың бағын ашты, олардың әдебиет пен ғылым әлеміне келуіне жол көрсетіп, жөн сілтеді.

Міне, біздің жастық шағымыздың тарихи алаңы осындай болды. Біз 1987 жылы оқу бітіріп, «Желтоқсан желінің» екпінімен Алматыдан алысқа кете бардық. Қуғын-қудалау, қысым көрсек те біз бұл көтеріліске қатысқанымызды әрдайым мақтан тұтып, ел алдында орындалған бір борышымыз деп білдік. Өйткені біздің Желтоқсан мызғымастай көрінген «алып империяның» іргетасын шайқалтып, қабырғасын тітіретті. 1988-1989 жылдардағы Алаш арыстары есімдерінің елімен қайта қауышуына да сол желтоқсан оқиғасының ықпал еткені айдан анық.

Болат 1990 жылы университет бітірген соң Алматыдағы қалалық атқару комитеті жанындағы Тіл үйрету орталығында оқытушы болады. Кейін Ұлттық ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инситутында қызметке барды. Одан соң Өзбекстанның Гүлстан қала­сындағы Ғафур Ғұлам атындағы мемлекеттік уни­верситетінде оқытушылық, одан кейін кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары қызметтерінде болды. Түбі бір туыс өзбек еліндегі қаракөз қандастарымызды маман ретінде тәрбиелеуге өз үлесін қосты.

Болаттың ғылыми-педагогикалық еңбегі сал­мақты зерттеулермен толығып отырды. Бел­гілі ғалым, академик Рахманқұл Бердібайдың же­тек­шілігімен «Шора батыр» жырының ұлттық нұсқалары (генезис, тұтастану, тарихилық мәсе­лелері)» деген тақырыпта кандидаттық диссер­тация қорғады. Жыр нұсқаларын салыстыра отырып, ондағы тұтастану сипатын, тарихи негіз­дерді танытып, құнды тұжырымдарға қол жеткізген бұл еңбек – қазақ фольклортануындағы салмақты дүние. Түркі дүниесінің белгілі ғалымдары Болаттың бұл зерттеуіне ерекше назар аударып, жоғары баға берді. Болат осы жылдары Түркістандағы Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік универ­ситетінде қызметте болғанда осы университет Сена­тының және университет жанындағы филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы қызметтерін атқарды. Қазақ әде­биеті кафедрасының құрметті меңгерушісі болған ұстазы академик Р.Бердібайдың қасында атқарушы меңгеруші болды. Академик Р.Бердібай басқарған халық уни­вер­ситетінің заңды жалғасы болған Түркістан қаласындағы академик дәрістерінің өтуіне Болаттың жәрдемі көп тиді.

Болаттың ғылым жолындағы ізденісі ұлт руханиятымен сабақтасып, «Қожа Ахмет Ясауи­дің «Диуани хикмет» шығармасы мен қазақ фоль­клорының мазмұндық-көркемдік сабақтастығы» тақырыбындағы докторлық диссертациясын тәмамдады. Өкінішке қарай, диссертация қорғаудың бұрынғы дәстүрлі жүйесі тоқтатылып, жаңа қорғау жүйесі тек PhD академиялық дәрежесін берумен шектелгендіктен, қорғауға дайын зерттеу еңбегінің әрі қарай жолы болмады... Ғылыми-педа­гогикалық жолдағы ізденісін бәсеңдетпеген Болат Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы бола жүріп, фольклортану саласында бірқатар салмақты зерттеулер жүргізді.  Кейін «Сырдария» университетінің доценті қызметінде де жүйелі ізденістерін жалғастырды.

Болаттың еңбек жолы соңғы он жылдан бері ел ордасы Астанада жалғасып келеді. Атап айтсақ, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры. Белді-белді шығармашылық ұйым-комиссиялардың мүшесі.

Міне, Болаттың бел-белесі осындай салмақты да салиқалы мазмұнмен әдіптелген. Ғалым-ұстаздың ақындықтан бастау алып, ғылымдыққа ұласқан еңбегі өзінен кейінгі толқынға өнеге боларлық.

 

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ,

ақын, әдебиеттанушы