Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge» форумындағы баяндамасында жасанды интеллектінің бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналатынын айтқан еді. «Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор. Ол адамзаттың тұрмыс салтын мүлдем басқа арнаға бұрып, жұмыс үдерістерін автоматтандырады. Сондықтан қысқамерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет», деді Президент. Бұл сөзден жасанды интеллект болашақтың технологиясы екенін анық түсіндік. Қазірдің өзінде бірнеше сала жаңа цифрлық жүйеге қарқынды түрде көшіп жатыр. Тасқыны қатты ақпаратты игеру үшін БАҚ өкілдері де жасанды интеллектінің тетіктерін меңгеруге кірісті. Журналист, IT маманы Мейіржан Әуелханұлы да ендігіде жасанды зерденің тілін тапқан адамның өз саласында озық болатынын айтады.
– Жасанды зерденің журналистерге пайдалы тұстары өте көп. Мен кейбіріне тоқтала кетейін. Біріншіден, журналистер қауымы үнемі ақпарат ағынында жүреді. Сол көп ақпаратты жинау үшін ЖИ таптырмайтын көмекші құрал. Екіншіден, белгілі бір типтегі жаңалықтарды, мысалы, спорттық нәтижелер мен қаржылық есептерді ЖИ арқылы автоматты түрде жазуға болады. Бұл да журналистерге уақыт жағынан үлкен көмек. Үшіншіден, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін алгоритмдер оқырмандардың қызығушылығын талдап, анықтау арқылы жекелендірілген жаңалықтар тізбегін ұсына алады. Бұл оқырмандардың қызығушылығын арттырады, – дейді М.Әуелханұлы.
Сарапшылардың айтуынша, келешекте әр тілшінің робот көмекшісі де пайда болуы мүмкін. Ол түсірілген видеоны монтаждауға, сапасын тексеруге, мәтінді редакциялауға, ақпараттарды іріктеуге, тіпті қосымша түсірілімдер жасауға көмектесе алады. Бұның барлығы қарыштап дамып жатқан цифрлы технология арқасында жүзеге асады. Қазірдің өзінде елімізде телестудиялық хабарларды жасанды интеллект жүргізетін жүйе іске қосылды. Атап айтсақ, «Түркістан» телеарнасында Күншуақ Табиғатқызы есімді «робот» қыз күн райының болжамы айдарын жүргізеді. Тап солай «Қызылорда» телеарнасындағы ауа райын Айжан Сырқызы есімді жасанды жүргізуші баяндап отырады. Жалақы төлемейтін, ауырып қалмайтын, дауысы, мәнері бұзылмайтын, боянбайтын жүргізуші қай жағынан алып қарасаңыз да тиімді. Бұдан біз алдағы уақытта журналистика мен цифрлы технология тығыз қарым-қатынаста дами түсетініне анық көз жеткіздік. Енді біз бұған қуануымыз керек пе, жоқ қорқуымыз керек пе? Қызметкердің жұмысын жеңілдетсе қуанамыз, тартып алса қорқамыз, әрине. Бірақ адамның аты адам ғой. «Қалай болғанда да жасанды зерде адамның бақылауындағы тәрбиеленген құрал болуы керек», дейді мамандар.
– Қазіргі таңда жай ғана жаңалықшы журналист болу маңыздылығы осы жасанды интеллектінің пайда болуымен қатты төмен түсіп кетті. Неге? Өйткені жаңалық «Не болды?», «Қайда болды?» деген екі-ақ сұраққа жауап береді. Ал жасанды зерде сіз іздеген бүкіл ақпаратты хронологиясымен, ұсақ-түйегіне дейін адамнан артық жинап бере алады. Керек десеңіз интернеттегі бүкіл бейне, аудио жазбалардың бәрін жиыстырып, иллюстрациямен де мақала жазып бере алады. Бірақ ол сараптама жасай алмайды. Ал сараптама «Не үшін болды?», «Енді не болады?» деген сұрақтарға жауап береді. Бұл әзірше жасанды интеллектінің қолынан келер емес. Иә, біз әлеуметтік желіге жылдамдықты, жаңалық жазуды жасанды интеллектіге беріп қойдық. Сол себепті қазіргі тілшілер жасанды зерденің тілін тауып, оны уысында ұстап, бәсінің биік екенін көрсету үшін қалайда сараптамашы журналиске айналуы керек, – дейді тележүргізуші Ардақ Қасымхан.
Бірақ жасанды зерденің бүгінгі қарқынынан үркіп, ертеңгі бет алысынан қорқып отырған мамандар да аз емес. Қыңқыл-сыңқылы көп адам баласының орнына айтқанды екі етпейтін темір-терсекті жұмысқа алатын үрдіс қалыптасса, нендей заман орнығады деп қамығады олар. Бұл тараптағы уайым-қайғы, қорқыныш-үрей мүлдем негізсіз демейміз. Адам баласына тән бірнеше қабілетті бойына сіңірген жасанды интеллектінің таяу болашақта бірталай кісіні үйреншік жұмысынан ығыстырып, шетке қағатыны даусыз ақиқат.
– Ең қызығы, басқа-басқа, жасанды интеллект спорт комментаторларының нанына ортақтасуы мүмкін деген жорамал ойыма кіріп те шықпапты. Уақыт дәлелдегендей, адамдарға қарағанда технология жылдам дамитынын байқадық. Сондықтан күндердің күнінде жасанды интеллект тікелей ойынды қарап отырып та сүйемелдейтін күнге әне-міне келіп қалуымыз әбден кәдік. Менің ойымша, енді ФИФА болсын, бокс, гольф, теннис сияқты барлық спорттық ойындарда екі дауыс ұсынылатын болады. Адам комментатор және ЖИ комментатор. Әгәрәки, сізге адамның даусы мен сөзі ұнамаса, онда ЖИ-ге ауыса алатын функция болады. Ал одан да кішкене уақыт өткен соң, яғни, жасанды интеллект моделінде эмоция пайда болғанда, адамды толық алмастыруы әбден кәдік, – дейді IT маманы Т. Бектұр.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жасанды интеллект әкелетін ендігі қауіп дипфейкке қатысты. Ашып айтсақ, дипфейк – жасанды интеллект көмегімен өңделген фото, бейне немесе аудиожазбалар. Бұл технология адамдардың бейнелерін пайдаланып, оларды сөйлетіп, кез келген дауысты салады, сонымен қатар ешқашан айтпаған сөздерді айтқызуы мүмкін. Дипфейк алғашында 2017 жылы «Reddit» әлеуметтік жаңалықтар сайтында пайда болды, бірақ қарапайым қолданушыға қолжетімсіз еді. Алайда биылдан бастап, дипфейк жасайтын бағдарламалар барлық интернет қолданушыларға қолжетімді болып, кеңінен таралып жатыр. Бұл – еліміздегі ғана емес, дүниежүзіндегі түйткілді мәселе. Мысалы, Ұлыбритания билігі де осы жылдың екінші жартысына жоспарланған сайлаудың әділ өтуіне жасанды интеллект кері әсер етеді деп қауіптенеді. Өйткені кейінгі уақытта саясаткерлердің жасанды интеллект арқылы жасалған жалған бейне мен аудиожазбалары желіде қаптап кеткен. Қысқасы, өтірік пен шындықтың аражігін ажырату қиындай түседі.
Сондай-ақ жасанды зердеге артық сүйену – журналистердің креативтілігін, сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін және кәсіби дағдыларын әлсіретуі мүмкін. Өйткені дайын асқа – тік қасық болған маманның ойлаудан қалатыны белгілі. Одан бөлек жасанды интеллект жасаған контенттің артуы, оның ішінде мақалалар, фотосуреттер мен бейнелер, медианың жалпы сенімділігін төмендетуі мүмкін. Оқырмандар контенттің авторына адам ба, әлде машина ма деп күмәнмен қарай бастайды.
Әрі журналист әрі IT маманы Мейіржан Әуелханұлының айтуынша, журналистика қауымдастығы және бұқаралық ақпарат құралдары жасанды зердені қолдану арқылы барлық мүмкіндікті бағалауы керек. Сонымен қатар оның қауіптерін басқару үшін этикалық шараларды қабылдауға тиіс. Бұл – өз кезегінде, ақпараттың сапасын жақсартып, журналистиканың маңызды қызметін, яғни ақпараттың объективті және жауапкершілікпен таратылуын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Мінекей, пайдасы пілдей, зияны зілдей жасанды интеллект дегеніміз осы. Қолдана алсаң – игілігің, қолдана алмасаң – қиғылығың. Халық ақыны Қарасақал Ерімбет айтты дейтін «Қызғанар итаяғын құтырған ит, қабады өз иесін сақ болмаса» деген сөзі де осы бір ақиқатқа жетелейді.
Бекзат ҚҰЛШАР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті