Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметіне қарағанда, қарғын суға қарсы әрекеттер белсенді жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқару органдарымен үйлестірілген жұмыстардың нәтижесінде, жыл басынан бері 1 млн 626 мың текше метр қар шығарылған. Соның ішінде өткен аптада ғана 301 мың текше метр қар сыртқа тасылған. Су ағатын 2 082 құбыр тазаланған. Сондай-ақ 116 шақырым арық та тазартылып, судың жүруіне кедергі болатын қар мен қоқыстардан аршылған. Өткен аптада ғана 30 шақырым арық тазаланыпты.
«Жыл басынан бері елді мекендерде құм-топырақ салынған 23 667 дайындалды. Бұл жұмыс өткен аптада жедел қолға алынып, бір аптада мұның 12 мыңдайы дайын болды. Департамент қызметкерлері қарғын су басып кетуі мүмкін учаскелерге топ-тобымен бөлініп, әрекет етуге дайын отыр. Бұған қоса қажетті техникалар да сайлаулы», деді ТЖД-ның баспасөзбен байланыс бөлімінің қызметкері Евгений Журавлев.
26 наурыз күні Ғ.Мүсірепов ауданындағы Шарық өзеніндегі мұз кептелісінің алдын алу мақсатымен Раисовка ауылында, Ақанбұрлық өзені арқылы өтетін Григорьев көпірі ауданында, Ақанбұрлық пен Есіл өзендерінің түйіскен жерінде, және Чистополье ауылының жанында мұз жару жұмыстары жүргізілді. Мұздың жалпы ауданы 1 200 шаршы метрді құрады. 160 кг жарылғыш заттар пайдаланылды. Бұл – сең кептелісін болдырмай, судың еркін ағуы үшін жасалып жатқан шаралар.
Алайда халықтың көңілі күпті екенін жасыруға болмайды. Қаладағы қарды күн «мүжіп» азайта бастағанымен, әлі де көп. Оның үстіне желтоқсанда еріген қардан қатқан мұз тоң болып, қардың астында сіресіп жатыр. Үйлердің көлеңкесінде жатқан қарға күннің көзі жетпеген. Бір кезде күрт ерісе, үйлерге су кіру қаупі бар. Қарғын судың биыл жерге сіңуі қиын, өйткені топырақтың ылғалы былтыр күз бойы жауған жаңбырмен толып тұр.