Қоғам • 28 Наурыз, 2024

Пластик ойыншықтар несімен қауіпті?

206 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде тұрмыста қолдана­­тын зат­­­­­тар, соның ішінде балалар­ға ар­­­налған ойыншықтар да не­­­гі­зі­­­нен пластиктен жасалады. Ай­та­ ке­­тейік, пластик пен пласт­­­­­мас­­са – бір материал. Кеңес за­­­манында плас­­тик сөзі (ағыл­­­­­­шын­­ша – plastic) аз қол­­­дан­­ған­­­­­­дық­­­­­­тан пласт­­­­мас­са сөзі жиі пай­­­­­да­­­ла­нылды.

Пластик ойыншықтар несімен қауіпті?

Фото: gov.kz

Бұл материалдан жасалған ойыншықтар берік­тігі мен әдемілігінен басқа, балалар денсаулығы үшін қауіпсіз болуға тиіс. Әсіресе мамандар ойын­шық сатып алған кезде оның өткір иісі болу-болмауына назар аударуға кеңес береді. Егер өткір иіс болса, бұл материал құрамында фта­лат, формальдегид немесе барий, кадмий, хром, қорғасын, сынап және селен сияқты ауыр метал­дардың көп екенін білдіруі мүмкін. Ал бұлардың шамадан тыс болуы бала денсаулығы үшін өте қауіпті.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орта­лығының маманы Ермек Тоқбергеновтің айтуын­ша, полимер өндіруде сапасы төмен шикізат қолданылса немесе өндіріс технологиясы бұзылса, пластмассалар деструкцияға ұшырап, сыртқы ортаға қаупі бар химиялық заттарды бөледі.

«Пластмасса – поливинилхлорид, полистирол, поли­этилен, полипропилен сияқты синтетикалық немесе табиғи жоғары молекулалық қосылыстар арқы­лы жасалатын полимерлер тобының жалпы атауы. Ішінара немесе толығымен поливинилхлорид­тен (ПВХ) жасалған ойыншықтар денсаулыққа қа­уіп төндіреді. ПВХ пластификаторы ретінде фта­­­­латтар қолданылады, олар пластикалық өнім­дер­­ден шығарылады. Қыздырған кезде мұндай ойын­­шықтар денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін», дейді ол.

Сондықтан мамандар суға салып ойнайтын ойыншықтарға, қыздыруды немесе қайнатуды қажет ететін емізік пен тістеуге арналған резеңке секілді заттарды мұқият тексеріп алуға кеңес береді. Олардың айтуынша, пластификатордан басқа пластмасса құрамына оксиданттар кіріп, олардың бірі ретінде фенол қолданылады.

«Фенол уытты, тері және шырышты қабаттар арқылы қанға сіңеді, содан кейін тіндер мен ағзаға енеді. Фенолдан уланған кезде әлсіздік, қатты шаршау, ұйқының бұзылуы, бас ауруы, бас айналу, орталық жүйке жүйесінің бұзылуы, асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуы, терінің қышуы, дерматит байқалады. Сондықтан балаларыңызға мұндай ойыншықтарды таңдағанда абай болыңыздар», дейді Е.Тоқбергенов.

Пластик ойыншықтарды аларда «Ойын­шық­тардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағы техни­ка­лық регламентінің (КО ТР 008/2011) талаптарына сәйкестік сертификаты бар екеніне көз жеткізу қажет. Сонымен бірге денсаулыққа зиян­ды болуының басты белгілерінің бірі – иісі қатты шығуы. Оған да көңіл аударуды ұмытпаған жөн. Маман­дар ойыншықтардың да жарамдылық мерзімі өтетінін айтады. Сондықтан ұзақ уақыт қолданыста болған ойыншықтардан арылып отырған дұрыс.