Шаруашылық • 28 Наурыз, 2024

Балық өсіру – басым бағыт

151 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Қазақстан-Чех халықаралық аквамәдениет орталығы ашылды. Ол жерде жаңа әдістерді қолдана отырып, балық пен суда өсетін басқа да тұқымдар зерттеледі, оларды көбейту жұмыстары жүргізіледі. Қазір мұндағы балық өсіру цехында африкалық жайын, тиляпия, көксерке, бекіре өсіріліп жатыр. Австралиялық көк шаян мен теңіз шаяны да бар.

Балық өсіру – басым бағыт

Мамандардың пікірінше, афри­калық жайын суыққа төзім­сіз. Шабақтарды +22-28 градус ара­лығындағы температурада ұстаған дұрыс. Одан да көктем мен жаз соңына дейін арнайы тоғанда бағып, сырт елдерге экспорттауға әбден болады.

Ветеринария ғылымдарының докторы Қуаныш Сыздықовтың айтуынша, орталықтағы зерттеу жұмыстары елдегі балық ісімен айналысатын кәсіпкерлерге де көп кеңес бере алады.

Жиынға С.Сейфуллин атын­дағы ҚазАТЗУ ректоры Қанат Тіреуов, Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Павол Шепеляк және Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің өкілдері қатысты. ҚазАТЗУ мен Оңтүстік Богемия (Чех Будеевице) университеті арасындағы халықаралық ынты­мақ­тастық аясында осындай игі бастама іске асып отыр.

– Біздің университет үшін даму басымдықтарының бірі – білім беру бағдарламаларын интер­националдандыру, бірлес­кен ғылыми жобалар мен орта­лық­тарды дамыту мәселесіне үл­кен көңіл бөлу. Университеттің стра­тегиялық дамуының бас­ты мақсаты – түлектеріміздің ішкі және халықаралық еңбек нары­ғын­да бәсекеге қабілеттілігі мен сұра­нысын арттыру. Бүгінде білім және ғылым сала­сын­дағы халықаралық бағ­дар­ла­малар мен жобаларға қа­тыса отырып, әлемнің 40-тан аса еліндегі серіктестермен халық­аралық ынтымақтастық орнат­тық. Бүгінде Чехияның 3 уни­верситетімен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Қанат Тіреуов.

Орталықтың маңызды бағыты – ғылыми-зерттеу жұмыстары мен мақалаларды бірлесіп жариялау, сондай-ақ халықаралық конференцияларға, дөңгелек үстелдерге қатысу.

– Қазақстан-Чех халық­аралық акваөсіру ғылыми ор­та­лығы – ғылым мен техника дамуы­ның тарихи маңызды ны­саны әрі халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың тамаша үл­гісі. Бұған дейін осы мәселе екі ел арасында талықалаудан өтті. Расымен, жобаның қағазда бетінде қалмай, іске асқаны үлкен қуаныш. Жалпы, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтық негізінде орталық жұмысы ба­лық өсіру және аулау ісін жан­дандыруға күш береді деп сенемін. Чехияда балық өндірісі ішкі тұтынуда да, экспорттау жағынан да жақсы дамыған. Чех балық өсірушілерінің ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі және заманауи ғылыми жетістіктері қазақстандық әріптестерге үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Осы салада ғылыми зерттеу жүргізілетін Оңтүстік Чехия университетінің балық шаруашылығы және суды қорғау факультеті оқу және прак­ти­калық қызметті біріктіріп, жаңа акваөсіру нысандарын енгізумен, жаңа балық азықтарын тәжірибеден өткізу және басқа зерттеулермен айналысып келеді, – деді елші Павол Шепеляк.

Елшінің сөзінше, 2022 жылы көктемде Чехияның Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі Астанадағы Чехия елшілігінің қолдауымен өздеріндегі балық өсіруші ұйым­дардың ғылыми бағыттағы қыз­метімен таныстыру үшін қа­зақстандық балық өсірушілерге арнайы сапар ұйымдастырған. Ал былтыр күзде Чехияның Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборныйдың Қазақстанға сапарында ғылыми ынтымақтастық тақырыбында сөз қозғалып, орта­лықтың ашылуына қолдау көр­сетілген.

Айта кетейік, Үкімет балық шаруашылығын дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған арнайы бағ­дарламасын қабылдағаны бел­гілі. Іле-шала Премьер-ми­нистр­­дің тапсырмасымен бар­лық өңірде осы жылдарға қатысты өңірлік бағдарлама әзірленіп, арнайы қаулымен бекітілді. Жо­ға­рыда айтылғандай, балық шар­уа­шылығындағы үлкенді-кішілі жобаларға аталған орталық­тың көмегі көп болады деген сенім бар.