Қазақстан • 28 Наурыз, 2024

Елімізде жылына шамамен 25 тонна алтын заңсыз өндіріледі – сенатор

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаты Андрей Лукин еліміздегі заңсыз алтын айналымы мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде жылына шамамен 25 тонна алтын заңсыз өндіріледі – сенатор

Палата отырысында Лукин 2020-2023 жылдар аралығында Қазақстанда алтынның заңсыз айналымына қатысты 7 қылмыстық іс тергеліп, оның 4-і сотқа жіберілгені туралы статистикалық мәліметтерді келтірді. Келтірілген шығын 1,5 миллиард теңгеден асты.

«Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы 4 жылда заңсыз айналымға, бағалы металдарды өндіруге және ұрлауға қатысты 133 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген», деді Лукин.

Мысал ретінде депутат заңсыз өндірілген алтын өнімдерін сатып алумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері 2023 жылдың қарашасында қамауға алынғанын айтты.

«Кейіннен жер асты цехтарында бұл алтыннан белгілі брендтердің атын жамылып, Астана мен Шымкент сауда үйлерінде сатылған өнімдер шығарылды. Тінту кезінде 1 келіден астам алтын мен 100-ден астам зат тәркіленді», деді сенатор.

Парламентар мұндай заң бұзушылықтармен күресу үшін алтын кеніштеріндегі бақылауды күшейту керек деп санайды.

«Болжам бойынша, заңды түрде өндірілген әрбір үш тонна алтынға бір тонна заңсыз өндірілген алтын қосылып отырды. Ел бойынша бұл - жылына шамамен 25 тонна заңсыз өндірілген алтын. Бұл мәселені шешудің басты шарасы - нысандардағы бақылауды күшейту. Бұл қосымша бейнебақылау камераларын орнату, шахтаны талшықты-оптикалық арналармен жабдықтау, тексеру жүйелерін пайдалану, автоматты анықтау сенсорларын енгізу және басқа да қауіпсіздік шараларын қамтиды», деді сенатор.

Еске салайық, бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі ел азаматтары алтын сатып алу кезінде алданып жатқанын хабарлаған еді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар