Қазақстан • 28 Наурыз, 2024

Қазақстанда кәдеге жарату төлемінің мөлшері азаюы мүмкін

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатор Бекбол Орынбасаров азаматтардан түскен арыз-шағымдарды талдау негізінде Үкімет  басшысына депутаттық сауалын жолдап, кәдеге жарату төлемін, кедендік баж салығын және көлікті тіркеуге алым мөлшерін төмендетуді ұсынды, деп жазады Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда кәдеге жарату төлемінің мөлшері азаюы мүмкін

Фото: lada.kz

Импорттық көліктердің бағасы ел азаматтарының басым көпшілігі үшін тым қымбат. Оған кедендік баж салығы, кәдеге жарату және бастапқы тіркеуге төленетін төлемдер себеп болып отыр. Бекбол Орынбасаров депутаттық сауалында еліміздің көлік паркін жаңартудағы түйткілдерге тоқталды.

Сенатордың айтуынша, депутаттарға азаматтардан кедендік баж салығы, кәдеге жарату нормалары және басқа елдерден әкелінетін көліктерді тіркеу мәселелеріне қатысты өтініштер жиі түсіп тұрады. Сенаторлар Үкіметке бірнеше рет депутаттық сауал жолдағанымен, екі тарапты да қанағаттандыратын нақты экономикалық міндеттер мен ғылыми тұжырымдарға негізделген шешім әлі ұсынылмады. Нәтижесінде қарапайым азаматтар үшін көлік сатып алу қолжетімсіз болып кеткен.

Осы орайда сенатор жеңілдетілген автонесие бағдарламасы халықты жаңа көліктермен қамтамасыз ету мақсатына жете алмағанын айтып, жаңа әрі сапалы көліктердің жоқтығы автокөліктерді заңсыз жолмен тіркеу оқиғаларына себеп болғанын алға тартты.

«Қозғалтқыш көлемі екі мың текше сантиметрге дейінгі, шыққанына үш жылдан аспаған автомобильдер үшін кәдеге жарату алымының мөлшерін 150 000 теңгеден аспайтындай етіп қайта қарауды сұраймын. Кедендік бажды есептеу кезінде кедендік торды азайту жағына қарай қайта қарау керек. Автокөліктер Қытайдан Қазақстанға Қырғыз Республикасы арқылы әкелінетін фактілер тым жиілеп кетті, өйткені автокөлік иелері ҚҚС пен бажды біздің мемлекетімізге қарағанда бірнеше есе аз төлейді. Шығарылған жылын қоса алғанда, бес жылға дейін көлік құралдарын мемлекеттік тіркегені үшін алым мөлшерлемесін 0,25 АЕК көлемінде қарастыруды ұсынамын. Аталған ұсыныстар Қазақстан азаматтарына сапалы және қолжетімді автокөлік алуға мүмкіндік береді деп сенеміз», деп қорытындылады Бекбол Орынбасаров.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті