Бокс • 29 Наурыз, 2024

63,5 кг: Бангкокқа кім барады?

168 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы Қытайдағы Азия ойындары мен Италиядағы халықаралық турнирдің қорытындысы бойынша Париж Олимпиадасының алты жолдамасын олжалады. Оның иегерлері – Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг).

63,5 кг: Бангкокқа кім барады?

Олимпия ойындарында бокс­шылардың бәсекесі ұзақ жылдар бойы 10-нан аса салмақ дәрежесінде өтіп жүрген еді. Аталған жарысқа әйелдер қосылғаннан кейін сарапқа салынатын медальдар саны кеміді. Мәселен, 2000 жылға дейін 12 салмақтағы сайыстарды тамашаласақ, 2004 пен 2008 жылдары 11-ге және 2012 мен 2016 жылдары 10-ға азайды. Ал 2021 жылы Токиодағы ойындардың бағдарламасына сай оның саны сегізге дейін қысқартылды. Биыл Париждегі жекпе-жектер тек жеті салмақта ғана өтеді. Бұл ретте ХОК-тың басшылары гендерлік саясатты алға тартып, келесі ғаламдық додада осы спорт түрін серік еткен ерлер мен әйелдер санын теңестіруді көздеп отыр.

Өкінішке қарай, 63,5 кг салмақ дәре­жесінде өнер көрсетіп жүрген оғлан­дар жоғарыда аталған екі жарыста да осалдық танытты. Атап айтсақ, былтыр Азиадада Ертуған Зейнуллинов және биыл Италиядағы лицензиялық турнирде Мұ­хамедсабыр Базарбайұлы бақ сынағанымен, екеуі де белгіленген межеге жетпей сүрінді. Қазіргі кезде «Келесі лицензиялық жарысқа кім қатысады?» деген сауал көпшіліктің көкейінде тұр. Бұл сұраққа Қазақстанның ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың тарапынан нақты жауап ала алмадық. Майталман маман «Олимпиаданың соңғы жолдамалары сарапқа салынатын сайысқа нақты кімнің баратыны әлі белгісіз» деп әңгімені қысқа қайырды. Естеріңізге сала кетейік, соңғы іріктеу турнирі 23 мамыр мен 5 маусым аралығында Таиландтың бас шаһары Бангкокта өтеді.

Соңғы жарыстардың нәтижелерін саралай келе мынадай ой түйіндедік: Былтыр қараша айында Астанада өткен Спартакиадада 63,5 кг салмақ дәре­же­сінде түркістандық Мұхамедсабыр Базар­байұлы бас жүлдені олжалады. Яғни оның Италияға баруы заңды. Бірақ Апен­нин түбегінде Мұхамедсабыр өзіне берілген мүмкіндікті пайдалана алмады. Сол Спартакиадада павлодарлық Серік Теміржанов күміс медальды иеленді. Бұл спортшының да есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. 57 кг салмақта күш сынасқан кезінде Азамат Мақажановтың шәкірті әлем мен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанып, Токио Олимпиадасына қатысты. Жапонияның астанасы мен соңғы дүниежүзілік додада сәтсіздікке ұшырағаннан кейін орнын Махмұд Сабырханға босатып, 63,5 кг салмақта сайысқа түсуге бел буды. Бастамасы жаман емес. Серік Астанада ақтық сынға дейін ал­қынбай жетіп, шешуші тұста ғана же­ңіліс тапты. Аталған жарыста Жан­дос Қыдырәлиев пен Ерасыл Таңкай қола медальды иеленді. Бірақ бұл бокс­шылардың халықаралық аренада жиған тәжірибелері аз. Сондықтан да таңдау оларға түсе қоймас. Жандос пен Ерасылға қарағанда, талай дүрмекте ысылған Теміржановтың Тай еліндегі турнирде табысты өнер көрсетуіне мүмкіндігі зор.

Біраз уақыт бойы бұл салмақтың тізгінін Санатәлі Төлтаев ұстаған еді. Ол Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарына қосылып, екі бірдей әлемдік додада бақ сынады. Бірақ байрақты бә­се­келерде Төлтаевтың жолы болмады. Ол Спартакиадада ойда-жоқта Жан­­дос Қыдыралиевке есе жіберіп, үздік­тер қатарына қосыла алмады. Енді Са­нат­әлінің кандидатурасы қарастырыла қой­майтын шығар.

Кейбір мамандар тарапынан «Соңғы іріктеу турниріне Дулат Бекбауовты апарған жөн болар еді» деген сыңайда пікірлер айтылып жатыр. Әрине, оған еш қарсылық жоқ. Әлем және Азия чемпионатында күміс медальды мойнында жар­қыратқан жерлесімізді қандай дүрмекке қоссақ та, жанкүйерлерді жерге қарат­пайтыны анық. Десек те Бекбауов жоғарыдағы жетістіктерге 67 кг салмақ дәрежесінде қол жеткізгенін де ұмытпайық. 71 кг салмақта бақ сынап көрген еді, алпамсадай Асланбек Шымбергеновке әлі жетпеді. Егер Тараздың тарланы Париж Олимпиадасына барғысы келсе, онда біраз салмақ қууы керек. Бірақ бұл да – оңай шаруа емес. Бұл ретте «Артық салмақтан арылған жағдайдың өзінде Дулат рингте әдеттегідей еркін қимылдап, кеңінен көсіле ала ма?» деген заңды сауал туындайды. Осы жағын да ескерген жөн.

Жалындап тұрған жастарға келер болсақ, 18 жастағы Төрехан Сабырханды ерекше атап өтуге болады. Ол – әлем чемпионы Махмуд Сабырханның туған інісі. Шымкенттің шымыр жігіті 2022 жылы Амманда жалауы желбіреген жастар ара­сындағы құрлық біріншілігінде бас жүлдені олжалады. Былтыр Астанадағы Азия чемпионатында да Төреханға тең келер ешкім табылмады. Финалда қан­дасымыз Фаррух Тулағановтың тас-тал­қанын шығарды. Екі рет қатты есеңгіреген өзбек боксшысына жаны ашыған төреші бәсекені екінші раундта тоқтатуға мәжбүр болды. Сабырхан жастар арасындағы Әлем кубогінде де қарсылас шақ келтірмей, ең үздік боксшыға тиесілі арнайы сыйлықты иеленді. Қандасымыздың басқа да жарыс­тарда жасындай жарқылдағанын көзіміз көрді.

Жоғарыдағы жайттың барлығын ақыл таразысына салғаннан соң «Төреханды баласынбай, оған да бір мүмкіндік берген жөн шығар» деген ой келді. Несі бар, жас дарынның күш-қуаты бойында, жеңіске деген құштарлығы керемет. Соққысы да – мірдің оғындай. Ең бас­тысы, Сабырхан кімге қарсы шықса да, еш қаймықпай айқасады. Одан артық не керек? Негізі боксшыны жасына қарап емес, қарым-қабілетіне қарап бағалаған дұрыс-ау. Егер де спорт шежіресінің сарғайған беттерін парақтасақ, Төрехан Сабырханның жасында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған сайыпқырандардың аз болмағанын аңғару қиын емес. Бәлкім, сондай бақ біздің жігітке де бұйырар...