Спорт • 29 Наурыз, 2024

Тбилисидегі тарихи жеңіс

88 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Грузияның астанасы Тбилисиде семсерле­суден Әлем кубогінің ке­зең­дік сайысы өтті. Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынған жарыста жер-жаһанның 60-тан аса мемлекетінен келген нояндар шеберлік бай­қасты.

Тбилисидегі тарихи жеңіс

Осы сапар қарсаңында семсерлесуден Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасов: «Қа­зіргі кезде біз Оңтүстік Корея құра­масынан 26 ұпай озып тұрмыз. Яғни Олимпиаданың жолдамасына иелік етуге мүмкіндік зор. Ол үшін шпагашыларымыз Қап тауы бөктерінде барынша нәтижелі өнер көрсетуге тиіс. Сонымен қатар Азиядағы басты қарсыластарымыз алдымызды орап кетпеуі керек. Сонда отандастарымыз Париждегі ойындарға толық құрамда қатысады» деп өз жоспарларымен бөліскен еді.

Майталман маманның айтқаны дөп келді. Аталған жарыста Оңтүстік Кореяның шпагашылары 1/8 финалда Чехия құрамасына есе жіберіп, үздіктер қатарынан көріне алмады. Ал біздің жігіттер қарсы келгендерді қоғадай жапырып, ширек финалда Олимпиада чемпионы деген атағы бар Жапония құрамасына жер сипатып кетті. Жар­тылай финалда Чехияға жол берген жерлестеріміз одан кейін Италияны ұтып, қола медальды қоржынға салды. Сол арқылы Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Олимпия ойындарында толық құрамада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл команданың сапында Елмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов сынды сайыпқырандар өнер көрсетті.

Жарыс аяқталған бетте БАҚ өкіл­деріне сұхбат берген команда сапын­дағы ең тәжірибелі спортшы Елмир Әлімжанов: «Мен үшін бұл – бесінші олимпиадалық цикл. Осыған дейін төрт рет аталған жарыста толық құрамда сайысқа түсуге мүмкіндігіміз болды. Бірақ соңғы сәттерде жолдама уыстан шығып кете берді. Ақыры Тбилисиде көздеген мақсатымызға қол жеткіздік. Енді үш спортшы жекелеген сайыс­та және барлығымыз командалық бәсекеде бақ сынаймыз. Бұл біз үшін тарихи жеңіс болды», деп ағынан жарылды.

Жекелеген сайыста ең үздік нәти­жені Руслан Құрбанов көрсетті. Ол ширек финалға дейін жетті. Сол межеде отандасымыз әлем чемпионатының қола жүлдегері, бельгиялық Нейсер Лойолаға жол берді. Нәтижесінде Құр­банов бесінші орынды қанағат тұтты.